Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің арнайы құрылған тобы су тасқынының алдын алу үшін Ғабит Мүсірепов атындағы ауданға аттанды. Ведомство бастығының орынбасары Мұрат Қанғожиновтың айтуынша, су тасқынымен күрес тобына жеке құрамнан 23 адам кірген, сондай-ақ қауіпті аймаққа жол талғамайтын көліктер мен жүзу құралдары жіберіліпті.
“Мұндай іс-шара жылда көктемде қолға алынады. Біз облыстың су тасқыны болуы мүмкін қауіпті аймақтарына осылай құтқару тобын жасақтап жібереміз. Жалпы департамент жанынан 9 топ құрылды. Олардың екеуі алдағы уақытта Тимирязев және Айыртау аудандарына бармақ. Көктемгі су тасқынына қатысты жағдайды үнемі назарда ұстап отырмыз”, – дейді ол.
Департамент мамандары 27 наурызда Ғабит Мүсірепов атындағы және Айыртау аудандарында су қоймаларында мұзды жару жұмыстары жүргізілгенін жеткізді. Өзендердің сағасы тазартылып, елді мекендердің көшелеріндегі қар сыртқа шығарылған, аулалардағы су сорылған.
Облыста 1,5 мыңға жуық тұрғыны бар 42 елді мекенді су басу қаупі бар. Ал жалпы өңірде 6 мыңнан астам тұрғыны бар 85 елді мекен, соның 30-ы өзен деңгейінің көтерілуінен, 13-і көл суының тасуынан, 42-сі еріген қар суынан зардап шегуі мүмкін.
Биыл Есіл өзені бассейніндегі су қоры жылдағыдан 69 пайызға жоғары. Төтенше жағдайдың алдын алу үшін қазіргі уақытта елді мекендерден қар сыртқа шығарылып жатыр. Ал су тасқыны бола қалған жағдайда жедел әрекет ету үшін 500-ге жуық адаммен, 135 техника әзірленген.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.