“ЮНИСЕФ” келтірген мәліметтерге сүйенсек, балаларға зорлық-зомбылық көрсету, ұрып-соғып тәрбиелеу жаһандық сипат алған. Соның салдарынан баланың үйден қашуы, далада түнеуі, түрлі қылмыстарға баруы, қатыгездік танытуы жиілеген. Жүргізілген зерттеулер бойынша жасөспірімдерді тәртіпке салу үшін отбасылардың 67 пайызы қол көтеру, 65 пайызы психологиялық, 39 пайызы физикалық өктемдікті қолданады екен. Облыстық прокуратурада құзырлы орган өкілдерінің қатысуымен өткен алқалы басқосу кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, болдырмау, жүзеге асырылып жатқан шараларды күшейту, мектептер мен ата-аналар арасындағы байланысты күшейту, отбасылық тәрбие құралдары мен құндылықтарды жандандыру, проблемаларды шешуге көмектесу, құқықтық сауаттылықты арттыру мәселелеріне арналды.
Жиынды облыс прокурорының бірінші орынбасары Абу-Али Саттар ашып, кәмелетке толмағандар зорлық-зомбылық құрбандарына жиі ұшырайтынын атап өтті. Жастардың қылмысқа үйірсектігі – отбасындағы қолайсыз жағдай, тұрмыс деңгейінің төмендігі, дау-жанжалдың салдары. Ата-ана бақылауынсыз қалған баланың бос уақыты тиімді ұйымдастырылмайды, сабаққа бармауы жиілейді, түнде көше кезіп, әлеуметтік желілердегі жағымсыз қылықтарға еліктейді, нашақорлыққа бойы үйреніп, ащы суға әуестенеді. Баланы қараусыз, бақылаусыз қалдырудың соңы қылмысқа ұласады. Жасөспірімдердің жаза басуынан бөлек, оларға көрсетілетін қатыгездік пен зорлық-зомбылық та жиілеген.
– 2021 жылы жасөспірімдерге қатысты 78, былтыр 67 қылмыс тіркелді. Өкінішке қарай, сексуалдық қатынасқа мәжбүрлеудің 7 оқиғасы орын алды. Кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық қол сұғушылық көрсеткішінің екі есеге көбейгені ойландырмай қоймайды – деген Абу-Али Анарбайұлы өңірде қоғамдық резонас тудырған бірқатар оқиғаларға тоқталды.
Облыс орталығында 14 жастағы қыздың 35 жастағы ер адаммен көңіл қосып, бірге тұрғанын білім беру ұйымдары да, тәртіп сақшылары да білмеген. Уәлиханов ауданында кездескен мына жайт та жаға ұстатады. Н. деген оқушы қорғаншылық және қамқоршылық органының шешімімен патронаттық қамқорлыққа берілген. “Іс бітті, қу кеттіге” санаған тиісті мамандар жетім баланың өмірін бақылаусыз қалдырған. Н. мектепке денесі көкала қойдай болып, көзі көгеріп келіп жүрген. Оған мектеп басшылығы да, сынып жетекшісі де, психолог та мүлдем назар аудармаған. Кейін белгілі болғандай, отбасылық тәрбиеге алған өгей әке ұрып-соғып, күн көрсетпеген. Ал Мағжан Жұмабаев ауданында әжесімен бірге тұрған қыз баланың тәрбиесімен әке-шешесі мүлдем айналыспаған. Кейін оны 23 жастағы жігіттің зорлағаны белгілі болған. Петропавл қаласындағы №4 мектепке балтамен қаруланып келіп, үш сыныптасын жарақаттаған жасөспірім осы оқиғаға дейін 3 ай бойы мектеп бетін көрмеген. Екі жыл бұрын өзіне қол салуға әрекеттенген екен. Мектеп басшылығы мен психолог оның деструктивті мінез-құлқын біле тұра тиісті мекемелерге хабар бермеген. Оқиға орын алған күні бейнебақылау жұмыс істемеген. Арнайы мамандандырылған күзет ұйымымен келісімшарт жасалмаған. Мұның бәрі жасөспірімдерге қатысты зорлық-зомбылыққа байланысты заңдар мен ережелердің қатаң сақталмайтынын, іс-шаралардың көбіне қағаз жүзінде қалатынын, “қиын балаларға” психологиялық көмектер уақытылы көрсетіле бермейтінін, жат әрекеттер ықпалында кеткендер бақылаусыз қалатынын аңғартады. Былтыр – 173, биыл 168 тұрмысы қолайсыз отбасы анықталған.
Облыстық прокуратура жасөспірімдер арасында қылмыстың алдын алуға қатысты қолданылып жатқан шараларға талдау жүргізіп, уәкілетті мемлекеттік органдарға 5 прокурорлық қадағалау актісін шығарған. 21 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылған.
Жиында облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Татьяна Протопопова есеп берді. 14 білім беру бөлімінде 22 маман өмірлік қиын жағдайға тап болған балалардың құқықтарын қорғаумен, дау-жанжалға, айғай-шуға бейім отбасыларды анықтаумен айналысады. Олар ювеналды инспекторлармен, басқа да тиісті ұйымдармен бірлесіп, профилактикалық жұмыстар жүргізеді. 417 психологиялық қызмет құрылған, оларға мектеп директорларының тәрбие мәселелері жөніндегі орынбасарлары жетекшілік етеді. Мектепішілік есепте тұрған 847 бала ұлттық білім беру деректер базасына енгізілген. 2021 жылы жасөспірімдер 38 қылмыс жасаса, биылғы көрсеткіш – 29. Олардың арасында алаяқтық, ұрлық фактілері аз емес.
Баяндамашы оқушылардың бос уақыттарын мазмұнды өткізу, өмірге деген дұрыс көзқарасын, азаматтық жауапкершілігін қалыптастыру, құқық бұзушылықтардың алдын алу, қ жат әрекеттерден сақтандыру, құқықтық мәдениет негіздерін игеру, рухани, эстетикалық тәрбие беру, адалдыққа, мейірімділікке, достыққа баулу мәселелеріне де тоқталды. Бұл бағыттар бойынша ата-аналар мен оқушылардың қатысуымен 56 пікірталас және “дөңгелек үстел” отырысы, 158 дәріс, 851 сынып сағаты, 464 жиналыс өткізілген. “Әйелдер қауіпсіздігі”, “Ерте жыныстық қатынас және оның салдары”, “Буллинг пен кибербуллингтің алдын алу” тақырыптары аясында тренинг-сабақтар ұйымдастырылған. Балалардың оқу процесі мен тәрбиесіне үкіметтік емес ұйымдар, қоғамдық бірлестіктер, ата-аналар комитеті, әкелер мен аналар кеңесі жүйелі түрде қатыстырылады. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты жүзеге асыруға 1800 мың теңге бөлінген. Анонимді психологиялық көмек көрсету бойынша сенім телефоны тәулік бойы жұмыс істейді. Кәмелетке толмағандарға арналып “Молодежная-Жастар” газеті шығарылып, өзекті проблемалар жарияланып тұрады. Әрбір жағымсыз оқиға негізінде білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментімен, бала, отбасы және әйелдер құқықтары жөніндегі уәкіл мамандарымен бірлесіп, комиссия құрылады. Жағдайға тиісті баға беріліп, шешім қабылданады. Тексеру қорытындылары шеңберінде Уәлиханов ауданы, Петропавл қаласы білім бөлімдерінің мамандары, мектеп әкімшілігі, психологтар, әлеуметтік педагогтар, сынып жетекшілері тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Жергілікті жерлердегі жағдайды зерделеу барысында мектеп психологтары мен әлеуметтік педагогтардың кәсіби деңгейінің төмендігі, әдістемелік көмектердің жеткіліксіздігі, құқық бұзушылықтарға дер кезінде ден қоймау, қауіпсіздікті жедел түрде қамтамасыз етпеу кемшіліктері анықталды. Соған орай 50 педагог-психологты біліктілік курстарынан өткізу белгіленген. Психологиялық қызметтердің тиімділігін арттыру мақсатында алдағы уақытта психологтың құжаттары электрондық форматқа ауыстырылады. Яғни “HR+” әлеуметтік-психологиялық мониторингінің автоматтандырылған жүйесіне қосылады. Айыртау, Ақжар, Уәлиханов аудандарында қорғаншылық және қамқоршылық жөніндегі функциялар әдіскерлерге жүктелген, енді бұл қызметті мемлекеттік қызметшілер орындайтын болады. Білім беру ұйымдарын қауіпсіздік жүйелерімен жарақтандыруға 388,8 млн. теңге қарастырылған.
Облыстық жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Александр Розбах өз сөзінде полиция есебінде “Әкімшілік құқық бұзушылық туралы” кодекс талаптарын орындамаған 796 ата-ана, түнде көше кезген 2492 жасөспірім әкімшілік жазаға тартылғанын, есепке 164 қолайсыз отбасы, 113 жасөспірім алынғанын мысалға келтірді. Ата-аналық құқығынан айыруға байланысты 112 материал жасөспірімдер ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотқа жолданып, 53-іне қанағаттанарлық шешім шығарылған.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.