Ресей Федерациясының Кемерово қаласында өткен қысқы спорт түрлерінен ІІ “Азия балалары” ойындары өз мәресіне жетті. Аталған жарыста еліміздің намысын қорғаған петропавлдық конькиші Варвара Глухова алтыннан алқа тағынды.
Варвара Глухова конькимен жүгіру спортымен 10 жылдан бері айналысып келеді. Бұған дейін де түрлі жарыстарда облыстың намысын қорғаған бойжеткен спорт шеберіне үміткерлердің қатарында. Кемеровода өткен Азия чемпионатына ол 4 айға жуық дайындалыпты. Жаттығудың басым бөлігі Астана қаласында өткен. Дүбірлі додада Варвара 3 мың метрлік қашықтықты 4 минут 58 секундта жүгіріп өтіп, жеңімпаз атанды.
– Жалпы, Қазақстаннан жарысқа 10 спортшы бардық. Алғашында топтық жүгіру болды. Ол жерде тек бесінші орыннан көріндік. Сол кезде аздап көңіл күйім түскені рас. Алайда жеке жүгіруге келгенде жақсы нәтиже көрсетіп, алтынды жеңіп алдым. Қуанышымда шек болмады. Жаттықтырушымды құшақтап, жылап жібердім. Кейін анама хабарласып қуанышыммен бөлістім, – дейді Варвара Глухова.
Жалпы, байрақты бәсекеде елімізден бөлек Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, Армения сынды мемлекеттерден 14-15 жас аралығындағы жас спортшылар бақ сынады. Варвара Глухованың жаттықтырушысы Ольга Ихтендристің сөзінше, қарсыластар жақсы дайындықпен келген.
– Варвараны жаттықтырып жүргеніме 3-4 жыл болды. Әрине, конькимен жүгіруді таңдаған баланың денесі шымыр, іс-қимылы шапшаң болуы тиіс. Дегенмен ең алдымен конькидің өзін мұзда сырғаната білу қажет. Бұл әдісті Варвара өте жақсы меңгерген. Оның болашақта бағындырар асулары көп боларына сенемін, – дейді жаттықтырушы Ольга Ихтендрис.
Конькимен жүгіруден бақ сынаған 14 жастағы жерлесіміздің бұл алғашқы халықаралық додасы. Ол 2024-ші жылы Корея елінде өтетін жастар олимпиадасы ойындарына қатысады.
Әділет БАҒЛАНҰЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.