«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТУҒАН ЖЕРДІҢ ТҰҒЫРЛЫ ТҰЛҒАСЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Білім және ғылым саласына өлшеусіз еңбек сіңірген көрнекті ғалым, Қазақстан Республи­ка­сы Ұлттық ғылым академиясының академигі, тілші-әдебиет сыншысы, филология ғы­лымдарының докторы, профессор Мырзатай Серғалиұлы Серғалиев 1938 жылдың 17 наурызында Солтүстік Қазақстан облысының Октябрь (қазіргі Шал ақын) ауданына қарас­ты Жаңажол ауылында дүниеге келген. Қазақ ғылымының дамуына зор үлес қосқан ғалым, өнегесі мол білікті ұстазымыз ортамызда болса, үстіміздегі жылы 85 жасқа толар еді.

Мырзатай Серғалиев еліміздің солтүстік өңірінен шыққан алғашқы және жалғыз тіл білімі саласының ака­демигі, Қазақстанның еңбек сі­ңір­­ген қайраткері, филология ғы­лым­дарының докторы, профессор, білім беру ісінің үздігі және құрметті қызметкері, Қазақстан Жазушылар, Журналистер одақтарының мүшесі, қоғам қайраткері, Шал ақын ауданы­нының құрметті азаматы болды.

Ғалымның ғылыми-зерттеушілік ауқымы кең әрі жан-жақты. Ол тіл­дің синтаксис, стилистика, грамма­ти­­ка, тіл мәдениеті, лексикография сала­ларында құнды еңбектер жаз­ды, бар­лығы 700-ге тарта ғылыми жұ­мыс­­тың авторы атанды. Ұстазы ға­лым Мәулен Балақаевтың ізін жал­ғас­тырып, стилистика мен синтак­сис­­тің көрнекті маманы болды. Көп­теген көр­кем әңгімелер мен аудар­ма­лар­дың, эсселер мен естеліктер­дің, әзіл­мен өрілген мөлтек әңгіме­лердің авторы – шебер тілді жазу­шы. Ға­лымның көркем әдебиеттің стилі­не, баспасөз бен теледидар­дың тілі­не ерекше назар аударып, сөз мәде­ниетін сақтауды үнемі сын елегінен өткізіп отыруын ана тілінің жанашы­ры болды деп қабылдаған жөн.

Әдеби-сын саласы бойынша оның “Уақыт және қаламгер” “Сөз­стан”, “Кең өріс”, “Сөз сарасы”, “Ой өр­­­­негі”, “Өнеге” деп аталатын еңбек­те­­рі мазмұнымен, үлгі-өнегесімен құн­­­ды. Автор аталған еңбектерінде уа­­­қыт талабына сай, қазіргі қазақ әде­­биетінің келелі мәселелерін қа­рас­­тыра келе, Б.Майлин, М.Әуезов, Ғ.Мү­­сірепов, І.Есенберлин, Ә.Кекіл­баев, О.Бөкей, З.Шашкин, С.Шай­мер­­денов, М.Қаратаев, т.б. әдебиет саңлақтарының сөз қолданыс­та­рындағы стильдік ерекшеліктерін ай­қындай түседі.

Мырзатай Серғалиев көркем ау­дармамен де айналысқан. Ол Л.Ка­мал, К.С. Вирх, М.А. Зараб, В.Ва­лаж, Ә. Қадыров, В. Лацис, В.Кожев­ников сынды шетел прозасы клас­сиктерінің шығармаларын қазақ оқыр­мандарына таныстырды.

Ғалымның арқа төсінде алғаш болып қазақ тілі мамандығы бойын­ша Ғылыми Кеңес ашқанын біреу біл­­се, біреу білмеуі мүмкін. Көп жыл­дар бойы Қазақстанның іргелі ұлт­тық жоғары оқу орындарында лауа­зым­ды қызмет атқарып, одан басқа оқу орындарында Мемлекеттік ем­тихан комиссияларының төрағасы, аспи­ранттар мен ізденушілердің ғылыми жетекшісі ретінде кеңестер беріп, тіл ғылымының мерейін өсіре тү­сі­рер ғалымдардың қатарын ке­ңейт­ті. Ғалым ұстазымыздың жетек­ші­лігі­мен жүзге жуық кандидаттық, онда­ған докторлық диссертация қор­ғал­ды. Ол туған жеріндегі М.Қозы­баев атын­дағы Солтүстік Қазақстан уни­вер­ситеті оқытушыларының ғы­лы­­ми әлеуетінің өсуіне өз әсерін ти­гіз­ді. Атап айтсақ, өзімнің “Ғалым Мал­­дыбаев поэзиясының көркемдік құ­ралдары” тақырыбындағы ғылы­ми жұмысымның, Ақмарал Махме­това­ның “Мағжан Жұмабаев поэзия­сын­дағы тұрақты тіркестер”, Алтын Ис­магулованың “Ғабит Мүсірепов пуб­лицистикасының тілі”, Гүлбар­шын Ибраеваның “Сықақ жанрының тіл­дік тәсілдері” тақырыбындағы кан­дидаттық диссертацияларына ғы­лыми жетекшілік жасады.

Мырзатай Серғалиевтің ана тілі­міздің қадір-қасиетін, мән-маңызын түсіндірерлік мақалалары баспасөз беттерінде жиі жарияланып тұрғаны мәлім. Сонымен бірге үлкен жиын­дарда қазақ тілінің көкейкесті мәсе­лелеріне қатысты өзіндік ұстаны­мын білдіріп, сөз сөйлеген кездері аз емес. Тіл мәдениеті мен терминоло­гияға қатысты өзекті мәселелер ға­лымның назарынан тыс қалып көр­ген жоқ. Қолданыста жиі кездесетін терминдер мен сөздердің бірталайы мемлекеттік терминология комите­ті­нің бекіткеніне қарамастан, әртүр­лі айтылып, жазылып жүргеніне де талай қынжылыс білдірген. Ғалым көптің көңілін аудартатын ономасти­ка мәселелесіне де қатыс­ты түйінді ойларымен бөлісіп отыр­ды.

Ғалымның атаулардың қазақ­ша­лануы жайында айтқан мына пі­кір­леріне де назар аударғанымыз дұ­рыс деп санаймын. Мысалы, “Еге­мен­дік алып, еркін ел болғанда, біз­дің көшелеріміздің үш тілде жазыл­ғаны түсініксіз. Түсініксіз болатыны мынада: біріншіден, қазақ тілінде жазылғанда, ондай кирилицаны кез келген орыстілді, тіпті кез келген сауатты адам оқи алады; екіншіден, кө­шелер мен үйлерді аралап та­ныс­тыратын немесе туыстарын таба ал­май жүрген ағылшынтілділерді ке­зіктіре алмадық. Сондықтан тонна­лаған металл мен бояуды текке шы­ғындаудың материалдық та, мо­раль­дық-психологиялық та зияны көз­ге ұрып тұрғандай көріне береді. Бұл бағытпен кете берсек, болашақ­ты болжағыш “ақылдылар” табы­лып, олардың шығыс елдерінің бір тілін, айталық қытай тілін де пай­далану керектігін талап етпесіне кім кепіл? Сонда қаламыздағы үйлер­дің қабырғалары ұлы тілдердің тізімін құрайтын тақта болып кетпес пе екен деген қауіп келеді басы­мыз­ға. Неше тілден жоғары жазылса да, ешкім көшені қазақша атамайтынына еш шүбәм жоқ.

“Әндіжанда әпкем бар, ол менен өт­кен сорақы” дегендей, көшелер­де­гі, сауда орындарындағы, мерзімді баспасөз беттері мен телеэкран­дағы жарнамалардың тіліне көз жү­гіртсеңіз, мұндағы сорақылық сон­ша­лықты – өзіңіздің қазақ екеніңізді, Астанада ғана емес, жалпы қазақ же­рінде тұрғаныңызды ұмытып жүре бересіз. Әлем-жәлем суреттерді бы­лай қойғанда, шетел сөздері мұнша­лықты еркінсіген жүгенсіздік жа­йын­да сөз болмайтын күн жоқ. Бірақ жар­нама жариялаушылар ағынға қар­сы жүзуден тайынған емес, еш­кім­нен жасқанып та көрген емес” – деп жаз­ған болатын. Ғалымның пікірін­ше, бұл аталған жайлар қазақ тілін мем­лекеттік мәртебесінен аластату­дың толып жатқан тәсілдері ретінде қа­растырылуға тиіс.

Көзі тірісінде ұлт, тіл, әдебиет, мәдениет тақырыптарында келелі ойларымен қоғамдық жұмыстардың басында жүрген ғалым-ұстазымыз Қазақстанның жоғары мектебі жүйе­сінде озық әдістеме, тағылымды дәс­түр қалыптастырды. Ғылымда да, ұстаздық қызметте де талайға үлгі-өнеге болатын Мырзатай Сер­ғалиұлының қазақ тіл білімі тари­хында өзіндік орны бар. Ғылымның қия жолында небір қиындықтар мен кедергілерді бастан кешірсе де, ты­нымсыз, қажырлы еңбегінің нәтиже­сінде талай биіктерді бағындырды. Өзіне ғана тән бітім-болмысымен, ғалымдық зердесімен, шығарма­шы­лық шеберлігімен көптің құрметіне бөленді. Ғалымның адамгершілік қасиеті, еңбекқорлығы, сыпайы мі­не­зі мен жоғары мәдениеттілігі шә­кірттеріне үлгі-өнеге боларлық ерек­ше қасиеттерінің бірі.

Сөзімізді түйіндей келе, қала­мыз­­дың көрнекті көшелерінің біріне саналы ғұмырын білім мен ғылымға арнаған Мырзатай Серғалиевтың есі­­­мі берілсе дегім келеді. Бұл бастама­ны жер­лестеріміз қолдайды деген ойда­мын.

Жанар ТАЛАСПАЕВА,

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің профессоры.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp