Биыл қасиетті Қызылжар топырағында дүниеге келіп, қазақ халқының егемен ел болуы жолында еңбек еткен, төл әдебиетіміз бен мәдениетіміздің дамуына зор үлес қосқан бірқатар айтулы жерлестеріміздің мерейтойлары аталып өтілуде. Солардың қатарында XVIII ғасырдағы әдебиетіміздің ірі өкілдерінің бірі – Шал (Тілеуке) Құлекеұлының есімі ерекше ілтипатпен айтылады. С. Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада “Дүлдүл ақын” деген атаумен ұйымдастырылған әдеби шарада Шал ақынның өмірі мен шығармалары дәріптелді.
1748 жылы дүниеге келген Шал ақын Құлекеұлы ғұмырының соңына дейін теріскейді жайлаған. Ең алғаш 15 жасында өлеңге тоқтамайтын өжет мінезімен көзге түскен ол түрлі тақырыптарға жыр арнап, айтысқа да қатысқан. Ақынның насихат өлеңдері мен нақыл сөздері осы күні де елдің аузынан түскен емес. Жазушы Мұхтар Мағауинның Шал ақын туралы “Дәуірінің даналығын бойына сіңірген кең тынысты, қуатты ақын”, – деп баға беруі де жыр иесінің дарыны мен әдебиетіміздегі орнын айшықтай түседі.
Жерлес ақынның бүгінге жеткен мұрасын салмақтаған зерттеушілер тарихи тұлға Бұқар жыраудан кейінгі жампоздардың бірі екенін айтады.
Көзі тірісінде:
“Түседі өлең десе қайғы-шерім,
Шығады айқайласам ащы терім.
Басылмас ауызымды ашқан, мен бір көрік,
Барады ықыласыңа көңілім еріп”, – деп жырлап өткен Шал ақынның өлеңдерінде өзі өмір сүрген замандағы әділетсіздік, теңсіздік, қоғамдық қатынастар жөніндегі көзқарастары анық көрінеді. Ақынның өлеңдеріне өзек болған ғибратты сөздер, философиялық терең тұжырымдар, жақсы мен жаман, асыл мен жасық, адам өмірінің қалтарысы мен бұлтарысы жөніндегі толғамдар жаныңды байытады. Әсіресе ақынның жастық пен кәрілік, балалық пен қарттық кезеңдерді сипаттаған терең мазмұнды пайымдары адам өмірінің әр белесін айнытпай суреттейді.
Шара шымылдығы жазушы, журналист Жақсыбай Самраттың “Шал ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы” атты баяндамасымен ашылып, одан әрі облысымыздың құрметті азаматы Серікбай Құсайыновтың әсерлі әңгімесімен жалғасты. Күйші өз сөзінде “Шал ақынның арнауы” күйінің тарихы жайлы айтып, оны орындап берді.
Кітапхана оқырманы Айтмұқан Исмағұлов болса ақынның жиналған жастардың жадында қалар нақыл сөздерін жатқа айтты. Кешке қатысқан студенттер мен кітапхана жанындағы “Қаламгер” клубының мүшелері Шал ақынның жырларын оқып, көптің қошеметіне ие болды. Мерейтой иесінің ұрпақтары Мұрат Жантілеуов пен Ұмсындық Жантілеуова ақынды ардақтап жатқан жұртшылыққа алғыстарын білдірді.
Дамира СЕРІКБАЕВА,
С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхананың қызметкері.