Биыл қазақ өнеріне өлмес олжа салған әнші, сазгер Ақан сері Қорамсаұлының туғанына 180 жыл толады. Осынау мерейлі датаға орай Қызылжарда “Арқаның ардагері Ақан сері” атты ән кеші ұйымдастырылды.
Баурайын қарағай көмкерген таулары, айдынынан аққуы арылмаған көлдері бар әсем мекен – Қызылжар өңірі қазақ халқының талай марқасқа ұлдарын құндақтаған ғой. Солардың ішінде атағы алты алашқа тараған Ақан серінің есімі асқақ. Жүрек қылын шертер әуезді әндері – қазақтың баға жетпес қазынасы. Ол 1843 жылы қазіргі Айыртау ауданындағы Үлкен Қоскөлдің маңында дүниеге келген. Жастайынан алғырлығымен, зеректігімен, өнерімен көзге түскен Ақанға халық сері деген ат беріп, оның есімі күллі Алашқа мәшһүр болады. Ақанның ақындық өнерін әншілік дарыны әрлеп, сазгерлік қабілеті серілігімен ұласып жатты. Сондай-ақ оның атбегілік, құсбегілік, саятшылық өнерін бүгінде қазақ қауымы жатқа біледі.
Алаштың Ақан серісінің өмірі мен шығармашылығын зерттемеген ғалым, өз шығармасына арқау етпеген қаламгер кемде-кем. Солардың бірегейі қазақтың ардақты перзенттерінің бірі, аяулы ақын – Мағжан Жұмабаев бір еңбегінде: “Ақанның өмірі – ертегі өмір. Судай сұлу, желдей екпінді, жалпақ жұртқа жат, жұмбақ өмір” – деп аспандағы аққуға үнін қосқан классик әншінің ғұмырдариясын бір ауыз сөзбен көркем сипаттаған.
Ақанның өмірі мен өлеңдері қазақтың белгілі жазушыларының шығармаларына арқау болғаны көпшілікке аян. Атап айтқанда, Ілияс Жансүгіров “Құлагер” дастанын, Сәбит Мұқанов “Ақан өмірі” атты мақала, Ғабит Мүсірепов “Ақан сері – Ақтоқты” пьесасын, Сәкен Жүнісов “Ақан сері” романдилогиясын жазды.
Мәдени шара барысында ардақты тұлғаның өмірі мен артына қалдырған мұрасы жайлы осы және өзге де мәліметтер әсерлі әңгімелер арқылы сабақталып, көркем туындылармен өріліп жатты. Кештің әлқиссасында ұлытаулық шебер, күйші Азамат Бақия Ақан сері атындағы облыстық филармония ұжымына әншінің домбырасының көшірмесін сыйға тартты. “Бұл – біздің ұжым үшін құнды сыйлық. Ақан сері бабамыз қазақ ән өнерінің негізін қалаған дарабоздарымыздың бірі. Оның мол мұрасын қазіргі ұрпақ көздің қарашығындай сақтап, қадірлеуі керек. Осынау рухани кешті осы мақсатта ұйымдастырып отырмыз”, – деді дәстүрлі әнші Жанат Айтпаев. Ол Ақан серінің “Торыны таң асырып мінген қандай?!” атты әнін орындады.
Залда ине шаншар орынның болмағаны қуантты. Сахна төрінде әуелеген әндер, мың бұрала билеген бишілердің ширақ қимылдары, домбыраның күмбірлеген үні кештің көрігін қыздырып, көрерменнің көңіліне шуақ сыйлады. Тыңдарман қауым Ақан серінің шығармашылығына ғана қанық болмай, әр туындының тарихына, жазылу стиліне, мағынасына терең бойлады.
“Қазақ әнінің атасы – Біржан сал”, – дейміз. Одан бұрын Қызылжардың қырат-белін дүбірлеткен Сегіз сері бабамыз өткен. Осындай ән кемеңгерлерінің сырлы дүниесін толық меңгерген Ақан сері өзі де дәл солардай шабыт самғауына көтеріледі. Сөйтіп, Арқаның әншілік мектебінің алтын тәжіндей жарқырайды. Оның әуен-саздары бірде асқақ, бірде ойлы, бірде ойнақы да сырлы, шат сезімді, нәзік, кейбір әуендерінде терең толғау, толғақты пәлсафа, адамның жан күйінің шуағы, сәулесі, қуаты, шері мен шаттығы қат-қабат көрініс тауып жатады.
Жиналғандар Ақан серінің “Мақпал” әнін орындаған Асхат Тауышевтың өнеріне тәнті болды. “Ақан серінің туындыларының барлығы домбыраның сүйемелдеуімен орындалады. Соңғы жылдары ел арасында кең таралған мұралары операларға арқау болуда. Бұл бір жағынан бабамыздың шығармаларының өміршеңдігін көрсетсе, екіншіден Ақан сері мұраларына ынтық жастардың қатарын арттыруға септесуде”, – дейді ол.
Сахнаға “Әдемі-ау” би ансамблі шыққанда залдағы көрермен ерекше құрмет көрсетті. “Әдемі-аудың” қыздары бұл концертке тыңғылықты дайындалыпты. Ақан сері өмір сүрген заманға лайық киініп, серінің жүрегіне ғашықтық шоғын түсірген арулардай өнер көрсетті.
“Ақан сері алғашқы әйелі Бәтимадан Ыбан (Ыбырайым) есімді бір перзент көрген. Бәтима дүниеден өткен соң Ұрқия атты қызға үйленеді. Ақанның “Хат жаздым қағаз алып, қалам, сия” деп басталатын өлеңі осы Ұрқияға арналған. Ақан өмірінде өшпес із қалдырған адам – Ақтоқты сұлу. Ақтоқтыға үйленуді тағдыр Ақанға жазбаған. Ақанның “Ақ көйлек”, “Аужар”, “Алтыбасар”, “Ғашық жарға”, “Тағрипың” деп аталатын терең сырлы, ғажайып сезімге толы әндері осы Ақтоқтыға арналған. “Әдемі-ау” ансамблі аруларының өнері менің көз алдыма Ақтоқтының бейнесін елестетті. Өте тамаша көрініс”, – дейді көрермендердің бірі Асыл Исманғұлова.
Дәстүрлі әнші Біржан Есжан филармония ұжымының бұл шараға біраз уақыт дайындалғанын айтты. Өнерпаздар Ақан серінің бүгінге жеткен көптеген шығармаларын тыңдарман назарына ұсынуға тырысқан екен.
Сержан НҰРДОЛҚЫНҰЛЫ,
М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың студенті.