«Soltüstık Qazaqstan»

ұлы оқиғаны еске алу күні.бұл күн біздің жадымызда сақталады!

PDF

КӨНЕ МЕШІТТЕГІ ИСЛАМ МҰРАЖАЙЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қасиетті Рамазан айында облыс орталығындағы көне мешіттің ғимараты жаңғыртылып, ислам өркениетіне арналған музей ашылды. 1857 жылы салынған ғимарат бұған дейін “С.М.Киров атындағы зауыт” акционерлік қоғамының қоймасы ретінде пайдаланылып келген. Тарихи нысан мемлекет меншігіне қайтарылып, оған күрделі жөндеу жүргізілді.

Музейдің салтанатты ашылу рә­сі­міне өңір басшысы Айдарбек Сапаров, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы және зиялы қауым өкілдері қатыcты.

– Бұл – өңір мұсылмандары үшін айтулы оқиға. Қаламыздағы 19-шы ғасырда салынған көне мешіт қайта қалпына келді. Ғимараттың бастап­қы келбетін сақтауға баса мән берілді. Бұл – тарихымызға тағзым жа­сап, рухани құндылықтарды дәріп­теудің жарқын белгісі. Рухани орда дәстүрлі ислам тарихы мен мәде­ниетін насихаттауға елеулі үлес қосатын болады, – деді Айдарбек Сейпілұлы.

Меймандар руханият ордасы­ның ішіне кіріп, ондағы жәді­герлермен танысты, барлық залда­рын аралап көрді.

Ғимарат зауыттың иелегінде болғанымен кеңестік кезеңде мұнарасы бұзылмаған. Солтүстік Қазақ­стан облыстық мемлекеттік архиві­нің директоры Сәуле Мәлікованың айтуынша, мешіт туралы деректер Омбы, Орынбор, Уфа архивтерінен алынған.

2019 жылы “Архив – 2025” бағдарламасы аясында облыс әкімінің тапсырмасымен алыс-жақын ше­телдерден мешіттің тарихына байла­нысты құжаттарды жинақтау бас­талды. Петро­павл қаласында 9 мешіт болған. Оның алтауы тастан, үшеуі ағаштан салынған. 1795 жылы Қызылжарда алғаш рет тастан мешіт салынған. Ол тарихта Қасымов мешіті деп ата­лады. 1849 жылы Петропавлда алапат өрт болып, салдарынан ағаштан салынған ғимараттар жанып кеткен. Сондықтан халықтың сұрауы бойын­ша, Батыс Сібір генерал гу­бернаторының ұсынысымен осы ме­шіттің жобасы жасалыпты.

“1855 жылы 21 қыркүйекте Ре­сейдің ішкі істер министрі Петро­павл қаласы мешітінің жобасын қа­растыру үшін қоғамдық ғимарат­тарды байланыстыру жолдарының бас басқармасына хат жолдайды. Та­рихи деректерде бұл жобаның 1856 жылдың 19 желтоқсанында мақұлданып, оның құрылысына қа­ладағы саудагерлердің көмектескені жазылған. Соборлық ме­шіттің негізі 1857 жылы қаланған”, – дейді Сәуле Зейноллақызы.

Мешіт бір қабатты ғимарат ре­тінде тастан қаланып, жанынан екі деңгейлі, ұшына қарай сүйірленген күмбезі мен алтын жалатылған айы бар мұнара салынады. Кіреберісіне ағаштан ойылып жасалған есік орнатылған. Ғимараттан сегіз терезе шығарылады. Біраз жыл­дар бойы қойма ретінде пайдаланылғандықтан, ғимараттың қа­бырғалары жартылай қирап қалған. Алайда мешіттің азан шақыратын мінбері сол күйі сақталыпты. Бір ерекшелігі ол дөңгелек пішінде са­лынған.

Облыстық мәдениет, тілдерді да­мыту және архив ісі басқармасы мамандарының айтуынша, 1895 жылы бұл мешітке Мухамметхафиз Аб­дра­шитов деген кісі имам болып та­ғайындалады. Сәуле Мәлікова тарихи құжаттарда мешітке сол жыл­дары шамамен 351 ер адам мен 200-ден астам әйел тұрақты барып, на­маз оқып, түрлі діни шараларға қатысып тұрғаны туралы ақпарат кездесетінін жеткізді. Облыстық архивте сонымен қатар осы мешітте тіркелген адамдардың қашан туғаны, некеге отырғаны, қайтқаны жөніндегі жазбалар сақталған. Ең алғашқысы – 1861 жылғы кітап. 1937 жылы мешіт­тің имамы Мухамметхафиз Абдра­ши­тов ату жазасына кесіліп, нысан жұмысын тоқтатады.

Сәуле Мәлікованың айтуынша, мұсылманша хат таныту орны 1862 жылы іске қосылып, Магомед учили­щесінің жобасы бойынша жұмыс істепті. Оның үздіксіз қызмет етуі үшін осы жерде тілін сындырған шәкірттердің ата-аналары көмек көрсетіп, мешітке келген діндар жамағат пітір-садақа беріп отырған. Тағы бір деректерде Дәулеткелдиев көпестің мешіт жанынан мектеп пен дүкен салғаны жайлы айтылады. Жан-жақтан табылған мәліметтер бұл ғимараттың тарих және сәулет ескерткіші екенін растайды.

Петропавлдағы барлық мешіт­тер жиырмасыншы жылдардың со­ңына дейін жұмыс істеді, алайда олардың қызметі туралы архивте материалдар аз сақталған.

1929 жылдан бастап және оты­зыншы жылдары облысымызда, бү­кіл елдегідей, діни қызметкерлерге қарсы жаппай қуғын-сүргін саясаты жүргізілді. Осы кезеңде, әсіресе 1930-1931 жылда­ры көптеген діни ғиба­дат ғимараттары жабылды.

1929 жылдың соңында Петропавл қаласында жеті мешіт болды. 1930 жылы 2 наурызда облыстық атқару комитеті тағы үш мешітті жабу туралы қаулы қабылдады.

Мешіттердің жабылуы сенушілердің шағым жазуларымен ұштасты. Шағымдардың бір бөлігі сақталды. Олардың барлығы араб тілінде жазылған.

Жаңа кейіпке енген ислам өркениеті музейі ғылыми-ағартушылық, ғылыми-зерттеу және білім беру қызметін жүзеге асыруды көздейді. Сондай-ақ мұндағы мамандар музейге келушілерді исламның әлемдік дін ретіндегі жалпы түсінік­терімен таныстырып, тарих пен мәдениеттегі рөлі туралы кеңі­рек мағлұмат береді.

Музей екі залдан тұрады. Түркі тіліндегі қолжазба және баспа басылымдары, қыштан жасалған бұйым­дар мен Алтын Орда дәуі­рінің жәді­герлері, Құран кітаптары шараға қатысушылардың қызығу­шылығын тудырды. Олардың әрқай­сысы туралы ақпарат берген Сәуле Мәлікова алдағы уақытта музей қоры жаңа жә­дігерлермен толығаты­нын айтты.

Мұндағы құнды заттардың бірі – 18 ғасырда басылған Құран кітап. Одан бөлек, мұнда 19 ғасырда өмір сүрген Ідіріс қажы Айдарбек­ұлының орындығы, қасиетті Қағбаның дәстүрлі жамылғысы – қисуа, винил жазбалары, №3 мешіттің кітабы, тазарту рәсіміне арналған арнайы шапан – ихрам, имам Мұхаметжан Бегишевтің портреті қойылған.

Жаңғырту жұмыстарына 500 мил­лион теңгеден астам қаржы жұмсалғанын айта кеткен жөн.

Рабиға ЕРАЛЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp