Дүниежүзінде әр халықтың өзіне тән көптеген мерекесі бар. Қандай да болсын ұлттың болмысы сол елдің мейрамы тойланған кезде танылады. Ал сол ұлттардың басым көпшілігіне ортақ мейрам болса, ол – Наурыз мерекесі. Оны шығыс халықтарының ерекше қарсы алатыны бұрыннан белгілі. Наурыз жарты әлемді алып жатқан батыс мәдениетіне де бөтен емес. Ежелді гректер, римдіктер мен славян халықтарының да бұрын көктемді өзгеше қарсы алғаны туралы деректер аз емес. Содан бергі көп халықтың ішінде қазақ даласында да Наурызды тойлау дәстүрі сақталып қалған. Қанша жылғы азаттық үшін күрес пен кеңестік кезең жадымыздан бабалардан қалған асыл салтты өшіре алған жоқ. Жаңа жылымыз жыл сайын кең ауқым алып, салмағы арта түсуде. Тіпті Наурызды асыға күтетін түрлі ұлт өкілдері де айналамызда аз емес.
Аталған мереке аз зерттелген жоқ. Ғалымдар, тарихшылар, саяхатшылар қазақ даласындағы думанды күндер туралы естеліктер мен жазбалар қалдырған. Кешегі дана Абайдың:
“Қырдағы ел ойдағы елмен араласып,
Күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып” – деген жыр жолдарын Наурызға теліп айтуға болатындай.
Ұлттық мейрамның бір ұшығы ақынның қазақтың шыққан тегі туралы жазғанынан шығады. Онда Абай бұрында Наурыз деген жазғытұры мейрам болғанын, оны Ұлыстың ұлы күні деп ерекше қарсы алғанын айтады.
Көшпенділердің өмірі жайлы айтқанда Мәшһүр Жүсіптің жазбаларына да мән бермей өте алмаймыз. Оның жазуынша, Арқа өңірінде Наурыздама тойы бірнеше күнге созылып, үлкен ауқымда аталып өткен. Сол күндері жасалатын жоралғылар мен берілетін сый-сияпаттар да болған екен. Ал мейрам тарихына келгенде ғалым оның шығу тегін Нұх пайғамбардың заманына апарып тірейді.
Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының Наурызды қазақша жыл басы деп дәріптеуі де тегін емес. Міржақып Дулатұлы болса көктемнің келгеніне қазақтардай қуанатын халық жоқ екенін таңбалап кетіпті. Мағжан Жұмабаев ұлыстың ұлы күні күн мен түн теңелгенде келетінін дәл айтып, ол күні алдағы көктем мен жазға болжам жасалатынын жазған.
Айта берсек, ұлық мейрам жайлы пікірлер аз емес. Оларды талдап, талай мәселе жөнінде пікір таластыруға болады. Ал табиғатпен үндестікте күн кешіп, Жер-Анаға жанашырлықпен қараған бабаларымыз Наурыздың келгенін түрлі құбылыстарға қарап-ақ білген. Көшпенділер күнтізбесі жоқ заманда да күн мен түн теңелген күнді өткізіп алмай, тойлап отырған. Топырағына қарап ақ астында алтын жатқан жерді дәл тапқан халқымыз айналасын бақылап атаулы күндерді де тап басқан.
Бұның бәрін бұрынғының адамдарына айтып жатудың керегі жоқ. Қарттар Наурыздың қалай тойланатынын, тарихын бұрыннан біледі. Алайда осының бәрінен жастарымыз бейхабар болмасын деп Ұлыстың ұлы күні жайлы сөз қозғап отырмын. Өйткені бұл күннің қыз-жігіттердің өмірінде де ерекше орны болған. Наурыз мейрамында бойжеткендер құрбы-құрдастарын, ұнатқан жандарын қонаққа шақырған. Бұл дәмді “ұйқыашар” дейді екен. Жігіттер жағы да сый ретінде сақина, сырға, орамал алып барады. Бұл сыйлық “селт еткізер” деп аталады. Осылай күн мен түн теңеліп жатқанда ғашық жандар да бір-бірімен сағынысып қауышқан.
Ал үлкендер үйлерді аралап, жаюлы дастарқаннан дәм татады. Әр үйде қазан асылып, тәтті-дәмдінің бәрі қонаққа тартылып, Наурыз көже дайындалады. Наурыздың сәні де, мәні де осы тағамда екені белгілі. Осы күні бір дастарқаннан дәм татқан жандар тату болып, бірлікте күн кешеді деген сенім де бар. Ал дала заңы бойынша қай жерде бірлік болса бақ, береке сонда орнайды. Наурыздың екінші аты татулық десе де болады. Мейрам күні бытыраған елдің басы бірікпей қоймаған.
Аталған мейрамның ауыз әдебиетімізде алатын орны да ерекше ғой. Наурыз бата, тілек, наурыз жырларының өзі фольклорымыздың үлкен тармағы саналады. Жаңа жылдағы ән-жыр қазақтың кез келген тойындағыдан аз айтылмаған. Бойында өнері бардың бәрі елге қуаныш сыйлап, думанға үн қосқан. Сонымен қатар ұлттық ойындарымыз да ойналып, шын жүйріктерге бәйге тігілген. Ұлтымыз қандай жиын-той болмасын өзінің мәдениетін, әдебиетін, спортын жаңғыртып отырған. Бұл заңдылық Наурызды да айналып өтпеген.
Наурыз – тек той тойлайтын ғана емес, келер қыстың қамын ойлап, елдің еңбекке кірісетін шағы. Көшпенділер алдағы қыстың жайын көктем шыға қамдай бастайтын болған. Арқа өңірінің алты ай қысы оған мүмкіндік бермегенмен жылы аймақтарда жұрт жабыла көшет егіп, арық қазады. Көктемнің мейрамында көктеген көшет ел бірлігінің белгісіндей кейінгі ұрпаққа сая болған. Малшы қауым алдындағы төрт түлікті түгендеп, өріске айдаса, жердің төсін еміп күн көргендер соқасын сайлай бастайды.
Көктем шыға төрт түліктің көбі Наурызда төлдейтінін білетінбіз. Ұлыстың ұлы күні туған малды наурызтөл деп ерекше күткен. Осы күні мал басын толықтырған қозы, құлындарды төлдің басы деп үйдің құты, берекесі санаған. Қандай жағдай болмасын иесі оны ешкімге сыйламаған, сатпаған.
Күнделікті өмірімізде Наурызға қатысты есімдерді де жиі кездестіріп жатамыз. Алайда оған мән беріп, тарихына үңіліп жататын кезіміз сирек. Осы мейрамда дүниеге келген ұл-қыздарға Наурызбай, Наурызгүл деген есімдер тән. Олардың ішінде ең белгілісі – қазақ жерінің қорғаны болған Наурызбай батыр. Мұндай атты алған жеткіншектер бүгін де көп. Оңтүстікте наурызгүл шешек атып, гүл ашқан мезгіл де осы күндерге сай келеді. Ұлыс күні көктемнің алғашқы белгісіндей болып наурызкөк құсы ұшып келетіні де бар. Ол келгенде ел-жұрт “наурызкөгім, келдің бе” деп қуанып, қолдарына жем алып қарсы алады. Айта берсек, Наурызға қатысты наным-сенімдер мен жоралғылар көп қой. Өзім мұғалім болған соң соның көбі жадымда қалыпты.
Мереке қарсаңында осынау ұлылықтың, ізгіліктің, ынтымақтың мейрамымен баршаңызды құттықтаймын. Ұлыс бақты, төрт түлік ақты болсын. Жамандық атаулы жерге еніп, халқымыз көркейіп, өркендей берсін. Елдің бойында ертеңге деген сенім бар. Қашан да келешекке үмітпен қарау қанымызда бар жақсы қасиет қой. Жастарымыз да бақытты, ғұмырлы болып, қарттарымызға қуат берсін. Шаңырақтарымызға қыдыр дарысын!
Күлзи БИСАРИНА,
еңбек ардагері.