Қасиетті Рамазан айында Петропавлдағы темір жол вокзалында намазхана ашылады. Бұл туралы “Қызылжар” орталық мешітінің өкілдері хабарлады.
Бүгінде ғибадат үйінің қызметкерлері темір жол вокзалының басшылығымен келісіп, ғимараттың екінші қабатында арнайы бөлмені намазхана етіп жабдықтауда. Бұл жерде, әсіресе түнгі, таңғы уақытта жол жүріп бара жатқандар намаздарын қаза қылмай, бес парыздың бірін еш қиындықсыз орындай алады. Сонымен қатар құқық бұзушылықтарды болдырмау үшін намазхана бейнебақылау камерасымен қамтамасыз етілмек. “Біз намазхананы қажетті заттармен жабдықтап қойдық. Еденге жылы төсеніш төселген. Оған бір мезгілде 4-5 адам кіріп, құлшылықтарын орындай алады. Дәрет алатын орын да қарастырылған, – дейді “Қызылжар” орталық мешітінің бас имамы Хамзат Қажымұратұлы. Имамдар дәл осындай намазхананы Петропавл әуежайда да ашуды жоспарлап отыр.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.