«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Мәңгілік ұстазым

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мырзатай Серғалиұлы ғұмыры­ның жарты ғасырын білім мен ғы­лым­ға арнады. 600-ден астам ғылы­ми еңбегі, соның ішінде 10 моногра­фиясы, 6 оқулығы – тілтану мен әде­биеттануға қосыл­ған зор үлес. Ол ұлттық тіл, ұлттық салт-сана, ұлттық құндылық, ұлттық мәдениет, ұлттық руханият сияқты мәселелерге де қа­лам тербеді. Ши­рек ғасыр екі ұлттық универ­ситеттің – әл-Фараби атында­ғы Қазақ ұлттық университе­тінің қа­зақ филологиясы кафедра­сын және Л.Гумилев атын­дағы Еура­зия ұлттық университе­ті­нің тіл білімі кафедра­сын басқарды. Аталмыш универси­тет­терде құрыл­ған диссер­та­циялық кеңестерді 20 жылдай басқарды.

Ол республикалық лингвис­тика­лық комиссиясының мүшесі ретінде ел Президенттігіне үміткерлердің мемлекеттік тілді меңгеру дәрежесін анықтады. Үкімет жанындағы мемле­кеттік терминология комиссиясы­ның, Астанадағы ономастикалық ко­миссияның мүшесі болды.

Ұлттық ғылым академиясының академигі Д.Қамзабекұлына берген сұхбатында ғалым: “Қалай дегенде де, қазіргі қазақ лингвистикасының биікке көтерілгеніне күмән болмаса керек. Қазіргі қазақ тілі маманда­рының көшбасшылары санатындағы академиктер Ә.Қайдардың, Р.Сыз­дықтың, Ш.Сарыбаевтың тілшілерге ғана емес, жалпы мәдени қауымға белгілі зерттеулерін тізбелеп атауды артық деп отырмын. Сөйтіп, кезінде А.Байтұрсынұлы негізін қалаған, одан кейін Қ.Жұбанов ілгері дамыт­қан, одан беріде І.Кеңесбаев, М.Ба­ла­қаев, Ғ.Мұсабаев сияқты алыптар бастаған оқымыстылар одақ­қа, шетелге танытқан қазақ тілі туралы ғылым сара жолға түсіп, се­німді бағытпен алға басып келеді”, – деген келелі ой айтады.

Ғалым өз мамандығына адал­дығын, еңбек етуге деген сүйіспен­ші­лігін, асқақ арманын былайша тарқа­тады: “Қалай бағалауды басқалар­дың ар-ожданына салып, айтарым: жарты ғасырдай өмірімді ана тіліме арнағаныма өзімді бақытты санай­мын. Халқымның Абай “өнер алды” деп санаған қасиетті де киелі тілі туралы әңгімесі таусылмаса керек. Ең алдымен, қандастарымыздың бәрі­нің де, қайда жүрсе де, ана тілін еркін игеруін қалар едім. Өзге тілде сөй­леушілердің де біздің тілді біліп, қа­зақ­ша жазылған кез келген шығар­ма­ларды оқитын дәрежеге жетуін ар­мандаймын. Солай болғандықтан, екіншіден, мамандығына қарамас­тан, барша халық өкілінің тіл мәселе­леріне қатысты ортаға ой тастауын қалаймын. Сонда тілдің теориясын дамытып, өркендетуге кең жол ашы­лады. Ол үшін қандастарымыз­дың ұлттық намысы, отандастарымыз­дың шынайы сыйластығы керек”, – деген екен.

Ұстаздың ұстаздығы шәкірт ар­қы­лы танылады. Ұстаз бар болмы­сы­мен шәкіртін баурап, оны ғылым-білімнің шыңына ғана емес, ең бірін­ші, ең әуелі – адамшылықтың шыңы­на қарай жетелейді. Ол барлық жағы­нан шәкіртіне ұстаз бола білуі шарт. Ғалымдардың айтуынша, шәкірт ұс­тазынан ғылым-білім жағынан озған­менен, этикалық (адамгершілік, мо­раль) жағынан ешқашан озбақ емес: бұл тұрғыда ұстаз шәкіртке мәңгілік­ке ұстаз болып қала береді.

Ұстазға артылар міндеттің, жа­уапкершіліктің жүгі ауыр. Ұстазымыз Мырзатай Серғалиев өзінде ғана бар қат, таңдаулы ілімді осы ілімді ұс­тап тұра алатын, алып жүре алатын, ары қарай шыңдайтын, дамытатын адамға беріп кетті деуге толық негіз бар. Қаншама ғылым кандидаттары білім мен бағыт-бағдар алып, бүгінгі таңда ғылым әлемінде тілге, әде­биет­ке қатысты еңбектер жазып жүр. Қаншама шәкіртін ғылым-білімнің шыңына ғана емес, ең бірінші, ең әуелі адамшылықтың шыңына қарай жетелей білді. Еліне жасаған қызметі мен төккен тері осылайша ақталды.

Мен 2006 жылдың 1 қарашасын­да “М.Жұмабаев шығармаларын­да­ғы фразеологизмдер: дәстүр мен жа­ңа­шылдық” тақырыбында кандидат­тық диссертация қорғадым. Мырза­тай Серғалиев мені де ғылымның шыңына жетеледі. Ұлы Абайдың “Ғы­лым таппай мақтанба” деген сөзі­нің санама нық орнығуына зор ықпал етті. 10 жыл бойы М.Қозыбаев атын­дағы Солтүстік Қазақстан мемлекет­тік университетінде (аталмыш оқу ор­нының түлегімін) қазақ тілі кафедра­сында қызмет еттім. Ең бақытты сәт­терім осы оқу орнында өтті. Ғылым­мен айналысу мен білім беру өмірім­нің мәніне айналды. Мол тәжірибеге ие болғаннан кейін Қазақстан Рес­публикасы Ұлттық ұлан академия­сына шақырылдым. Бұл жерде қыз­мет еткеніме 10 жылдан артық уақыт өтті. Әскери ұстаз ретінде ұлтымыз­дың ұландарына білім беріп келе жа­тырмын.

2022 жылы тамызда қауымдас­ты­рылған профессор ғылыми атағы­на ие болдым. Білім мен ғылымға, әскери салаға қатысты өзекті мәсе­лелерді атағы мен абыройы биік, мәр­тебесі мен жұлдызы жоғары ге­не­ралдармен иық тіресе отырып ше­шуге қатысқанымның өзі мен үшін абы­рой деп түсінемін. Осы бақыт пен несібеге кенелткен қадірлі ұста­зыма алғысым шексіз. Мырзатай аға­ның шаңырағын ұстап отырған Зәу­реш апамыз балалары мен немере­лерінің қызығын көрсе екен деп ті­леймін.

Білім мен ғылым жолындағы игі ісін өнер деп білген, өмір жолын ең­бек жолы деп сүйген, тәуекел қайы­ғына қаймықпай мінген, қатарынан озып, биік шыңға қол созған ғалым Мырзатай Серғалиұлы жадымызда мәңгі сақталады. Ғалым ағамыздың үкілі үмітін ақтап, ғылым әлемінде әлі де жүзгім келеді.

Ақмарал СӘРКЕНҚЫЗЫ,

Ұлттық ұлан академиясы тілдік дайындық кафедрасының бастығы, филология ғылымдарының кандидаты.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp