Ақан сері атындағы облыстық филармонияда Көрісу күніне орай іс-шара өтті. “Мәңгілік” би ансамблі және Ольга мен Михаил Лахтиндердің хореографиялық мектеп-студиясының оқушылары жиналғандар назарына концерттік бағдарлама ұсынды.
Концертке филармонияның солистері мен Сегіз сері атындағы халық аспаптар оркестрі, “Қызыл жар” халық музыкалық ансамблі, Динара және Асхат Таушевтар, Айғаным Махамбетова, “MELOMIX” тобы қатысып, ән мен күйден шашу шашты. Әншілердің орындауындағы “Наурыз думан”, “Ару, әйел, ана”, “Ақ баян”, “Мерекем сен”, “Песня про рушник” туындылары өнерсүйер қауымның көңілінен шықты.
– Біз бұл мерекеге екі ай бойы дайындалдық. 80-ге жуық өнерпаз атсалысты. Жаңа би, әндерді сахнаға шығардық. Өнерпаздарға арнайы костюмдер тігілді. Осы бағдарламамен наурыздың 23-күні Астана қаласына барып Еркеғали Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармониясының сахнасында өнер көрсететін боламыз, – дейді филармония директоры Ботагөз Ақмағамбетова.
Концерттік бағдарламада қазақ, орыс, украин, беларус, армян, молдаван, өзбек, қырғыз және сыған халықтарының бірегей хореографиялық композициялары орындалды. Олардың қатарында “Батырлар ізімен”, “Қамажай”, “Жалғыз аққу”, “Қара жорға”, “Барыня”, “Сибирский сувенир”, “Бульба”, “Косил Ясь”, “Ползунец”, “Стремошаска”, “Шалахо”, “Уч патир”, “Шодъёна”, “Веселая полька”, “Чайкама”, “Амэ рома” билері көрерменге ерекше әсер сыйлады.
Айнұр АЗБЕК,
М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың студенті.