Ол ауылда өсті. Сонда назарына іліккен бір жай: басы ауырып, балтыры сыздағандардың бәрі дәрігерлік пунктті бетке алушы еді. Және бір байқағаны ақ халатты жанның алдына қабағы түсіп, аһылап-үһілеп жететіндер сәлден соң сырқатынан құлан-таза айығып кеткендей жадырап шығатын. Нақ осы кезде оның жас жүрегі лүпілдеп, қатты қуанатын. Кейде, осындай көңіл күй кешкенде әлгі адамдардың ізімен дәрігердің алдына өзінің де қалай барып қалғанын аңғармаушы еді.
– Кел, кел Мәншүк, бір жерің ауырды ма? – дейтін дәрігер бәйек болып.
– Жоқ, мектепке бара жатыр едім… деп сөзінің ар жағын жұтып қойған ол ұмытқаны есіне түскендей, жүгіре жөнелетін. Бірақ көпке дейін дәрігерлік пункттің ішкі көрінісі оның көз алдынан кете қоймайтын. “Қандай ғажайып әлем?! Бәрі – аппақ, тап-таза. Үстіндегі киімі де тал бойына жарасып тұр. Жүзі қандай жылы?! Жанарынан төгіліп тұрған мейірім-шуақты айтсайшы… Ол осылай дәрігердің алдына келген ауылдастарының тез “сауығып” кету себебін түсінгендей болатын. Мен де тәтей сияқты дәрігер болсам ғой!” деп армандайтын. Орта мектепті тамамдаған жылы Қарағанды медицина институтының табалдырығынан аттатқан жылдар бойы жүрегіне ұялаған сол арман еді. Есіл ауданындағы Өндіріс ауылының тумасы, бүгінде өңір тұрғындарына қолы жеңіл тіс дәрігері ретінде танылған білікті маман Мәншүк Сұрағанқызы Шудабаева медицина саласына осылай қадам басты.
– Мен көпбалалы отбасында тәрбиеленіп, өстім, үйдегі сегіз баланың бесеуі қыз еді, солардың үшеуі өсе келе дәрігерлік жолды таңдады. Мен де солардың жолын қудым. Ол кезде мектепті үздік аяқтағандар көбінесе емдеу ісіне баратын. Ал тіс дәрігері аса бір кісі қызығатын мамандық саналмайтын. Не дегенмен, бұл таңдауыма еш өкінген емеспін. Мамандығым өзіме ұнайды. Алдымнан өткен пациенттерді кездестіріп қалсам, алғыстарын жаудырып жатады, – дейді ол.
1987 жылы оқуын тамамдаған Мәншүк Сұрағанқызы шалғайдағы Тимирязев ауданында 15 жыл табаны тапжылмай қызмет істесе, облыс орталығындағы Қазақстан Конституциясы көшесіндегі стоматологияда ауысқанына да 20 жыл болып қалыпты. Бүгінде тіс емдеумен айналысып келе жатқанына 35 жылдан асқан стоматолог Мәншүк Шудабаеваға теріскей жұртшылығы тек ризашылықтарын білдіреді. Білікті тіс дәрігерінің ұлы да анасының жолын қуып, стоматолог мамандығын таңдаған.
– Қызым – экономист. Астанада қызмет етеді. Ал, ұлым Олжастың стоматолог болып жұмыс істегеніне 8 жылдан асты. Білікті маман имплант салудың жаңа әдіс-тәсілін жете меңгерген. Бала күнінен үйде естіп-көргені 32 тістің әңгімесі болса қалай дәрігер болмасын? Бір қызығы, ол осы мамандыққа жастайынан өзі қызығушылық танытатын. Сондықтан әңгімеміздің басым бөлігі емшілік тақырыбы төңірегінде өрбитін еді, – дейді Мәншүк Сұрағанқызы.
Тіс ауруларын емдеудің қыр-сырын жетік меңгерген Мәншүк Шудабаева стоматолог маманның бойында жауапкершілік, мұқияттылық, байсалдылық, шыдамдылық пен еңбексүйгіштік сияқты қасиеттер болуы тиіс дейді. Стоматолог мамандығы – әлем бойынша мәртебелі мамандықтардың алдыңғы қатарына кіреді. Бұл сала Қазақстанда жақсы дамып келеді. Елімізде соңғы үлгідегі техникамен жабдықталған клиникалар күн санап көбейіп жатыр. Жас мамандарға стоматолог болып жұмысқа тұру қиын емес. Тек өзіне сенімді және жаңашылдықты тез игеруге құштарлығы болғаны жөн.
– Әр саланың өз ерекшелігі болады. Дәрігер болу дегеніміз – пациенттерге сапалы кәсіби көмек көрсету үшін үздіксіз оқу және біліктілікті арттыру, өздігінен білім алу, инновациялық технологиялар трендінде болу. Өз басым әлі күнге мамандығыма ғашықпын. Күнде жаңа дүниені үйренесің, білім-тәжірибе жинақтайсың. Жұмыс барысында түрлі қызықты оқиғалар болып жатады. Мамандар күнделікті бір-бірімізбен тәжірибе алмасамыз. Жалпы дәрігер – өмір бойы ізденетін мамандық. Қазір бәсекелестік көп, үнемі өзіңді жетілдіріп, қазіргі заманғы технологиямен жұмыс істей білуді үйрену қажет. Осы ретте түрлі семинар-вебинарларға қатысамыз, клиникаларда шеберлік сағаттары өткізіледі. Әр мамандықтың өз қиындығы болады. Алдымызға келетін әр пациенттің өз мінезі бар, сондықтан стоматолог мықты психолог та болуы тиіс. Адамды өзіңе жақын тарта білсең, кез келген жанмен ортақ тіл табысуға болады. Осылайша арада сенім пайда болса, пациентте еш қорқыныш, емдеу барысында артық мәселе де туындамайды, – дейді стоматолог.
Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары тіс ауруы да жасарып кетті ғой, әңгіме барысында осы мәселеге де тоқтала кетуін сұраған едім.
– Ауыз қуысын күніне екі рет тазалап тұру керек. Жарты жылда бір рет тіс дәрігеріне қаралып тұру қажет, тісіңіз сау болса да, профилактика артық етпейді. Одан кейін жаңғақты тіспен шағу, бөтелкені тіспен ашу дегеннен мейлінше аулақ болған жөн. Суық пен жылының да тепе-теңдігін сақтаған жөн. Тісім ауырмаса, стоматологқа бармауға болады дейтіндерге айтарым, ауыз қуысындағы тістің бұзылуы процесі бастапқыда ешқандай белгі бермеуі де мүмкін. Бастапқы кезде тісті емдеу оңай әрі арзан. Бұрынғы заманнан қалған стереотиптік миф бар, тіс дәрігеріне бару қатты ауырсыну дегенді білдіреді деген. Қазір заманауи технологиялар мен мүмкіндіктердің арқасында тісті емдеу ауырмайтындай етіп жүзеге асырылады. Уақытылы күтім жасау дағдыға айналғанда ғана табиғи тісті сақтап қалуға болады, – дейді маман.
Рабиға ЕРАЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.