«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БИЗНЕСТЕГІ ӘРІПТЕСТІК

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Солтүстік Қазақстан облыстық кәсіпкерлер палатасының басшылығы Францияның Қазақстан мен Қырғызстан бойынша экономикалық өкілдігінің басшысы Фредерик Фатумен кездесті. Өңірге жұмыс сапарымен келген шетелдік мейман теріскей бизнесмендерімен экономикалық байланысты нығайтуға мүдделі екенін жеткізді.

Кездесу барысында жергілікті бизнесмендердің Франция мемлекетімен ынтымақтастық орнату мәселелері талқыланды. Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Тимур Бекеевтің айтуынша, екі ел арасында сауда-экономикалық байланыс жақсы жолға қойылған.

– Еуропадан Қиыр Шығысқа баратын жүк ағынының 70 пайызы біздің облыс арқылы өтеді. Сондай-ақ Ресей Федерациясының үш өңірімен – Омбы, Қорған, Түмен облыстарымен шектеседі. Бұл транзит тұрғысынан тиімді. Өңірімізде ауыл шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Облыста 4,3 млн. гектар егіс алқабы бар, соның ішінде 3 млн. гектарға дәнді және 1 млн. гектарға майлы дақылдар егіледі, – деп атап өтті Тимур Бекеев.

Өз кезегінде Францияның Қазақстан мен Қырғызстан бойынша экономикалық өкілдігінің басшысы Фредерик Фату екі елдің экономикалық қатынастарына жаңа серпін беруге ниетті екенін, бірлескен жобаларды қаржылай қолдайтындарын атап өтті.

– Біз экономикалық блок бойынша министрлеріміздің жұмыс сапарларын ұйымдастырып, сонымен бірге қазақстандық серіктестер мен француз компанияларының бірлескен жобаларын қолдау үшін қаржы құралдарымыз – гранттар мен несиелер беруге тырысудамыз. Қазақстанда ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын дамыту үшін үлкен әлеует бар деп санаймыз, – деді Фредерик Фату.

Тараптар жергілікті кәсіпкерлерге де, француздарға да тиімді болатын экономиканың салаларын талдауға уағдаласты.

Аманжол НҰРТАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp