«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ұлтын сүйген ұлы жүрек

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Алаштың ардақтысы, ақын Мағжан Жұмабаевтың туғанына 130 жыл толуына орай Солтүстік Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінде “Ұлтын сүйген ұлы жүрек – Мағжан” көрмесі салтанатты түрде ашылды.

Мағжан ақынның шығармашы­лығы сан алуан және көпқырлы. Ол орыс, араб, парсы, сонымен қатар ежелгі түркі тілдерін еркін меңгер­ген. Ақын Уфадағы “Ғалия” медре­сесін тамамдап, Омбы мұғалімдер семинариясын алтын медальмен, Мәскеудегі Жоғарғы әдебиет-көр­кемөнер институтын бітірді.

Көрме сөрелеріне ақынның отба­сылық альбомынан суреттер, Жұ­ма­баев әулетінің шежіресі, өмірі мен шығармашылығын сипаттайтын құ­жаттар мен куәліктердің көшірмеле­рі, жеке заттары қойылды, олардың қата­рында Мағжанның келіні – Бибі­зайыпқа сыйлаған кесесін, жайна­ма­зын, 1923 жылы Шыққан “Избран­ное” кітабын ерекше атап өтуге бо­лады. Жиналғандар назарына Жұма­баевтар әулетінің күнделікті тұр­мыста пайдаланған ыдыс-аяқтары, қытай фарфорынан жасалынған та­бағы көрсетілді. Алаштың ардақты ұлының әр жылдары шыққан кітаптары, ол жайлы жазылған мақала­лар, “Мағжан” журналы және “Мағ­жан оқулары” байқауының суреттері келушілерді қызықтыра түсті.

Солтүстік Қазақстан облыстық музей бірлестігінің директоры Гүл­нар Мұқышева шараның мақсатына кеңінен тоқталды. Ақынның ағасы – Әбәмүслімнің немересі Марат Мүслі­мов Жұмабаевтар әулетінің өмір өткелдерінен ақпарат беріп, көрмені ұйымдастырушыларға алғысын біл­дірді.

Содан кейін сөз алған М.Жұма­баев атындағы жоғарғы колледж ди­ректорының орынбасары Әсем Мар­ланқызы, М.Қозыбаев атындағы Сол­түстік Қазақстан университетінің профессоры Жанар Таласбаева, М.Жұ­­мабаев музейінің директоры Айгүл Жүніспаева ақынның шығар­машылығы мен артында қалған құнды мұралары туралы айтты.

Қазақстан Жазушылар одағы­ның мүшелері Аманжол Зағыпар мен Күлайхан Рахмет, Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектептің мұғалімі Сара Қалиақбарқызы өзде­рінің Мағжан Жұмабаевқа арнаған өлеңдерін нақышына келтіріп оқып берді. Ақан сері атындағы облыстық филармонияның әншісі Біржан Ес­жанов орындаған “Япыр-ай”, Ғалымжан Нұрпейісов шырқаған “Жұл­дызды жүзік” әндерін жұртшылық жылы қабылдады.

Самрат ҚҰСКЕНОВ,

облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp