8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні “Жастар” сарайының іші ерекше жайнап кетті. Облыс әкімі Айдарбек Сапаров түрлі салада талмай қызмет етіп жүрген қыз-келіншектерді көктемнің шуақты мерекесімен құттықтады. Бүгінде мемлекет тарапынан отбасындағы бақыт пен берекенің бастауы, мейірімділік пен парасаттың мәйегі болып отырған әйелдерге жан-жақты қолдау көрсетіліп, ана мен баланың денсаулығын жақсартуға айтарлықтай көңіл бөлінуде.
– Сіздердің әр жасаған қадамдарыңызға оң бағыт, еңбекте зор табыс тілеймін, көктем мейрамы сіздерге бақыт пен қуаныш әкелсін! Мерейлеріңіз әрқашан үстем, жүздеріңіз жарқын болсын! Отбасыларыңызға береке мен молшылық қатар келсін! Бүгінде еліміз бен облысымыздың дамуына зор үлес қосып жүрген қыз-келіншектер қаншама?! Әсіресе оқу-ағарту және денсаулық сақтау саласына жан кіргізіп, жұмысын жеңілдетіп, алға сүйреп жүргендердің көбі нәзікжандар, – деген өңір басшысы Айдарбек Сейпілұлы әр саладағы үздіктердің есімдерін атады. Білім саласындағы үздіктердің бірі – педагог-зерттеуші, Кеңес орта мектебінің қазақ тілі пәнінің мұғалімі, “Үздік педагог – 2021” республикалық байқауының жеңімпазы Назира Сыздықова. Ол 32 жыл ұстаздық ғұмырында бала тәрбиелеп қана қоймай, ана тілімізді оқытудың тиімді әдісін көрсетіп, әдебиетке арналған авторлық бағдарлама жасаған. Шәкірттері республикалық жарыстарда жүлдегер атанды.
Ал Наталья Клебан болса денсаулық сақтау жүйесінің дамуы үшін маңдай терін төге еңбек етіп келеді. Қазір перинаталдық орталықтың бөлімше меңгерушісі. Бұл салаға аяқ басқалы 20 жылдан асыпты. Осы уақыттың ішінде акушер ретінде 13 мыңнан аса сәбидің аман-есен өмір есігін ашуына жәрдемдескенін айта кеткен жөн. Өз жұмысында жаңа әдістерді қолданып, акушерлік операциялардың барлық түрлерін меңгерген ақ халатты әбзал жанға алғыс айтушылар көп.
Алты баланы өмірге әкеліп, тәрбиелегені үшін Назгүл Калина, Галина Кузембаева, Гүлзира Нұрғалиева және Сәуле Сәдібековаға “Күміс алқа” табысталды. Салтанатты жиында ұстаз әрі атбегі Асыл Ахметова, дзюдошы Назгүл Маратова, такси жүргізуші Айымгүл Қазбекова, ауылдық клуб меңгерушісі Өнергүл Мұсалім және басқа бір топ қыз-келіншек облыс әкімінің қолынан Құрмет грамотасы мен Алғыс хат алды.
Құттықтаулардан кейін залға жиналғандар жергілікті өнерпаздар қойған мерекелік концертті тамашалады.
Бектұрған ЛАҚАДЫЛ,
“Soltüstık Qazaqstan”.