«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Өңір экономикасының негізгі бағыты – сүт өндіру тәжірибесі – өзге аймақтарға үлгі

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мал шаруашылығы өңір экономикасының негізгі бағыттарының бірі саналады, соңғы кездері брендке айналды деуге болады. Республикадағы әр үшінші тауарлы-сүт фермасы теріскейде орын тепкен. Елімізде өндірілетін ақтың 10 пайызы өңірімізге тиесілі. Былтыр 647,8 мың тонна өнім алынды. Бүгінгі таңда бұл саламен 100-ден астам агроқұрылым айналысады, оның ішінде 36 заманауи сүт кешені жұмыс істейді. Соңғы 5 жылда 30 сүт фермасы іске қосылды. 2022 жылы 8 сүт кешені пайдалануға берілді. Биыл 9 нысан бой көтермек. Әлеуетіміз бұдан да жоғары. Аймақты дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарына сәйкес алдағы уақытта 52 тауарлы-сүт фермасын ашу белгіленген. Өңірге жалпы саны 30 мыңға жуық асылтұқымды мал жеткізілмек.

Облыстық әкімдіктің және республикалық Сүт палатасының бастамасы бойынша мал шаруашылығын дамыту мақсатымен “Бірінші сүт туры” ұйымдастырылып, Ақмола, Жамбыл, Жетісу, Қостанай облыстарынан келген делегация мүшелері өңірдің бірқатар тауарлы-сүт фермаларын аралады. Олар алғашқы күні “Мәмбетов және К”, “Петерфельд Агро” ЖШС-не ат басын тіреп, іс-тәжірибелермен танысты.

“Біз алдымызға сапалы өнім алу, бұзауларды сақтау және ұрықтандыру ісін ғылыми негізде жүргізу міндеттерін қойып отырмыз. Осы үдеден шығу үшін табындарды үнемі толықтырып отыруға ерекше назар аударылады. Фермада барлық жұмыс автоматты жүйеге көшірілген. Кешенді шараларды тиімді атқарудың арқасында қол жеткен нәтижелеріміз күткендегіден де асып түсті”,– деді “Мәмбетов және К” КС-нің бас директоры Еркебұлан Мәмбетов.

Делегация тобы Асқар Мадиев жетекшілік ететін “Петерфельд Агро” серіктестігінде де болды. Мұнда да ірі қара өсіріп, сүт өндіруге баса мән берілген. Толық қуатына көшкен тауарлы-сүт фермасы ауыл шаруашылығы дамуының негізгі көрсеткішіне айналған. Әр сиырдан орташа есеппен күніне 18-20 литр сүт сауылады. Серіктестікте үш жарым мыңға жуық ірі қара бағылады. Сала толығымен цифрландырылған. Әр сиырға арналған электрондық құжат бар. Онда қашан вакцина алды, қанша мәрте сауылды деген сықылды барлық ақпарат сақтаулы.

Мемлекет тарапынан мал шаруашылығына зор қаржылық қолдау көрсетілетіндіктен, өңірде бұл салаға қызығушы кәсіпкерлердің санының арта түскені байқалады.

Делегация мүшелері бүгін “Шәймерденов”, “Иван Зенченко”, “Қызылжар сүт” кәсіпорындарын аралап, облыс орталығында өтетін сүтті шаруашылықты дамытуға арналған семинар-кеңеске қатысады деп күтілуде.

Әсем АЙТУЛОВА,

облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының баспасөз хатшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp