Жуырда Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасының маманы хабарласып: “Біз Жарасқан Әбдірешевтің туғанына 75 жыл толуына орай әдеби кеш ұйымдастырғалы жатыр едік. Сол шараға келіп, ақынның бір өлеңін оқып бересіз бе?” – деп қолқа салды. Студент кезімде Жарасқан ақынның махаббат, табиғат тақырыбындағы жырларын сүйіп оқығандықтан, бұл ұсынысқа қуана келісе кеттім. Содан қазақтың аяулы ақындарының бірі болған қаламгердің кітаптарын қайта бір парақтап шықтым.
Ақынның “Перзент парызы” деп аталатын пышақтың жүзіндей шағын жинағына жүзге тарта туындысы еніпті. Мені “Кірісу” деп аталатын өлеңі баурап алды.
“Кіріспе” демей “Кірісу” қойдым жыр атын.
Кірісу менің – міндетім, хақым, мұратым!
Өмірде мынау бәріне, бәрі, бәріне,
Кірісу керек, кірісу керек шын ақын!” – деп ой толғайды ақын.
Иә, шын ақын халқының мұңын мұңдап, жоғын жоқтауы, қоғамның кейбір келеңсіз тұстарын өлеңіне арқау етуі, сол арқылы әдебиеттің деңгейін өсіруі керек. Бір өкініштісі, қазіргі қазақ поэзиясында жүрген ақындардың дені махаббат лирикасынан ары аса алмай қалуда. Халықты, оқырманды толғандырып отырған өткір тақырыптар, өзекті мәселелер шетқақпай қалды.
Махаббат демекші, бұл тақырыпты қазақтың белгілі ақындарының барлығы дерлік жырлаған. Ешқашан көңіл түкпірінен өшпейтін, өлмейтін тақырыпты әр ақын өзінше қаузайды. Бірақ оны өлең тілінде сөйлетіп, жүрекке жеткізу – екінің бірінің қолынан келмейтін дүние. Жарасқан Әбдірешевтің көптеген өлеңдері махаббат лирикасына қанықтырады.
“Күтпеген жерде кез болдың,
Сен мынау қара бұрымсың.
Телмірген талай көздердің,
Түбіне жеткен зұлымсың!..”.
Жақсылық пен зұлымдық әлімсақтан бір-біріне кереғар ұғымдар емес пе? Ақын сол арқылы махаббаттың құдіретін танытқысы келетіндей. Адамның ақыл-ойын сілкіп оятатын да сезім, түртіп жайрататын да сезім бойыңды билемей қоймайды. Соның дегеніне көніп, әлекке түсесің. Соның айтқанымен от басасың, тағы бірде соның әсерімен ғаламатқа тап боласың. Ол да – Құдайдың бергені. Жарасқан ақын осы өлеңі арқылы махаббаттың күші кей кездері зұлымдықтан асып түсетіндей құдіретке ие екендігін айғақтайды.
“Жетістікке жеткен әр азаматтың артында асыл жары тұрады” деген тәмсіл бар ғой. Жарасқан Әбдірешевтің Құдай қосқан қосағы – Нәзгүлі. Ақын өзінің:
“О, махаббат!
Сегіз әріп – бір арман.
О, бір арман!
Қырық қыздан құралған.
Мұңлы жырсың, сырлы жырсың толғасам”, – деп өрілетін өлеңін асыл жарына арнапты. Қандай әдемі! Оқи бергің келеді.
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері.