Петропавл қаласындағы №4 мектепте орын алған қайғылы оқиға бәрімізді үлкен ойға қалдырды. Мұндай жағдай басқа білім ошақтарында орын алмайды деп ешкім кепілдік бере алмасы анық. Мұның өзі мақалада жазылғандай, көп жыл бойы қордаланған проблемалардың түп-тамырын тереңдей зерделеудің орнына бетін ғана қалқып келгенімізді айғақтап берді. Енді әңгімені сан-саққа жүгіртіп, кінәліні іздегенше, балалардың алаңсыз оқуын қалай қамтамасыз етеміз, неге көңіл бөлуіміз керек деген мәселе төңірегінде көп болып ақылдасып, шешімдерін жұртшылық болып жұмыла ойласқан жөн.
Жасыратыны жоқ, сыннан сабақ алмау қанымызға сіңіп кеткен әдет пе дерсің. Бүгін ұсыныс айтсаң, басын изеп, қоштап, ертеңіне есінен шығарып, баланың барлық тәрбиесін мұғалімге ысырып тастайтын ата-аналар аз емес. Балаларды тым еркінсітіп, бетінен қақпай өсірудің ақыры небір жағымсыз жайттарға соқтырып жатуының бір себебін ұлының ержеткеніне, қызының бойжеткеніне ден қоймайтын отағасы мен отанасының от басы, ошақ қасындағы салғырттығы мен немқұрайдылығынан іздеген ләзім. Бірде ата-аналар арасында жүргізген анонимдік сауалнама жауаптарының мені әрі таңғалдырғаны, әрі шошындырғаны бар. “Балаңыздың қандай қарым-қабілетін бағалайсыз?”, “Кемшін қасиеттерін білесіз бе?”, секілді сұрақтарға ата-аналардың біразы “қайдан білейін” деген сияқты екұшты жауаптармен шектелген. Осыдан-ақ кейбір әке мен шешенің балаларының тәрбиесін айтпағанда, ішкі жан дүниесіне үңіле бермейтінін, сырттай ғана “қызықтайтынын” аңғарамыз.
Қазақ баланы адамның бауыр етіне текке теңемеген. Бұған “ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің” деген ғибратты қоссақ, бабаларымыздың бесік жырымен әлдилеп, алақанға салып өсірген жас өскін тәрбиесіне үлкен жауаптылықпен қарағанын, буыны қатып, қабырғасы қатайғанша, көзден таса қалдырмағанын байқауға болады. Қазіргі күні түкке тұрмайтын нәрселерді сылтау етіп, озық дәстүрлерімізден көз жазып қалдық. Адамгершілік, бауырмалдық, қайырымдылық қасиеттердің дәнін себуші, бойға дарытушы – алдымен ұлын ұяға, қызын қияға қондыруды арман ететін әке-шеше екені даусыз. Олардан “ой, жұмысбастымыз, шаруадан қол тимейді, балаға қарауға уақыт жоқ” деген сөздерді жиі естиміз. Ұл-қызының үйдегі қылығын білмесе, түздегі іс-әрекетінен бейхабар болса, бұзық баланың теріс қылығын кімге артарсың? Бұл орайда, жасөспірімнің нені білгісі келетіні, кімге еліктейтіні өте маңызды. Хакім Абай жетінші қара сөзінде үлкен пәлсапалық ой түйеді емес пе? Данышпан айтқандай, ішу, жеу, ұйықтау – тән құмарлығы болса, жан құмарлығы – білу, көру, үйрену. Соңғысына жетелейтін, яғни жылылық, сүйіспеншілік қарым-қатынастарды дарытатын да, одан әрі қалыптастыратын да, жан-жақты тәрбие алуына ықпал жасайтын да – алғашқы ұстазы, тәлімгері іспеттес ата-анасы. Ұл-қызына сүйеніш, тірек бола білмесе, “бүйректен сирақ шығарып” жатқаннан кейін өкін бармақ тісте, бәрі кеш.
Әлия ҚАЛҚЕНҚЫЗЫ,
психолог.