«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Өлеңнің жарық жұлдызы

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Биыл Алаштың ардақты перзенті, аяулы ақын, жер­лесіміз Мағжан Жұмабаевтың туғанына 130 жыл толады. Осынау мерейлі датаға орай жер-жерлерде түрлі әдеби шаралар, рухани кештер ұйымдастырылуда. Соның бірі – М. Қо­зыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде өткен “Мағжан оқулары” .

Байқауға қатысушылар үш ата­лым бойынша бақтарын сынады. “Мен өлмеймін, менікі де өлмейді” атты кезеңде талапкерлер ақын өлең­дерін жатқа оқыды. Өлең жа­зуға құштар өрендер “Мен жастарға сенемін” атты аталымда қазылар алқасының назарына Мағжан ақынға ар­наған жырларын ұсынды. “Жұлдыз­ды жүзік, айды алқа ғып берейін” кезеңінде үміткерлер алдаспан ақынның сөзіне жазылған әндерді орындау шеберліктерін көрсетті.

Шараны университеттің басқар­ма мүшесі Ақмарал Тұрғалеева құт­тықтау сөзімен ашып, “Қызылжар-Ақпарат” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Жарасбай Сүлейменов, облыстық “Солтүстік Қазақстан” газетінің бас редакторы Ербақыт Амантай, руханият жан­ашы­ры Жомарт Омаров жылы ле­біздерін білдірді.

“Мағжан оқуларына” қатысқан студенттердің дені – университеттің қазақ тілі мен әдебиеті кафедра­сында білім алып жүрген өрендер. Олар ақын өлеңдерін нақышына келтіре оқып, әндерін әуелете шыр­қап, байқауға тыңғылықты дайын­дықпен келгендерін аңғартты. “Мен өлмеймін, менікі де өлмейді” атты аталымда Гүлай Қалиханова топ жарды. “Мен жастарға сенемін…” ке­зеңінде жас ақын Диас Аяған же­ңіске жетті. Ақынның сөзіне жазыл­ған туындыларды орындаған Тәтті­гүл Жәлелованы қазылар алқасы “Жұлдызды жүзік, айды алқа ғып бе­рейін” атты кезеңнің бас жүлдегері деп таныды.

Жазира КӨКБАС,

М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің аға оқытушысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp