Мырзатай Серғалиұлы ғұмырының жарты ғасырын білім мен ғылымға арнады. 600-ден астам ғылыми еңбегі, соның ішінде 10 монографиясы, 6 оқулығы – тілтану мен әдебиеттануға қосылған зор үлес. Ол ұлттық тіл, ұлттық салт-сана, ұлттық құндылық, ұлттық мәдениет, ұлттық руханият сияқты мәселелерге де қалам тербеді. Ширек ғасыр екі ұлттық университеттің – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қазақ филологиясы кафедрасын және Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің тіл білімі кафедрасын басқарды. Аталмыш университеттерде құрылған диссертациялық кеңестерді 20 жылдай басқарды.
Ол республикалық лингвистикалық комиссиясының мүшесі ретінде ел Президенттігіне үміткерлердің мемлекеттік тілді меңгеру дәрежесін анықтады. Үкімет жанындағы мемлекеттік терминология комиссиясының, Астанадағы ономастикалық комиссияның мүшесі болды.
Ұлттық ғылым академиясының академигі Д.Қамзабекұлына берген сұхбатында ғалым: “Қалай дегенде де, қазіргі қазақ лингвистикасының биікке көтерілгеніне күмән болмаса керек. Қазіргі қазақ тілі мамандарының көшбасшылары санатындағы академиктер Ә.Қайдардың, Р.Сыздықтың, Ш.Сарыбаевтың тілшілерге ғана емес, жалпы мәдени қауымға белгілі зерттеулерін тізбелеп атауды артық деп отырмын. Сөйтіп, кезінде А.Байтұрсынұлы негізін қалаған, одан кейін Қ.Жұбанов ілгері дамытқан, одан беріде І.Кеңесбаев, М.Балақаев, Ғ.Мұсабаев сияқты алыптар бастаған оқымыстылар одаққа, шетелге танытқан қазақ тілі туралы ғылым сара жолға түсіп, сенімді бағытпен алға басып келеді”, – деген келелі ой айтады.
Ғалым өз мамандығына адалдығын, еңбек етуге деген сүйіспеншілігін, асқақ арманын былайша тарқатады: “Қалай бағалауды басқалардың ар-ожданына салып, айтарым: жарты ғасырдай өмірімді ана тіліме арнағаныма өзімді бақытты санаймын. Халқымның Абай “өнер алды” деп санаған қасиетті де киелі тілі туралы әңгімесі таусылмаса керек. Ең алдымен, қандастарымыздың бәрінің де, қайда жүрсе де, ана тілін еркін игеруін қалар едім. Өзге тілде сөйлеушілердің де біздің тілді біліп, қазақша жазылған кез келген шығармаларды оқитын дәрежеге жетуін армандаймын. Солай болғандықтан, екіншіден, мамандығына қарамастан, барша халық өкілінің тіл мәселелеріне қатысты ортаға ой тастауын қалаймын. Сонда тілдің теориясын дамытып, өркендетуге кең жол ашылады. Ол үшін қандастарымыздың ұлттық намысы, отандастарымыздың шынайы сыйластығы керек”, – деген екен.
Ұстаздың ұстаздығы шәкірт арқылы танылады. Ұстаз бар болмысымен шәкіртін баурап, оны ғылым-білімнің шыңына ғана емес, ең бірінші, ең әуелі – адамшылықтың шыңына қарай жетелейді. Ол барлық жағынан шәкіртіне ұстаз бола білуі шарт. Ғалымдардың айтуынша, шәкірт ұстазынан ғылым-білім жағынан озғанменен, этикалық (адамгершілік, мораль) жағынан ешқашан озбақ емес: бұл тұрғыда ұстаз шәкіртке мәңгілікке ұстаз болып қала береді.
Ұстазға артылар міндеттің, жауапкершіліктің жүгі ауыр. Ұстазымыз Мырзатай Серғалиев өзінде ғана бар қат, таңдаулы ілімді осы ілімді ұстап тұра алатын, алып жүре алатын, ары қарай шыңдайтын, дамытатын адамға беріп кетті деуге толық негіз бар. Қаншама ғылым кандидаттары білім мен бағыт-бағдар алып, бүгінгі таңда ғылым әлемінде тілге, әдебиетке қатысты еңбектер жазып жүр. Қаншама шәкіртін ғылым-білімнің шыңына ғана емес, ең бірінші, ең әуелі адамшылықтың шыңына қарай жетелей білді. Еліне жасаған қызметі мен төккен тері осылайша ақталды.
Мен 2006 жылдың 1 қарашасында “М.Жұмабаев шығармаларындағы фразеологизмдер: дәстүр мен жаңашылдық” тақырыбында кандидаттық диссертация қорғадым. Мырзатай Серғалиев мені де ғылымның шыңына жетеледі. Ұлы Абайдың “Ғылым таппай мақтанба” деген сөзінің санама нық орнығуына зор ықпал етті. 10 жыл бойы М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде (аталмыш оқу орнының түлегімін) қазақ тілі кафедрасында қызмет еттім. Ең бақытты сәттерім осы оқу орнында өтті. Ғылыммен айналысу мен білім беру өмірімнің мәніне айналды. Мол тәжірибеге ие болғаннан кейін Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан академиясына шақырылдым. Бұл жерде қызмет еткеніме 10 жылдан артық уақыт өтті. Әскери ұстаз ретінде ұлтымыздың ұландарына білім беріп келе жатырмын.
2022 жылы тамызда қауымдастырылған профессор ғылыми атағына ие болдым. Білім мен ғылымға, әскери салаға қатысты өзекті мәселелерді атағы мен абыройы биік, мәртебесі мен жұлдызы жоғары генералдармен иық тіресе отырып шешуге қатысқанымның өзі мен үшін абырой деп түсінемін. Осы бақыт пен несібеге кенелткен қадірлі ұстазыма алғысым шексіз. Мырзатай ағаның шаңырағын ұстап отырған Зәуреш апамыз балалары мен немерелерінің қызығын көрсе екен деп тілеймін.
Білім мен ғылым жолындағы игі ісін өнер деп білген, өмір жолын еңбек жолы деп сүйген, тәуекел қайығына қаймықпай мінген, қатарынан озып, биік шыңға қол созған ғалым Мырзатай Серғалиұлы жадымызда мәңгі сақталады. Ғалым ағамыздың үкілі үмітін ақтап, ғылым әлемінде әлі де жүзгім келеді.
Ақмарал СӘРКЕНҚЫЗЫ,
Ұлттық ұлан академиясы тілдік дайындық кафедрасының бастығы, филология ғылымдарының кандидаты.