Диас Аяған
Қызылжар ауданының орталығы – Бескөл ауылында ақиық ақын Мағжан Жұмабаевтың туғанына 130 жыл толуына орай “Бала тілі – бал” деген атаумен оқушылар айтысы өтті.
“Парасат” мектеп-лицейінде ұйымдастырылған сөз сайысында облыс орталығы мен Қызылжар ауданынан өлеңге ынтық 8 өрен бақтарын сынады. Сайысты ұйымдастырушы айтыскер ақын Қабдолла Бейісханның сөзінше, мұндай шаралар өңірімізде өлеңге бейім жастардың жаңа буынын қалыптастыруға сеп болады.
– Мен “Парасат” мектеп-лицейінің қабырғасында өлеңге, айтысқа, мәнерлеп оқуға үйір балаларға арналған үйірмеге жетекшілік етіп келемін. Осындай үйірмелер облыс орталығы мен Бәйтерек ауылында да бар. Бүгін сондағы жас дарындардың басын қосып, қабілеттерін байқап көрдік. Талапкерлердің арасында бұрын бірнеше рет сөз барымтасына түсіп, жүлде алып жүргендер де бар, – дейді ол.
Алғаш болып сахнаға шыққан Анел Қанашева мен Оңталап Ертуған өзара әзілге құрылған айтыстың үлгісін көрсетті. Екінші жұп Елнұр Оңдасын мен Арай Мархабаның сөз сайысы да осы тақырыпта өрбіді. Жас үміткерлердің арасында Мағжан ақынды, жастар арасындағы өзекті тақырыптарды өлең еткендері де болды. Осы жолғы айтыста бескөлдік Мансұр Мейманов пен Нұртөре Қажымұраттың тұсауы кесіліп, екеуі де өз деңгейінде сәтті өнер көрсетті. Мансұрдың әзіліне өлеңмен емес, күй тартып ұтымды жауап берген Нұртөренің тапқырлығы көрерменнің есінде қалғаны анық. 5-сынып оқушылары Сұлтан Жарқын мен Елдана Біржан да көрермен көзайымына айналып, сайыс нүктесін қойды.
Балғындардың өнерін бағалаған Өзбек Тастамбек, Ербақыт Амантайұлы, Жарқын Жұпархан, Жұмабек Рахимов сынды руханият жанашырлары оларға ақ батасын беріп, үлкен үміт күтетіндерін жеткізді. Айтысқа қолдау көрсеткен аудандық білім бөлімінің әдіскері Күнсұлу Зейноллақызы мен “Парасат” мектеп-лицейінің директоры Сағат Елеукина жас дарындарға ақ жол тіледі.
Сайыс қорытындысы бойынша арнайы жүлдені Ертуған Оңталап иеленіп, 3-орынға Елнұр Оңдасын мен Анель Канашева тұрақтады. Ал екінші орынды Нұртөре Қажымұрат алып, жүлделі бірінші орынды Сұлтан Жарқын еншіледі. Қазылардың шешімімен сайыстың бас жүлдесі Елдана Біржанға берілді. Айтыс соңында барлық жеңімпаздар мен қатысушыларға білім бөлімі мен айтысқа демеуші болған Жұмабек Рахимовтің атынан ақшалай сыйлықтар табысталды.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.