Өңірде былтыр улы химикаттар қоймаларына 11 тексеру жүргізіліп, тиісті талапты бұзғандарға жалпы сомасы 2 млн. теңгеге жуық айыппұл салынды. Бұл туралы облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметі мәлім етті.
Санитар дәрігерлердің айтуынша, былтыр пестицидтер мен минералды тыңайтқыштарды уақытша сақтауға арналған 38 қойма мемлекеттік санитарлық қадағалау органдарының бақылауында болды. Адамдардың улануына жол бермеу мақсатында улы химикаттар қоймаларына тексеру жүргізілді.
“Бұдан басқа 4 нұсқама дайындалды, оның 3-і мерзімінде орындалды. Ұйғарымды орындамағаны үшін бір жауапкершілігі шектеулі серіктестікке айыппұл салынды, сот шешімімен заңды тұлға 200 айлық есептік көрсеткіш, яғни 612 мың теңге мөлшерінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды”, – дейді департаменттің өнеркәсіптік, радиациялық қауіпті нысандарды бақылау және қадағалау бөлімінің бас маманы Галина Стацюк.
Маманның айтуынша, улы химикаттар қолданылуына қарай бірнеше түрге бөлінеді. Мәселен, гербицидтер зиянды өсімдіктерді жоюға арналған, инсектицидтердің көмегімен адам тіршілігіне қауіпті жәндіктерді құртуға болады, фунгицидтер саңырауқұлақ инфекцияларымен күреседі, зооцидтер кеміргіштерді жояды, афицидтер бітелерге қарсы қолданылады.
“Облыста былтыр ел аумағында рұқсат етілген 300-ден астам атаудағы улы химикаттар қолданылды. Көктемгі дала жұмыстарының басталуына аз уақыт қалды. Маусымдық өңдеу жүргізу кезінде улануды болдырмау үшін санитарлық-гигиеналық нормаларды, қауіпсіздік ережелерін сақтаған жөн. Улы химикаттар пайдаланылатын жұмыстарға 18 жасқа толған, медициналық тексеруден өткен және рұқсат берілген адамдар жіберіледі. Емізетін және жүкті әйелдерді, жасөспірімдерді және жазылмайтын жаралары бар адамдарды жұмысқа тартуға тыйым салынады”, – дейді Галина Стацюк.
Шаруашылық басшылары жұмыс істейтіндердің барлығын арнайы киіммен, аяқ киіммен, қолғаппен, респиратормен, қорғаныш көзілдірікпен қамтамасыз етуі тиіс. Әр қызметкерге жеке қорғаныс құралдарының жиынтығы беріледі, оларды қайта-қайта залалсыздандырып отыру керек, әйтпесе қолдың, беттің, дененің, көздің шырышты қабығының және тыныс алу жолдары ластануы мүмкін.
Мамандар жұмыс орнында алғашқы көмек көрсету үшін улы химикаттармен уланған жағдайларда қажетті көмек көрсету құралдарының жиынтығы бар дәрі қобдишасы болуы қажеттігін жеткізді. Улы химикаттармен бірге адамдарды, сондай-ақ тамақ және жем өнімдерін тасымалдауға үзілді-кесілді тыйым салынады. Күнделікті өмірде улы химикаттарды қатаң түрде нұсқауларға сәйкес қолдану керек, белгілі бір ережелерді сақтай отырып, балалар мен үй жануарларының қолы жетпейтін жерлерде сақтау маңызды.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.