Сегізінші шақырылымдағы облыстық мәслихаттың кезектен тыс екінші сессиясы өтіп, оның жұмысына өңір басшысы Айдарбек Сапаров қатысты.
Күн тәртібінде қаралған алғашқы мәселе – 2022-2024 жылдарға арналған облыстың бюджетін бекіту туралы шешімге толықтырулар енгізу жайында болды. Бұл жөнінде облыстық қаржы басқармасының басшысы Наталья Дышкант баяндады.
Биыл республикалық бюджеттің нақтылануынан кейін облысқа 40070 млн. теңге, оның ішінде білім беру саласына 796,1 млн. ал мектепке дейінгі мекемелер педагогтарының еңбекақысы үшін 474,5 млн. теңге, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары студенттерінің шәкіртақысын ұлғайтуға 321,6 млн. теңге бөлінген.
“Ауыл – ел бесігі” бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылатын 14 жобаға 3443 млн. теңге мақсатты трансферт қарастырылған. “Бизнестің жол картасы – 2025” бағдарламасы аясында 4 жоба қолдау тауып отыр. Бұған жұмсалатын қаржы – 936,1 млн. теңге. Сол сияқты инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды, жылу жүйесін дамыту, сапалы ауызсумен қамту жобаларын іске асыруға 8122,9 млн. теңге бағытталмақ. Бұдан бөлек, сессия барысында бірқатар басқармалар облыстық мәслихаттың бұған дейінгі шешімдеріне өзгерістер енгізу туралы ұсыныстарын жасады. Мемлекеттік орган өкілдерінің баяндамаларын мұқият тыңдаған халық қалаулылары айтылған ұсыныстарды бір ауыздан қолдады.
Сессия отырысына қатысқан облыс әкімі Айдарбек Сапаров республикалық, облыстық бюджеттен қаражаттың жеткілікті түрде бөлініп отырғанын айта келіп, тиімді жұмсау жолдарын қарастыруды, мәслихат депутаттары жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, жүзеге асырылатын іс-шараларды бақылауда ұстап, уақтылы орындалуын қамтамасыз етуі керектігін атап көрсетті.
Сессияда облыстық мәслихаттың депутаты Ерлан Алпысов Бескөл кентінде орналасқан “Құлагер” ипподромын жекеменшіктен алып, мемлекет иелігіне беру жөнінде ұсыныс айтты.
Қайрат САДЫҚОВ,
облыстық мәслихаттың баспасөз хатшысы.