Мысыр елінде грек-рим күресінен Ибраһим Мұстафа атындағы рейтингтік халықаралық турнир өтті. Жарыста солтүстікқазақстандық балуан Аманғали Бекболатов топ жарды.
Боз кілемде ел намысын қорғаған спортшылар екі алтын, екі күміс және үш қола медальға қол жеткізді. Жерлесіміз Аманғали Бекболатов 55 килограмм салмақта өнер көрсетіп, алтыннан алқа тағынды.
– Менің салмағымда Қазақстаннан үш балуан болдық. Қарсыластарымның қатарында Үндістан, Грузия, Мысыр, Қырғызстан және Румыния елдерінен келген спортшылар да мықты еді. Қуанышымызға орай, барлық медальдар бізге бұйырды, – дейді Аманғали Бекболатов.
Турнирде солтүстікқазақстандық балуан үш белдесу өткізді. Бірінші айналымда Аманғали қырғызстандық спортшыны 8:0 есебімен ұтса, жартылай финалда румыниялықты 9:0-мен қапы қалдырды. Ақтық сында отандасы Марлан Мұқашевпен белдесіп, оны да айқын басымдықпен ұтты. 72 килограмм салмақта күрескен тағы бір жерлесіміз Данияр Кәленов қола медаль иегері атанғанын айта кеткен жөн.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.