«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Он екі айдың сұлтаны

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бес парыздың бірі – Ораза үсті­міздегі жылы наурыз мейрамымен тұспа-тұс келеді. Күллі мұсылман қа­уымы үшін қасиетті болып санала­тын, ерекше мол сауап пен мүмкін­діктер беретін қасиетті Рамазан айы 2023 жылдың 23 наурызында бас­талады. Ораза айт – 21 сәуірде, ал Қадір түні сәуірдің 17-нен 18-не қара­ған түнінде, Құрбан айт 28 маусымда деп бекітілді.

Ақиқатында Рамазан – берекеге толы ай. Әрбір мұсылман бұл айда ауыз бекіту арқылы Жаратушыға жа­қындап, Раббымыздың мейірімінен үміт етеді. Барлық жамандық атаулы­дан тыйылып, өмірін жаңа парақтан бастауға мүмкіндік алады. Бұл қа­сиетті айдың әрбір күнін босқа жібе­ріп алмауға тырысу керек. Игі амал­дарға бірінші болып ұмтылып, Алла­дан зор сауапты күткен абзал, өйтке­ні бұл риясыз жақсылық жасайтын ай. Алланың сүйікті елшісі пайғамба­рымыз (с.ғ.с.) “Рамазан айының ал­ғашқы түні келгенде, жәннаттың есік­те­рі айқара ашылып, тозақтың есікте­рі жабылады, шайтандар кісенделеді” деген.

Қамшының сабындай тым қысқа өмірде салиқалы амалдарды көбірек жасауға тырысу – мұсылманның мін­деті. Құран оқу, Алланы еске алу, тас­бих тарту, дұға жасап, садақа беру, адамдарды жақсылыққа шақырып, тілден бастап, бүкіл денемен жаса­латын жамандықтан тыйылу, ілімді талап ету, айналаңа пайдаңды тигізу – Рамазан айында жасалатын ізгі амалдардың тек бір тізбегі ғана. Ра­мазан – ерекше ай. Ол Тәңірдің адам­затқа берген айрықша сыйы. Отыз күн жұмаққа беттелген отыз қадам­дай әр күнінде береке бар. Қасиетті Рамазанда шын ықыласпен ораза тұту арқылы, пенде өзін Алланың қаһа­рынан, тозақ отынан, қабір азабы­нан, әзәзілдің арбауынан, екіжүзділік­тен алыс болады. Бұл жанды бал­қытатын, жүректі жұмсартатын, рух­ты азықтандыратын ай.

Сахабалар Рамазанға аз уақыт қалғанда: “Қасиетті рамазанға жеткі­зе көр” деп, ол аяқталғаннан кейін: “Уа, Раббым! Оразамызды қабыл ете көр” деп, дұға жасайтын болған. Біз­дің көпшілігіміз Рамазанға қатысты лайықты жоспар құра алмағандықтан бұл айдың қалай өтіп кеткенін байқа­май қаламыз. Рамазанның әр күнін, әр сағатын босқа өткізіп алмауымыз қажет. Жоспарыңызда намазға, Құран оқуға, білім алуға, ізгі амалдар жа­сауға, үзіліп кеткен байланыстарды қайта қосуға тиісінше еңбек етуге орын болған дұрыс. Сонымен қатар әр оразада ерекше ізгі амал жасау арқылы бұл ораза өмір бақи есте қа­ларлықтай болуы қажет. Бұл қасиетті ай басталмай тұрып, оразаға қатысты фиқһ үкімдерін, парыздарын, сүннеттерін, оразаны бұзатын, бұзбай­тын амалдарды, оразадағы же­ңілдік­терді білген жөн.

Рамазан айындағы ораза – балиғатқа жеткен әрбір ер мен әйел мұсылманға парыз. Намаз сияқты ол да жекелей парыз етілген ғибадат болғандықтан біреу үшін біреу ораза тұта алмайды. Алла тағала Құран Кәрімде “Бақара” сүресінің 183-аятында: “Уа, иман келтіргендер! Сендерден бұрынғы үмметтерге ораза парыз етілгендей, сендерге де парыз етілді. Бәлкім сақтанарсыңдар. Санаулы күн­дерде”, – деген.

Ниетсіз ораза дұрыс болмайды. Кез келген оразаны тұтудан бұрын жүрекпен ниет етілуі тиіс. Әбу Ха­нифа мазхабы бойынша Рамазан айының басында ниет ету сол қа­сиетті ай үшін жеткілікті болып есептелінеді, қаласа күнделікті ниет етуге де болады. Ешқандай ниетсіз күні бойы аш жүру оразаға жатпайды. Ал оразаның уақытына келсек, сəресі таң намазының уақытына дейін бола­ды да, ақшам намазының уақытында ауыз ашылады.

Алла тағала Құран Кәрімде “Бақара” сүресінің 185-аятында: “сен­дерде кім Ораза айында болса ораза ұстасын, ал, біреу науқас не сапарда болса басқа күндерде санын толтырып ораза тұтсын” деген. Машақатты сапардағы жолаушы және науқас­танған мұсылман оразасын қаза қыла алады. Сондай-ақ, жүкті немесе жас баласы бар әйел өзінің және ба­ласының дансаулығынан қауіптенсе ораза тұтпауына рұқсат. Алайда бұлардың барлығына қазасын өтеу парыз.

Біздің халқымыз ежелден Рамазанды ерекше қастерлеп: “Он екі ай­дың сұлтаны”, – деп атаған. Берекесі мол айда жарамазан жырын айтып, ора­заның келгенін қуанышпен жеткізіп, насихаттаған. Ал ауызашар дас­тарқаны рухани сұхбаттың, бата мен ізгі тілектің қайнары болған. Ауыз бекіткен адамды айрықша қадірлеп, оған ауызашар беру – бағзыдан келе жатқан салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымыз.

Таңғы сәресі әр шаңырақ үшін қуа­нышты сәт болса, кешкі ауызашар ағайын мен туысты, бір қауым елді имандылыққа ұйытқан, мерекесі мен берекесі үйлескен бас қосу болатын. Аллаға шүкір, бұл игі дәстүр ғасырдан ғасырға жалғасып, жаңғырып келеді.

Рамазан – рақым айы. Алла Елшісі: “Кімде-кім Рамазан айында шынайы сеніммен, сауабын бір Алладан үміт етіп, ораза ұстаса, бұрын-соңды жасаған күнәлары түгелдей кешіріледі”, – деген. Қасиетті айдың құрметі үшін бір-бірін кешіріп, мейірімділік жолын ұстанған пенделер сауапқа кенеледі. Өзгеге мейірім көрсеткен адамға Алла тағала оны мейіріміне бөлейді. Кешіргенге – кешірім жаса­лады.

Рамазан – жақсылық айы. Оразада әрбір жақсы амалдың сауабы еселе­ніп жазылады. Хадис-шарифте айтыл­ған­дай, “адам баласының бар­лық игі іс­терінің сауабы артады. Әрбір жақсы­лыққа он еседен жеті жүз есеге дейін сауап жазылады”. Омы­рауда баласы бар, денсаулығы жарамайтын, кәрілік жет­кен қарттарымыз ауыз бекіткен кісі­лерге ауызашар берсе, ол да – абзал амалдың бірі.

Осы ретте жерлестерімізді ма­те­риал­дық көмекке мұқтаж жандарға көңіл бөліп, қайырымдылық іс-ша­ра­ларға белсенді түрде атсалысуға шақырамын. Кәсіпкерлерді рамазан­ның құрметі үшін азық-түлік, көкөніс пен тұрмыстық заттарға, жол-көлік ақысына жеңілдіктер жасауға үндейміз.

Рамазан – тәрбие айы. Ауыз бекіткен адам тілін жаман сөзден тежейді. Өйт­кені ардақты пайғамба­рымыз Мұхам­мед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): “Кім болса да ораза ұстаған күні жаман сөз айтпасын, әрі ешкімге дауыс көтер­месін…”, – деп өсиет еткен. Ра­сында, Алла тағала үшін тілін өтірік пен ғайбат сөзден тыймаған пендесінің ұстаған оразасы қажет емес.

Рамазан – қасиетті Құран түскен ай. Бұл айда адам баласын тура жол мен бақытқа бастайтын, ақиқат пен жалған­ның аражігін ажырататын Құран аяттары түсе бастады. Ораза кезінде Құранды ке­мін­де бір рет толық оқудың, мән-ма­ғы­­на­сын көңілге тоқудың сауабы айрық­ша.

Рамазан – сабыр айы. Аузы берік адам кейбір кісілердің дөрекі сөзі мен әдепсіз әрекетіне сабыр сақтап: “Мен оразамын”, – деген сөзбен нәпсісіне тоқтау салып, төзімділік танытады. Ал сабыр иесіне берілетін сый – жәннат.

Рамазан – өзгеру айы. Қасиетті Құран Кәрімнің “Рағыд” сүресінің 11-аятында: “Қайбір қауым өзін-өзі өзгертпейінше, Алла оны өзгертпейді”, – деп баяндалған.

Оразада адамның тұла бойы ізгілікке толып, сана-сезімі өзгереді. Бұл – қабыл болған оразаның көрінісі. Өзін өзгертуге тырысқан пенде Жаратқанның жарылқауына кенеледі. Алла тағала қасиетті айға аман есен жетуімізді, көп сауапты іс жасауымыз­ды нәсіп еткей!

Хамзат ӘДІЛБЕКОВ,

“Қызылжар” орталық мешітінің бас имамы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp