Петропавлға Қорғаныс министрлігінен ақпараттық-насихат тобы келіп, “Жаңа Қазақстанның тірегі – айбынды жастар” патриоттық акциясын өткізді. Бұл шара Қарулы Күштердің және әскери қызметтің беделін арттыруды, жастарды Отан алдындағы борышын өтеуге шақыруды, сондай-ақ, әскери-патриоттық тәрбие беруді көздейді.
Іс-шара барысында Петропавлдағы №4 мектепте бірнеше баланы жарақаттаған 9 сынып оқушысының қолындағы балта-пышағын тартып алған екі жасөспірім Нұрислам Сандыбай мен Алдияр Нұртаев марапатқа ие болды. Оларға Қорғаныс министрлігінің Алғыс хаты берілді.
“Біз кабинеттің қасында балалармен әңгімелесіп тұрған едік. Бір кезде қасымыздан 10-сынып оқушысы жүгіріп өтті. Оның соңына бетін тұмшалап алған бала еріп, бір кезде кілт тоқтады. Бұрылып, қасында тұрған қызды ұра бастады. Біз ең алдымен мұны әзіл шығар деп ойладық. Қыз еденге отыра қалып жылаған соң оған көмек керек екенін бірден түсініп, қол жұмсаған балаға қарай жүгіріп, арт жағынан ұстай алдым. Мен ұстап тұрғанда көмекке Алдияр келіп, оның қолынан балтаны жұлып алды”, – дейді Нұрислам Сандыбай.
Нұрислам – 9 б-сынып оқушысы. Мектеп бітірісімен машина жасау ісінің инженері мамандығын таңдамақ. 4 жыл каратэмен, 2 жыл дзюдомен, волейболмен айналысқан Нұрислам әскерге барып, азаматтық борышын өтеуге де қарсы емес.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.