«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕМДЕУГЕ ТЫҢ ТӘСІЛДЕР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңірдің денсаулық сақтау саласына міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында жаңа технологиялар енгізі­ліп жатыр. Былтыр Петропавлда 100-ге жуық эндоваскулярлық ота жасалса, биыл бас және мойын тамырларын нейроэндо­васкулярлық тәсіл арқылы емдеу қолға алынбақшы.

“Әлеуметтік медициналық сақ­тан­дыру қоры” коммерциялық емес акционерлік қоғамы облыстық фи­лиалының мәліметінше, өңірде мін­детті әлеуметтік медициналық сақ­тан­дыру аясында 78 медициналық мекеме жұмыс істейді, олардың қа­та­рында жекеменшік ұйымдар да бар.

“Биыл 64,6 млрд. теңгеге шарт жасалды. Қаржыландыру өткен жыл­мен салыстырғанда 19 пайызға арт­ты. 2019 жылы тұрғындарға 740 мың қызмет көрсетілсе, 2022 жылдың өзінде 7 млрд. теңгеге 3 млн. 588 мың көмек көрсетілген. Бұл қызмет­тердің негізгі үлесі, яғни 84 пайызы – қор қаражаты есебінен өтелді”, – дейді “Әлеуметтік медициналық сақ­танды­ру қоры” коммерциялық емес акционерлік қоғамы облыстық фи­лиалының директоры Лариса Гор­деева.

Облыста міндетті медициналық сақтандыру енгізілгеннен кейін оңал­туды дамыту қолға алынып, нә­тиже бере бастады. Мәселен 2019 жылы 85,7 млн. теңгеге 117 мың қызмет көрсетілсе, 2022 жылы бұл сан 409,4 мыңға ұлғайған.

“Облыстық және қалалық меди­циналық ұйымдар бұрын қаржы тап­шылығына байланысты енгізілме­ген жаңа технологияларды пайда­лануда. Соның бірі – артықшылық­тары басым эндоваскулярлық әдіс­тер. Олар аз травматикалық және жалпы анестезияны қажет ете қой­майды. Бұл отадан кейін ағза тез қалпына келеді. 94 эндоваскуляр­лық ота жасалды. Бұрын мұндай әдістер облысымызда қолданылма­ған. 2023 жылға бас және мойын тамырларына нейроэндоваскуляр­лық араласулардың санын көбейту жоспарланған. Сондай-ақ бас миының ісіктері тамырларын және артериовенозды даму ақауларын эмбо­лизациялау енгізілмек. Мұндай опе­рациялардың орташа құны 600 мың теңгеден 5 миллион теңгеге дейін”, – дейді Лариса Гордеева.

Көпбейінді аурухана базасында былтыр 1265 хирургиялық-ортопедиялық ота жа­сал­са, 2021 жылы – 404, яғни 861 науқасқа қосымша көмек көрсетілді. Сонымен қатар жаңа әдістер де ен­гізіліп жатыр, мысалы, үлкен бәшпай­дың сыртқы қисаюын түзететін опе­рацияның орташа құны 653 мың теңгені құрайды. Өткен жылы осындай 78 ота жасалған.

“2022 жылдың қараша айынан бастап ауыл тұрғындарына қосымша скринингтер енгізілді: 18 бен 29 жас аралығындағы ерлер мен әйелдерде артериялық гипертензияны, жүректің ишемиялық ауруын, қант диа­бетін, глаукоманы, 50 жастан 70 жас­қа дейінгі ерлер мен әйелдерде ты­ныс алу органдарының ауруларын, 18 жастан 70 жасқа дейінгі ерлер мен әйелдерде асқазан-ішек жолда­рының және созылмалы бүйрек ау­руларын ерте анықтау бойынша тек­серістер жүргізіледі. Профилактикалық тексерулермен 13 аудандық ме­дициналық ұйым айналысады, биыл бұл іс-шараға 2 млрд. теңгеге жуық қаражат бөлінді”, – дейді филиал директоры Лариса Гордеева.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp