«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ел бойынша төртіншіміз

Бектұрған Лақадыл

 turgan_bek84@mail.ru

2022 жыл – өңіріміздің ауыл шаруашылығы саласы үшін табысты болды. Өріс малға, қамба астыққа толды. Ауыл, орман, балық шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 1117,2 млрд. теңгені құрап, нақты өсім 112,2 пайызға жетті. Өсу қарқыны бойынша облысымыз ел бойынша төртінші орында. Бұл туралы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының облыстық департаменті басшысының орынбасары Марал Нұржауыпова журналистермен болған баспасөз мәслихатында егжей-текжейлі баяндады.

Облыста ауыл шаруашы­лы­ғы дақылдарының егіс алқабы 4361,8 мың гектарды құрады. Дәнді және бұршақты дақылдар­дың алқабы 3042,3 мың гектарды (2021 жылға қарағанда 101,7 пайыз), майлы да­қылдар – 893 мың гектар (99,7 па­йыз), көкөніс­тер – 5,8 мың гектар (102,9 па­йыз), картоп 31,5 мың гек­тарды (102,6 пайыз) құрады.

– Еліміздің азық-түлік қауіп­сіз­дігін қамтамасыз етуге біздің облыс өз үлесін қосып келеді. Қамбаға құйылатын астықтың 20 пайызын біздің өңірдің диқандары өсіреді. Атап айтар болсақ, 2022 жылы дәнді дақылдардың жалпы түсімі бір жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстыр­ғанда 30,7 пайызға өсіп, тазаланған­нан кейінгі салмағы 4477,7 мың тон­наны құрады, оның 79 пайызы – би­дай, 14,4 пайызы – арпа. Облыста егіншілік бойынша ең үлкен үлес Ғабит Мүсірепов атындағы ауданға тиесілі – 16,6 пайыз, одан кейінгі орында Тайынша ауданы – 10,3 пайыз, – деді Марал Ырыскел­діқызы. Департамент басшысы орынбаса­рының сөзінше, өткен жылы ең жо­ғарғы түсім Мамлют, Қызылжар, Жам­был және Есіл ауданында тір­келді, гектарынан 17,3-21,2 центнер­ден өнім алынған.

Облысымыз майлы дақылдар­дың егістік алқабының көлемі бойынша республикада бірінші орынға ие. 2022 жылы түсім гектарынан 8,3 центнерден айналды. Аудандар ара­сынан өнімділік Ақжар ауданын­да – 10,8 пайызға, Мағжан Жұмабаев ау­данында – 11,5 пайызға және Тайын­ша ауданында – 0,6 пайызға төмендегенін айта кеткен жөн. Көкөністердің өнімділігі де төмендеп, 169,5 мың тоннаны құрады, гектарынан орта есеппен 293,4 центнер өнім алынды. Картоп та 15,4 пайызға азайып, 466,7 мың тоннаны құрады.

Облыста егіншілікпен қатар мал шаруашылығы да қатар дамуда. 2022 жылдың 12 айында сүт 2 пайыз артық өнідірілген немесе 647,8 мың тоннаны құрады, жұмыртқа – 705,7 млн. дана. 110,7 мың тонна мал мен құс еті саудаға шығарылды. Қазір құс фабрикаларының жұмысы қарқын алды. Жұмыртқа өндірісінен облы­сымыз республикада үшінші орын­да.

Үстіміздегі жылдың 1 қаңтарын­дағы есеп бойынша, өңірдегі ірі қара мал саны 405,9 мыңға жеткен, қой – 447 мың, жылқы – 154,3 мың, құс 4234,2 мың бас.

Бектұрған ЛАҚАДЫЛ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp