Өңірдің денсаулық сақтау саласына міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында жаңа технологиялар енгізіліп жатыр. Былтыр Петропавлда 100-ге жуық эндоваскулярлық ота жасалса, биыл бас және мойын тамырларын нейроэндоваскулярлық тәсіл арқылы емдеу қолға алынбақшы.
“Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры” коммерциялық емес акционерлік қоғамы облыстық филиалының мәліметінше, өңірде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында 78 медициналық мекеме жұмыс істейді, олардың қатарында жекеменшік ұйымдар да бар.
“Биыл 64,6 млрд. теңгеге шарт жасалды. Қаржыландыру өткен жылмен салыстырғанда 19 пайызға артты. 2019 жылы тұрғындарға 740 мың қызмет көрсетілсе, 2022 жылдың өзінде 7 млрд. теңгеге 3 млн. 588 мың көмек көрсетілген. Бұл қызметтердің негізгі үлесі, яғни 84 пайызы – қор қаражаты есебінен өтелді”, – дейді “Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры” коммерциялық емес акционерлік қоғамы облыстық филиалының директоры Лариса Гордеева.
Облыста міндетті медициналық сақтандыру енгізілгеннен кейін оңалтуды дамыту қолға алынып, нәтиже бере бастады. Мәселен 2019 жылы 85,7 млн. теңгеге 117 мың қызмет көрсетілсе, 2022 жылы бұл сан 409,4 мыңға ұлғайған.
“Облыстық және қалалық медициналық ұйымдар бұрын қаржы тапшылығына байланысты енгізілмеген жаңа технологияларды пайдалануда. Соның бірі – артықшылықтары басым эндоваскулярлық әдістер. Олар аз травматикалық және жалпы анестезияны қажет ете қоймайды. Бұл отадан кейін ағза тез қалпына келеді. 94 эндоваскулярлық ота жасалды. Бұрын мұндай әдістер облысымызда қолданылмаған. 2023 жылға бас және мойын тамырларына нейроэндоваскулярлық араласулардың санын көбейту жоспарланған. Сондай-ақ бас миының ісіктері тамырларын және артериовенозды даму ақауларын эмболизациялау енгізілмек. Мұндай операциялардың орташа құны 600 мың теңгеден 5 миллион теңгеге дейін”, – дейді Лариса Гордеева.
Көпбейінді аурухана базасында былтыр 1265 хирургиялық-ортопедиялық ота жасалса, 2021 жылы – 404, яғни 861 науқасқа қосымша көмек көрсетілді. Сонымен қатар жаңа әдістер де енгізіліп жатыр, мысалы, үлкен бәшпайдың сыртқы қисаюын түзететін операцияның орташа құны 653 мың теңгені құрайды. Өткен жылы осындай 78 ота жасалған.
“2022 жылдың қараша айынан бастап ауыл тұрғындарына қосымша скринингтер енгізілді: 18 бен 29 жас аралығындағы ерлер мен әйелдерде артериялық гипертензияны, жүректің ишемиялық ауруын, қант диабетін, глаукоманы, 50 жастан 70 жасқа дейінгі ерлер мен әйелдерде тыныс алу органдарының ауруларын, 18 жастан 70 жасқа дейінгі ерлер мен әйелдерде асқазан-ішек жолдарының және созылмалы бүйрек ауруларын ерте анықтау бойынша тексерістер жүргізіледі. Профилактикалық тексерулермен 13 аудандық медициналық ұйым айналысады, биыл бұл іс-шараға 2 млрд. теңгеге жуық қаражат бөлінді”, – дейді филиал директоры Лариса Гордеева.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.