«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Кең тынысты, қуатты ақын

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Биыл қасиетті Қызылжар топырағында дүниеге келіп, қазақ халқының егемен ел болуы жолында еңбек еткен, төл әдебиетіміз бен мәдениетіміздің дамуына зор үлес қосқан бірқатар айтулы жерлестеріміздің мерейтойлары аталып өтілуде. Солардың қатарында XVIII ғасырдағы әдебиетіміздің ірі өкілдерінің бірі – Шал (Тілеуке) Құлекеұлының есімі ерекше ілтипатпен айтылады. С. Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада “Дүлдүл ақын” деген атаумен ұйымдастырылған әдеби шарада Шал ақынның өмірі мен шығармалары дәріптелді.

1748 жылы дүниеге келген Шал ақын Құлекеұлы ғұмырының соңына дейін теріскейді жайлаған. Ең алғаш 15 жа­сында өлеңге тоқтамайтын өжет мі­незімен көзге түскен ол түрлі тақырыптарға жыр арнап, айтысқа да қа­тысқан. Ақынның насихат өлеңдері мен нақыл сөздері осы күні де елдің аузынан түскен емес. Жазушы Мұх­тар Мағауинның Шал ақын туралы “Дәуірінің даналығын бойына сіңір­ген кең тынысты, қуатты ақын”, – деп баға беруі де жыр иесінің дарыны мен әдебиетіміздегі орнын айшық­тай түседі.

Жерлес ақынның бүгінге жеткен мұрасын салмақтаған зерттеушілер тарихи тұлға Бұқар жыраудан кейінгі жампоздардың бірі екенін айтады.

Көзі тірісінде:

“Түседі өлең десе қайғы-шерім,

Шығады айқайласам ащы терім.

Басылмас ауызымды ашқан, мен бір көрік,

Барады ықыласыңа көңілім еріп”, – деп жырлап өткен Шал ақын­ның өлеңдерінде өзі өмір сүрген за­мандағы әділетсіздік, теңсіздік, қоғамдық қатынастар жөніндегі көзқарастары анық көрінеді. Ақынның өлеңдеріне өзек болған ғиб­ратты сөздер, философиялық те­рең тұжы­рымдар, жақсы мен жаман, асыл мен жасық, адам өмірінің қал­тарысы мен бұлтарысы жөніндегі толғамдар жаныңды байытады. Әсі­ресе ақынның жастық пен кәрілік, балалық пен қарттық кезеңдерді сипаттаған терең мазмұнды пайымдары адам өмірінің әр белесін айнытпай суреттейді.

Шара шымылдығы жазушы, жур­налист Жақсыбай Самраттың “Шал ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы” атты баяндамасымен ашылып, одан әрі облысымыздың құрметті азаматы Серікбай Құсайы­новтың әсерлі әңгімесімен жалғас­ты. Күйші өз сөзінде “Шал ақынның арнауы” күйінің тарихы жайлы ай­тып, оны орындап берді.

Кітапхана оқырманы Айтмұқан Исмағұлов болса ақынның жиналған жастар­дың жадында қалар нақыл сөздерін жатқа айтты. Кешке қатыс­қан студенттер мен кітапхана жанын­дағы “Қаламгер” клубының мүшелері Шал ақынның жырларын оқып, көптің қошеметіне ие бол­ды. Мерейтой иесінің ұрпақтары Мұ­рат Жанті­леуов пен Ұмсындық Жан­тілеуова ақынды ардақтап жатқан жұрт­шылыққа алғыстарын білдірді.

Дамира СЕРІКБАЕВА,

С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхананың қызметкері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp