Қасиетті Қызылжар өңірінде дүниеге келіп, қазақ әдебиетінің дамуына зор үлес қосқан ақындардың қатарында Шал ақынның есімі ерекше аталады. Шал ақын (шын есімі Тілеуке) – XVIII ғасырдағы әдебиетіміздің ірі өкілдерінің бірі. Биыл туғанына 275 жыл толатын тұлғаның шығармашылығын жастар арасында кеңінен насихаттау мақсатында Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасында “Миллион кімге бұйырады?” деген атаумен зияткерлік ойын ұйымдастырылды. Бұл шарада Абай атындағы қазақ мектеп-гимназиясы мен Ж.Тәшенев атындағы №20 орта мектептің оқушылары екі топқа бөлініп, өзара сайысты.
Шал ақын – Абылай ханның замандасы. Ал оның анасы – үйсін тайпасынан шыққан атақты Төле бидiң қызы. Оның кiшкентайынан үлкендерше сөйлеуiне, төрде отырып, төрелiк айтқанына қарап жұрт Шал атап кетедi. Зерттеушiлердiң айтуы бойынша, Шал ақынның тұңғыш өлеңi – “Өлеңге тоқтамайды Шал дегенiң”. Шал ақын өлеңдерінде өзгеше әуез, жазба поэзияның құнарлы өрнектері жиі кездеседі. Өлеңдерінің әр қатары терең ойға, ғибратты мәнге құрылады. Ақынның сөз саптауы да, өлең ырғағы да өзіне дейінгі қазақ ақындарына ұқсай бермейді. Ауыз әдебиетін қанып ішкен оның жырлаған тақырыбы мен дүниені тану шеңбері кең. Аумалы-төкпелі кезеңдерде ұлт руханиятын күзетіп, шөлдеген рухқа бал татырған жігерлі де жарқын жыр иесінің біршама мұрасын кезінде Мұхтар Мағауин арнайы зерттеп, халық арасынан жинап хатқа түсірген.
Зияткерлік ойын барысында осы және өзге мәліметтер кеңінен қамтылды. Топ басшылары үлкен экран арқылы көрсетілген сауалдарға жауап беріп, ұпай жинап отырды. Олар сұрақтардың қиындығына байланысты “Мұғалімге қоңырау шалу”, “елу де елу”, “Залдың қолдауы” сынды үш көмекті ала алды. Шал ақынның өлеңдерінің жалғасын мүдірмей тапқан, оның өміріне терең бойлай білген Ж.Тәшенев атындағы №20 мектептің оқушысы Назар Нұранов бас бәйгеге ие болды. Оған бағалы сыйлық табыс етілді.
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.