«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ауылдағы айшықты өзгерістер

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кезекті Жолдауында мемлекеттік биліктің барлық дерлік институттарын реформалау қажеттігін, жаңғыртудың негізгі мақсаты – тұтас мемлекеттің тиімділігін арттыруға бағдарланатынын атап көрсетті. “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” құруды қолға алдық. Бұған дейін айтқанымдай, бұл – мемлекеттік органдар тек азаматтардың күнделікті мәселесіне байланысты жауап қатуы тиіс деген сөз емес. Бұл, ең алдымен, билік пен қоғам арасындағы тұрақты диалог”, – дей келіп, Қасым-Жомарт Кемелұлы алдағы саяси реформалардың барлығы халықты мемлекет басқару ісіне кеңінен қатыстыруды көздейтінін атап өтті.

Мәселен қоғам ауыл әкімдерінің сайлау арқылы қызметке келуін талап етті. Осы ретте мұның шешімін кейінге қалдыруға болмайтынын, маңызды қадамды жан-жақты ойластырып, дәйекті түрде жүзеге асырудың міндеттерін айқындап берді. Мемлекет басшысының бастамасымен 2021 жылы 25 шілдеде өкілеттік мерзімі аяқталған ауыл әкімдерінің алғаш рет тікелей сайлауы өтті. Бұл жаңа тәртіп жергілікті билік өкілдерінің сайланбалы болуымен қатар, жүргізіліп жатқан саяси жаңғырулардың маңыздылығын да көрсетеді. Сайлау науқаны барысында тұрғындар өздері сенім артқан әкімдерге таңдау жасап, жоғары азаматтық белсенділік танытты. Сөйтіп, жергілікті атқарушы органдардың басшылары санатындағы әкімдердің әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерді шешудегі, өмір сапасын арттырудағы рөлі оң бағаланды. Аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің және ауылдық округтердің әкімдерін тікелей сайлау – қоғамды демократияландыру жолындағы үлкен қадам. Жауапты науқан нәтижесінде 800-ден астам ауыл әкімі сайланды. Мен – тағайындалған әкімдердің бірімін. Осы салада 2019 жылдың қазан айынан бастап жұмыс істеп келемін. Биыл күзде өкілеттік мерзімім аяқталып, сайлау арқылы бағымды сынап көруді ұйғарып отырмын. Өткен үш жарым жылдың ішінде азды-көпті тәжірибе жинақтап, биліктің жергілікті жердегі өкілі ретінде ел басқару, шешім қабылдау үдерісінде жауаптылықтың қаншалықты салмақты екенін түсіндім. Әкімдер – биліктің әрбір елді мекендегі тікелей өкілі саналатындықтан, көпшілік олардың қызметіне қарап бүкіл мемлекеттік басқару жүйесін бағалайды. Осы себепті мемлекет тарапынан жіті қолға алынып жатқан ауқымды өзгерістер тұрғындардың бақуатты өмір сүруіне бағытталған бағдарламалар мен іс-шаралардың әділетті де ашық қоғам талаптарына сай болуына игі ықпалын тигізері анық. Ауылдық округте орналасқан екі елді мекен тұрғындарымен өзара түсіністік болса, берілген уәделердің орындалатынына көзім анық жетті. Әр отбасыны жете танимын десем, артық айтқандық болмас. Қай-қайсысы болсын, туған елге жанашыр, еңбекққор адамға тән қасиеттерін нақты іспен дәлелдеп келеді. Жеке бас пен мемлекет мүддесін ұштастыра отырып, бірліктің бастауы – ынтымақ пен рухани үндестікті, Отанынымызды өркендетуді қастерлі құндылық ретінде бағалайды.

Бүгінгі таңда округтегі 251 түтін 1200 бастан астам Зеңгі баба, 2700-дей бас Шопан ата, 1300-ге жуық Қамбар ата түлігін ұстап, негізгі күн-көріс көзіне, бала-шаға нәпақасына айналдырған. “Ерлан”, “Исин” шаруа қожалықтары да төрт түлік өсірумен айналысады. Бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүргендіктен, еліміздің тұтастығына әркез тілектес. Аға буынның игі дәстүрлері жастарға үлгі етіліп, насихатталып отырады. Барлық тұрғындардың саны 848-ді құраса, зейнеткерлер – 133, көпбалалы отбасылар –14. Аз қамтылған жандар мен қарттарға округ аумағында орналасқан шаруашылықтар көмек қолын созудан бас тартқан емес. “Алтын жер – Агро” ЖШС-ның директоры Зарап Жағыпаров балаларға арналған сырғанақ тұрғызып берді. Наурыз мейрамында мерекелік концертке, спорттық ойындарға демеуші болды. Ауыларалық, және ішкі жолдарды тазалап отыруды “Нұр” шаруа қожалығы өз міндетіне алған. “Шалқар”, “Руслан” шаруашылықтары да бекітілген тапсырмаларды тап-тұйнақтай орындайды. Олардың қаржылық қолдауымен Бостандық және Кіші Қараой ауылдарында 18 млн. теңгеге спорт алаңдары салынды. “Цифрлық Қазақстан” бағдарламасы шеңберінде мобильді 4G интернет желісі орнатылды.

Президент былтыр әкімдердің халықпен кездесулерін өзгеше форматта өткізу туралы Жарлыққа қол қойғаны белгілі. Ол бойынша қоғамды одан әрі демократияландыру, елде жүргізіліп жатқан реформалар жайлы хабардар ету, жергілікті атқарушы органдардың ашықтығы, жауапкершілігі, есептілігі артып, жұртшылықты толғандыратын мәселелерге айрықша көңіл бөлу, Қазақстанды жаңғыртудың жаңа бағдарының негізгі бағыттарынан хабардар ету, шетін проблемаларды шешудің жолдары мен мерзімін түсіндіру міндеттелді. Басты жаңалықтардың біріне халықпен кездесулер өткізгенге дейін проблемалық мәселелердің пулын жасау үшін жергілікті қоғамдастық жиналысы ұйымдастырылып, қоғамдық кеңестер мүшелерінің қатысуымен ұсыныс-пікірлерді жинақтау жөнінде комиссия құрылды. Ашық деректер порталына және әкімдердің блог-платформасына, сондай-ақ коммуникацияның басқа да нысандарына келіп түскен сұраныстарды жинап-талдау жасалып, кездесу өткізу туралы хабарландыру бір апта бұрын жарияланатын болды. Кездесулер өткізілген соң жеке қабылдаулар жүргізу, күнтізбелік он күннен кешіктірмей толық ақпараттар тізбесін, шешу мерзімі белгіленген іс-қимыл жоспарын баспасөзде, оның ішінде ресми интернет-ресурстарда орналастыру жүйеге келтірілді. Осы талаптарға орай тұрғындар көшпелі кездесулердің қорытындылары және мәселелерді шешу жолдарымен уақтылы хабардар болып отырады. Осы тәртіппен атқарылған жұмыстардың кейбіріне тоқталсам, өткен жылы Кіші Қараойға 130 млн. теңгеге 5,3 шақырым болатын кентішілік жолдарға орташа жөндеу жүргізілді. Орталық су құбырына 169 үй қосылды. 479 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Кәсіпкерлікпен 21 шаруа қожалығы, 3 серіктестік шұғылданады. Округ аумағында 2 медициналық пункт, 1 наубайхана, 2 кітапхана, 4 жекеменшік дүкен, 2 мешіт, ветстанция, қоғамдық тәртіп пункті, бір учаскелік полиция инспекторы, жұмыс істейді. Биыл медициналық пункттің екі ғимаратының, мәдени-демалыс орталығының құрылысы басталады. Киев орта мектебі қалпына келтіріледі. “Бостандық – Кіші Қараой” бағытындағы 30 шақырым жолды жөндеуден өткізуге былтыр – 300 млн, биыл 800 млн. теңге қарастырылды.

“Қазақстан Републикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы” Заңға сәйкес ауылдық округ әкімі тиісті әкімшілік-аумақтық бөлініс аумағында әкімдіктің лауазымды адамы ретінде азаматтардың өтініштерін, арыздарын, шағымдарын қарайды. Тұрғындардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау жөнінде шаралар қолданады, салық және бюджетке төленетін басқа да төлемдерді жинауға жәрдемдеседі, коммуналдық тұрғын үй қорының сақталуын, автомобиль жолдарының салынуын, қайта жаңартылуын, жөнделуін және күтіп ұсталуын үйлестіреді, табысы аз адамдарды анықтайды, атаулы әлеуметтік көмек көрсету жөнінде ұсыныс енгізеді. Сондай-ақ жалғызілікті қарттарға және еңбекке жарамсыз азаматтарға қызмет көрсетуді, қоғамдық жұмыстарды, жастар практикасын және әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастырады, шаруа немесе фермер қожалықтарын, кәсіпкерлік қызметті дамытуға жәрдемдеседі. Бұл қызметтердің ішінде аса маңыздысы – бюджеттен қаржыландыру моделін әзірлеу. Бұрын бюджеттік жүйе үш деңгейде қарастырылып келсе, 2018 жылдан бастап бюджеттің төртінші деңгейі енгізілді. “Бюджет туралы” кодексте айқындалғандай, түсімдер есебінен қалыптастырылатын және ауылдық округ әкіміне ведомстволық бағынысты мемлекеттік мекемелердің міндеттері мен функцияларын қамтамасыз етуге және тиісті әкімшілік-аумақтық бірлікте мемлекеттік саясатты іске асыруға арналған орталықтандырылған ақша қоры ауылдық округ бюджеті болып табылады. Бұл бюджет жергілікті қоғамдастық жиналысымен келісілгеннен кейін аудандық мәслихаттың шешімімен бекітіледі. Бюджет құрылымы кірістерден, шығындардан, таза бюджеттік кредиттеуден, қаржы активтерімен операциялар бойынша сальдодан, профициттен құралады. Былтыр кірістер – 167218,7 мың, салықтық түсімдер – 1840,6 мың меншікке салынатын салықтар – 1837,7 мың, мүлікке салынатын салықтар – 130 мың, трансферттердің түсімі 164165,8 мың теңгені құрады. Одан елді мекендерді сумен жабдықтауға – 198 мың, көшелерді жарықтандыруға – 2230 мың, абаттандыру мен көгалдандыруға 9200 мың, автомобиль жолдарын күрделі және орташа жөндеуге 1879 мың теңге бағытталды. Бұдан бөлек, “Ауыл – ел бесігі” жобасы аясында әлеуметтік және инженерлік-инфрақұрылымдық бағдарламалар жүзеге асырылды. Биыл кірістер – 25639 мың, салықтық түсімдер – 4039 мың, табыс салығы –1990 мың, меншікке салынатын салықтар – 2099 мың, мүлікке салынатын салықтар – 170 мың, жерді және материалдық емес активтерді сату – 1504 мың, трансферттердің түсімі – 20001 мың, шығыстар 25639 мың теңге болып бекітілді.

Алда жергілікті өзін-өзі басқарудың қаржылық мүмкіндіктері арттырылып, кірісін еселеуге барлық күш-жігерді жұмылдыру міндеті тұр. Соған сәйкес нормативтік база мен тиісті іс-шаралар әзірленіп, инфрақұрылымдар мен әлеуметтік бастамаларға, жергілікті маңызы бар мәселелерге кеңінен қолдау жасалатын болады.

Асхат СӘРСЕНБАЕВ,

Кіші Қараой ауылдық округінің әкімі.

Ақжар ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp