«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“Қырдағы ел ойдағы елмен араласып…”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Дүниежүзінде әр халықтың өзіне тән көптеген мерекесі бар. Қандай да болсын ұлттың болмысы сол елдің мейрамы тойланған кезде таныла­ды. Ал сол ұлттардың басым көпшілі­гіне ортақ мейрам болса, ол – Наурыз мерекесі. Оны шығыс халықтарының ерекше қарсы алатыны бұрыннан бел­гілі. Наурыз жарты әлемді алып жатқан батыс мәдениетіне де бөтен емес. Ежелді гректер, римдіктер мен славян халықтарының да бұрын көктемді өзгеше қарсы ал­ғаны туралы деректер аз емес. Со­дан бергі көп халықтың ішінде қазақ даласында да Наурызды тойлау дәс­түрі сақталып қалған. Қанша жылғы азаттық үшін күрес пен кеңестік ке­зең жадымыздан бабалардан қалған асыл салтты өшіре алған жоқ. Жаңа жы­лымыз жыл сайын кең ауқым алып, салмағы арта түсуде. Тіпті Нау­рызды асыға күтетін түрлі ұлт өкіл­дері де айналамызда аз емес.

Аталған мереке аз зерттелген жоқ. Ғалымдар, тарихшылар, сая­хат­шылар қазақ даласындағы ду­манды күндер туралы естеліктер мен жазбалар қалдырған. Кешегі дана Абайдың:

“Қырдағы ел ойдағы елмен араласып,

Күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып” – деген жыр жолдарын Наурызға теліп айтуға болатындай.

Ұлттық мейрамның бір ұшығы ақынның қазақтың шыққан тегі тура­лы жазғанынан шығады. Онда Абай бұрында Наурыз деген жазғытұры мейрам болғанын, оны Ұлыстың ұлы күні деп ерекше қарсы алғанын ай­тады.

Көшпенділердің өмірі жайлы айт­қанда Мәшһүр Жүсіптің жазбалары­на да мән бермей өте алмаймыз. Оның жазуынша, Арқа өңірінде Нау­рыздама тойы бірнеше күнге созы­лып, үлкен ауқымда аталып өткен. Сол күндері жасалатын жоралғылар мен берілетін сый-сияпаттар да бол­ған екен. Ал мейрам тарихына келгенде ғалым оның шығу тегін Нұх пайғамбардың заманына апарып тірейді.

Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының Наурызды қазақша жыл басы деп дәріптеуі де тегін емес. Мір­жақып Дулатұлы болса көктемнің кел­геніне қазақтардай қуанатын халық жоқ екенін таңбалап кетіпті. Мағжан Жұмабаев ұлыстың ұлы күні күн мен түн теңелгенде келетінін дәл айтып, ол күні алдағы көктем мен жазға болжам жасалатынын жазған.

Айта берсек, ұлық мейрам жайлы пікірлер аз емес. Оларды талдап, та­лай мәселе жөнінде пікір таласты­руға болады. Ал табиғатпен үндестікте күн кешіп, Жер-Анаға жанашырлықпен қараған бабаларымыз Наурыздың келгенін түрлі құбылыстарға қарап-ақ білген. Көшпенділер күнтіз­бесі жоқ заманда да күн мен түн те­ңелген күнді өткізіп алмай, тойлап отырған. Топырағына қарап ақ ас­тында алтын жатқан жерді дәл тапқан халқымыз айналасын бақылап атаулы күндерді де тап басқан.

Бұның бәрін бұрынғының адам­дарына айтып жатудың керегі жоқ. Қарттар Наурыздың қалай тойлана­тынын, тарихын бұрыннан біледі. Алайда осының бәрінен жастарымыз бейхабар болмасын деп Ұлыстың ұлы күні жайлы сөз қозғап отырмын. Өйткені бұл күннің қыз-жігіттердің өмірінде де ерекше орны бол­ған. Наурыз мейрамында бойжет­кендер құрбы-құрдастарын, ұнатқан жандарын қонаққа шақырған. Бұл дәмді “ұйқыашар” дейді екен. Жігіт­тер жағы да сый ретінде сақина, сыр­ға, орамал алып барады. Бұл сый­лық “селт еткізер” деп аталады. Осы­лай күн мен түн теңеліп жатқанда ғашық жандар да бір-бірімен сағы­нысып қауышқан.

Ал үлкендер үйлерді аралап, жаюлы дастарқаннан дәм татады. Әр үйде қазан асылып, тәтті-дәмдінің бәрі қонаққа тартылып, Нау­рыз көже дайындалады. Наурыздың сәні де, мәні де осы тағамда екені бел­гілі. Осы күні бір дастарқаннан дәм татқан жандар тату болып, бір­лікте күн кешеді деген сенім де бар. Ал дала заңы бойынша қай жерде бірлік болса бақ, береке сонда ор­найды. Наурыздың екінші аты тату­лық десе де болады. Мейрам күні бытыраған елдің басы бірікпей қоймаған.

Аталған мейрамның ауыз әде­биетімізде алатын орны да ерекше ғой. Наурыз бата, тілек, наурыз жыр­ларының өзі фольклорымыздың үл­кен тармағы саналады. Жаңа жыл­дағы ән-жыр қазақтың кез келген то­йындағыдан аз айтылмаған. Бойын­да өнері бардың бәрі елге қуаныш сыйлап, думанға үн қосқан. Сонымен қатар ұлттық ойындарымыз да ой­налып, шын жүйріктерге бәйге тігілген. Ұлтымыз қандай жиын-той бол­масын өзінің мәдениетін, әдебиетін, спортын жаңғыртып отырған. Бұл заңдылық Наурызды да айналып өтпеген.

Наурыз – тек той тойлайтын ғана емес, келер қыстың қамын ойлап, ел­дің еңбекке кірісетін шағы. Көшпен­ділер алдағы қыстың жайын көктем шыға қамдай бастайтын болған. Арқа өңірінің алты ай қысы оған мүмкіндік бермегенмен жылы аймақтарда жұрт жабыла көшет егіп, арық қазады. Көктемнің мейрамында көктеген көшет ел бірлігінің белгісіндей кейінгі ұрпаққа сая болған. Малшы қауым алдында­ғы төрт түлікті түгендеп, өріске айдаса, жердің төсін еміп күн көргендер соқасын сайлай бастайды.

Көктем шыға төрт түліктің көбі Наурызда төлдейтінін білетінбіз. Ұлыс­тың ұлы күні туған малды наурызтөл деп ерекше күткен. Осы күні мал басын толықтырған қозы, құлындарды төлдің басы деп үйдің құты, берекесі санаған. Қандай жағдай болмасын иесі оны ешкімге сыйламаған, сатпаған.

Күнделікті өмірімізде Наурызға қатысты есімдерді де жиі кездестіріп жатамыз. Алайда оған мән беріп, та­рихына үңіліп жататын кезіміз сирек. Осы мейрамда дүниеге келген ұл-қыздарға Наурызбай, Наурызгүл де­ген есімдер тән. Олардың ішінде ең белгілісі – қазақ жерінің қорғаны бол­ған Наурызбай батыр. Мұндай атты алған жеткіншектер бүгін де көп. Оңтүстікте наурызгүл шешек атып, гүл ашқан мезгіл де осы күндерге сай келеді. Ұлыс күні көктемнің алғашқы белгісіндей болып наурызкөк құсы ұшып келетіні де бар. Ол келгенде ел-жұрт “наурызкөгім, келдің бе” деп қуанып, қолдарына жем алып қарсы алады. Айта берсек, Наурызға қатыс­ты наным-сенімдер мен жоралғылар көп қой. Өзім мұғалім болған соң со­ның көбі жадымда қалыпты.

Мереке қарсаңында осынау ұлы­лықтың, ізгіліктің, ынтымақтың мей­рамымен баршаңызды құттықтай­мын. Ұлыс бақты, төрт түлік ақты болсын. Жамандық атаулы жерге еніп, халқымыз көркейіп, өркендей бер­сін. Елдің бойында ертеңге деген сенім бар. Қашан да келешекке үміт­пен қарау қанымызда бар жақсы қа­сиет қой. Жастарымыз да бақытты, ғұмырлы болып, қарттарымызға қуат берсін. Шаңырақтарымызға қыдыр дарысын!

Күлзи БИСАРИНА,

еңбек ардагері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp