«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“АЯЛАНЫҢ” АЯЛЫ АЛАҚАНЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Петропавл қаласындағы “Аяла” қарттар үйінің ашылғанына екі жыл. Кәсіпкерлік 2021 жыл­дың қазан айында мақұлданып, мейірімге зәру қарттар бұл жерге келесі жылдың мамырында жи­налыпты. Қарттар үйінің шаңырағын көтерген петропавлдық кәсіпкер Гаухар Ахметжа­нова. Ол өзінің бизнес жобасын ұсынып, мемлекеттен алған қаржысына көкейінде жүрген ісін бастаған.

Гаухар Серікқызы – ата мен ана­ның тәлімін көрген, бүгінде өзі де перзент тәрбиелеп, аяулы ана, адал жар атанып отырған жан. Оны­мен кездескенде “Қазақтың әп-әдемі қызы кәсіптің басқа жолын да тапса болар ма еді”, деп сұраулы жүзбен қарағаным рас. Бірақ ол қоғамдағы осы бір өзекті мәселемен айналы­суды қалапты. Бүгінде Гау­хар он бес қарттың қамқоршы­сы­на ай­налып отыр. “Өмір болған соң түр­лі жайт­тар кездесіп жатады. Қартай­ған ша­ғында барар жері, басар тауы қал­­маған жандарды көргенде жүре­гім сыздайтын. Олар­ға қамқор бол­ғым келді. Бұл ойым­ды алғаш рет әке­ме айттым. Ол кісі қарсы болма­ды, ке­рісінше мені қолдады”, – деді ол.

“Аяладағы” аға буын өкілдері бір шаңырақ астында, бір үйдің адам­дарындай тату-тәтті өмір сү­руде. Олардың барлығы қыздарын­дай болып кеткен Гаухар Серік­қы­зы­ның айтқанын екі етпей орындау­ға асығады. Гаухардың да сөзі – жы­лы, көңілі – кең, ол мұндағы жан­дардың әрқайсысын жақынындай жақсы көреді. Қарттар тұрып жатқан екі қабатты үй жалға алыныпты. Мұн­да тұрып жатқандардың дені ег­де жас­тағылар. Жайлы тұрмыс, күн­делікті тұтынатын тамағы үшін зей­нет­ақы­ларынан қаржы жиналады. Ортақ ақшаға қажетті заттары, та­ғамдары сатылып алынады.

“Аяла” қарттар үйіндегі жайлы ах­уалды естіген жалғыз тұратын қа­риялар, денсау­лығы сыр берген­дер осы жерге келсек деп сұранады екен. Гаухар Серікқызы үй тарлық ете­­тіндіктен және оларға қызмет көр­сететін жалғыз өзі болғандық­тан, ар­тық адам ала алмайтынын жасырмады.

“Маған көп адам хабарласады. Қамқорлығыма алу туралы өтініш­терін айтады. Олардың көңілін қи­маймын. Кейде жылап алатын сәт­тер де болады. Жуырда бір адамды қабылдауға келістім. Ол кісінің жағ­дайының ауырлығы ескерілді. Мен үшін қамқорлығымдағы қарттардың бақытты, бір-бірлерімен ауызбірші­лікте тұрмыс кешкендері маңызды”, – дейді ақкөңіл жан.

“Аяладағы” қарттардың дені өңір аудандарынан келген. Кейбі­реу­лерінің балалары, немерелері бар. Бірақ іздемейді. Анда-санда бір келіп кеткені болмаса, қам­қор­лық жасағылары келмейді. Кейуа­налардың көңілдері босап, жалғыз қалғандарына күйініп, жанарлары суланатын кездері жиі кездеседі екен. “Мен оларға артық сұрақ қой­май­мын. Жан жараларын тырна­ғым келмейді. Шамам келгенше кө­ңілдерін табуға тырысамын. Бірге та­мақтанамыз, ән айтамыз, се­руендейміз, түрлі тақырыпта әңгіме дүкен құрамыз”, – дейді Гаухар.

Гаухар Серікқызы үйді сәндеу, безендіру сынды жұмыстарды олар­мен ақылдаса отырып атқар­ғанды жөн көреді. Өмірде көргені, түйгені мол жандар қолдан келер кө­мектен аямайды. Мұндағы адам­дар­дың барлығы кезінде еңбек етіп, қызмет жасағандар. Тек қартайған­да тағдыр тауқыметімен жалғыз­дықтың азабын арқалағандар. Ара­ларында ауыр дертке шалдығып, “бір аунап” тұрғандары да бар.

Гаухар Серікқызы “Аяланың” тыныс-тіршілігін, қарттардың өмірін әлеуметтік желілер арқылы көрсе­тіп отыруды жөн көреді. Оның се­бебі, қолға алған ісінің нәтижесімен бөлісу болса, екіншіден, әр адам­ның бойында үлкенге деген құрмет пен жанашырлықты қалыптас­ты­руға септігім тисе деп ойлайды.

Қарттардың шаңырағына ерікті­лер қозғалысының мүшелері жиі бас сұғады. Жергілікті университет, колледж, мектептердің жастары кон­церттік бағдарламаларын көр­се­тіп, үлкендермен әңгімелесіп, ойындар ойнап, көңілдерін бір сер­гітіп кетеді. Гаухар келем деген­дер­ге қарсы бол­ған емес. Аға буын­мен кездесу жас­тардың бойына адами қасиеттерді ұялатудың, үл­кенді құр­меттеуге бау­лудың бір жолы деп біледі.

Гаухардың күнделікті тірлігі таң атпай басталғаннан түннің жары­мына дейін жалғасады. Бұл істі жү­рек қалауымен қолға алғандықтан болар, шаршауды білмеймін дейді. Үйдегі шаруаны өзі үйлестіріп отыр. “Менің бұл әрекетіме таңырқай қарағандар, тіпті кемсіткендер де болды. “Неге өз-өзіңді қинап жүрсің” деп сұрақ қоятындар да аз емес. Өмірдің әр адамға дайындаған сыйы бар. Біреу қартайғанда бала бақытын көреді, ал кей жандар жалғыз қалады. Тағдырдың түрлі қиындығын көріп, немере мен шөберенің қолынан май жалайтын жасқа жеткендерге біз әрдайым қамқор болуымыз керек. Жастардың бойында мейірім, ізгілік сияқты қасиеттер бүр жарса деймін”, – дейді қайырымды жан.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqtan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp