«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Баланы – жастан…

Өмір Есқали

 u_shalabaeva@mail.ru

“ЮНИСЕФ” келтірген мәліметтер­ге сүйенсек, балаларға зорлық-зомбылық көрсету, ұрып-соғып тәр­бие­леу жаһандық сипат алған. Соның салдарынан баланың үйден қашуы, далада түнеуі, түрлі қылмыстарға баруы, қатыгездік танытуы жиілеген. Жүргізілген зерттеулер бойынша жасөспірімдерді тәртіпке салу үшін отбасылардың 67 пайызы қол көте­ру, 65 пайызы психологиялық, 39 пайызы физикалық өктемдікті қолда­нады екен. Облыстық прокуратурада құзырлы орган өкілдерінің қатысуымен өткен алқалы басқосу кә­мелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, болдырмау, жүзеге асырылып жат­қан шараларды күшейту, мектептер мен ата-аналар арасындағы байланысты күшейту, отбасылық тәр­бие құралдары мен құндылықтарды жандандыру, проблемаларды шешуге көмектесу, құқықтық сауаттылықты арттыру мәселелеріне ар­налды.

Жиынды облыс прокурорының бірінші орынбасары Абу-Али Саттар ашып, кәмелетке толмағандар зор­лық-зомбылық құрбандарына жиі ұшырайтынын атап өтті. Жастардың қылмысқа үйірсектігі – отбасындағы қолайсыз жағдай, тұрмыс деңгейінің төмендігі, дау-жанжалдың салдары. Ата-ана бақылауынсыз қалған баланың бос уақыты тиімді ұйымдасты­рылмайды, сабаққа бармауы жиілейді, түнде көше кезіп, әлеуметтік желілердегі жағымсыз қылықтарға еліктейді, нашақорлыққа бойы үйреніп, ащы суға әуестенеді. Баланы қараусыз, бақылаусыз қалдырудың соңы қылмысқа ұласады. Жасөспірімдердің жаза басуынан бөлек, оларға көрсетілетін қатыгездік пен зорлық-зомбылық та жиілеген.

– 2021 жылы жасөспірімдерге қа­тысты 78, былтыр 67 қылмыс тіркел­ді. Өкінішке қарай, сексуалдық қатынасқа мәжбүрлеудің 7 оқиғасы орын алды. Кәмелетке толмаған­дарға қатысты жыныстық қол сұғушылық көрсеткішінің екі есеге көбейгені ойландырмай қоймайды – деген Абу-Али Анарбайұлы өңірде қоғамдық резонас тудырған бірқа­тар оқиғаларға тоқталды.

Облыс орталығында 14 жастағы қыздың 35 жастағы ер адаммен кө­ңіл қосып, бірге тұрғанын білім беру ұйымдары да, тәртіп сақшылары да білмеген. Уәлиханов ауданында кездескен мына жайт та жаға ұстатады. Н. деген оқушы қорғаншылық және қамқоршылық органы­ның шешімімен патронаттық қамқор­лыққа берілген. “Іс бітті, қу кеттіге” санаған тиісті мамандар жетім баланың өмірін бақылаусыз қалдырған. Н. мектепке денесі көкала қойдай болып, көзі көгеріп келіп жүрген. Оған мектеп басшылығы да, сынып жетекшісі де, психолог та мүлдем назар аудармаған. Кейін белгілі болғандай, отбасылық тәрбиеге алған өгей әке ұрып-соғып, күн көрсетпеген. Ал Мағжан Жұмабаев ауданында әжесімен бірге тұрған қыз баланың тәрбиесімен әке-шешесі мүлдем айналыспаған. Кейін оны 23 жастағы жігіттің зор­лағаны белгілі болған. Петропавл қаласын­дағы №4 мектепке балтамен қаруланып келіп, үш сыныптасын жарақаттаған жасөспірім осы оқи­ғаға дейін 3 ай бойы мектеп бетін көрмеген. Екі жыл бұрын өзіне қол салуға әрекеттенген екен. Мек­теп басшылығы мен психолог оның деструктивті мінез-құлқын біле тұра тиісті мекемелерге хабар бермеген. Оқиға орын алған күні бейнебақылау жұмыс істемеген. Арнайы мамандандырылған күзет ұйымымен келісімшарт жасалмаған. Мұның бәрі жасөспірімдерге қатысты зор­лық-зомбылыққа байланысты заңдар мен ережелердің қатаң сақталмайтынын, іс-шаралардың көбіне қағаз жүзінде қалатынын, “қиын балаларға” психологиялық көмектер уақытылы көрсетіле бермейтінін, жат әрекеттер ықпалында кеткендер бақылаусыз қалатынын аңғартады. Былтыр – 173, биыл 168 тұрмысы қолайсыз отбасы анықталған.

Облыстық прокуратура жасөс­пірімдер арасында қылмыстың алдын алуға қатысты қолданылып жатқан шараларға талдау жүргізіп, уәкілетті мемлекеттік органдарға 5 прокурорлық қадағалау актісін шығарған. 21 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылған.

Жиында облыстық білім басқар­масы басшысының орынбасары Татьяна Протопопова есеп берді. 14 білім беру бөлімінде 22 маман өмір­лік қиын жағдайға тап болған балалардың құқықтарын қорғаумен, дау-жанжалға, айғай-шуға бейім отба­сыларды анықтаумен айналысады. Олар ювеналды инспекторлармен, басқа да тиісті ұйымдармен бірле­сіп, профилактикалық жұмыстар жүргізеді. 417 психологиялық қызмет құрылған, оларға мектеп дирек­торларының тәрбие мәселелері жө­ніндегі орынбасарлары жетекшілік етеді. Мектепішілік есепте тұрған 847 бала ұлттық білім беру деректер базасына енгізілген. 2021 жылы жас­өспірімдер 38 қылмыс жасаса, биылғы көрсеткіш – 29. Олардың арасында алаяқтық, ұрлық фактілері аз емес.

Баяндамашы оқушылардың бос уақыттарын мазмұнды өткізу, өмірге деген дұрыс көзқарасын, азаматтық жауапкершілігін қалыптастыру, құ­қық бұзушылықтардың алдын алу, қ жат әрекеттерден сақтан­дыру, құқықтық мәдениет негіздерін игеру, рухани, эстетикалық тәрбие беру, адалдыққа, мейірімділікке, достыққа баулу мәселелеріне де тоқталды. Бұл бағыттар бойынша ата-аналар мен оқушылардың қаты­суымен 56 пікірталас және “дөңгелек үстел” отырысы, 158 дәріс, 851 сынып са­ғаты, 464 жиналыс өткізілген. “Әйелдер қауіпсіздігі”, “Ерте жыныстық қатынас және оның салдары”, “Буллинг пен кибербуллингтің алдын алу” тақырыптары аясында тренинг-сабақтар ұйымдастырылған. Балалардың оқу процесі мен тәрбиесіне үкіметтік емес ұйымдар, қоғамдық бірлестіктер, ата-аналар ко­митеті, әкелер мен аналар кеңесі жүйелі түрде қатыстырылады. Мем­лекеттік әлеуметтік тапсырысты жүзеге асыруға 1800 мың теңге бөлінген. Анонимді психологиялық кө­мек көрсету бойынша сенім теле­фоны тәулік бойы жұмыс істейді. Кәмелетке толмағандарға арналып “Молодежная-Жастар” газеті шығарылып, өзекті проблемалар жария­ланып тұрады. Әрбір жағымсыз оқиға негізінде білім саласындағы са­паны қамтамасыз ету департаментімен, бала, отбасы және әйелдер құқықтары жөніндегі уәкіл маманда­рымен бірлесіп, комиссия құрыла­ды. Жағдайға тиісті баға беріліп, ше­шім қабылданады. Тексеру қоры­тындылары шеңберінде Уәлиханов ауданы, Петропавл қаласы білім бө­лімдерінің мамандары, мектеп әкім­шілігі, психологтар, әлеуметтік пе­дагогтар, сынып жетекшілері тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Жергілікті жерлердегі жағдайды зерделеу барысында мектеп психо­логтары мен әлеуметтік педагогтардың кәсіби деңгейінің төмендігі, әдістемелік көмектердің жеткіліксіз­дігі, құқық бұзушылықтарға дер ке­зінде ден қоймау, қауіпсіздікті жедел түрде қамтамасыз етпеу кемші­лік­тері анықталды. Соған орай 50 пе­дагог-психологты біліктілік курста­рынан өткізу белгіленген. Психо­ло­гиялық қызметтердің тиімділігін арт­тыру мақсатында алдағы уақытта психологтың құжаттары электрон­дық форматқа ауыстырылады. Яғни “HR+” әлеуметтік-психологиялық мо­ниторингінің автоматтандырылған жүйесіне қосылады. Айыртау, Ақ­жар, Уәлиханов аудандарында қор­ғаншылық және қамқоршылық жөніндегі функциялар әдіскерлерге жүктелген, енді бұл қызметті мемле­кеттік қызметшілер орындайтын болады. Білім беру ұйымдарын қауіпсіздік жүйелерімен жарақтандыруға 388,8 млн. теңге қарасты­рылған.

Облыстық жергілікті полиция қыз­меті басқармасы бастығының орынбасары Александр Розбах өз сөзінде полиция есебінде “Әкімшілік құқық бұзушылық туралы” кодекс талаптарын орындамаған 796 ата-ана, түнде көше кезген 2492 жас­өспірім әкімшілік жазаға тартылғанын, есепке 164 қолайсыз отбасы, 113 жасөспірім алынғанын мысалға кел­тірді. Ата-аналық құқығынан айы­руға байланысты 112 материал жас­өспірімдер ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотқа жол­данып, 53-іне қанағаттанарлық шешім шығарылған.

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp