Жарасқанның жырлары жанды баурап, жүректі толқытады

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жуырда Ғабит Мүсірепов атын­дағы балалар мен жасөс­пі­рімдер кітапханасының маманы ха­барласып: “Біз Жарасқан Әбдіре­шев­тің туғанына 75 жыл толуына орай әдеби кеш ұйым­дастырғалы жатыр едік. Сол ша­раға келіп, ақын­ның бір өлеңін оқып бересіз бе?” – деп қолқа салды. Студент ке­зімде Жарасқан ақын­ның махаб­бат, табиғат тақыры­бындағы жыр­ларын сүйіп оқыған­дықтан, бұл ұсы­нысқа қуана келісе кеттім. Содан қазақтың аяулы ақындарының бірі болған қалам­гердің кітаптарын қайта бір парақ­тап шықтым.

Ақынның “Перзент парызы” деп аталатын пышақтың жүзіндей шағын жинағына жүзге тарта туын­дысы еніпті. Мені “Кірісу” деп ата­латын өлеңі баурап алды.

“Кіріспе” демей “Кірісу” қойдым жыр атын.

Кірісу менің – міндетім, хақым, мұратым!

Өмірде мынау бәріне, бәрі, бәріне,

Кірісу керек, кірісу керек шын ақын!” – деп ой толғайды ақын.

Иә, шын ақын халқының мұңын мұңдап, жоғын жоқтауы, қоғамның кейбір келеңсіз тұстарын өлеңіне арқау етуі, сол арқылы әдебиеттің деңгейін өсіруі керек. Бір өкініштісі, қазіргі қазақ поэзиясында жүрген ақындардың дені махаббат лири­касынан ары аса алмай қалуда. Халықты, оқырманды толған­ды­рып отырған өткір тақырыптар, өзекті мәселелер шетқақпай қал­ды.

Махаббат демекші, бұл тақы­рыпты қазақтың белгілі ақын­да­рының барлығы дерлік жырлаған. Ешқашан көңіл түкпірінен өш­пей­тін, өлмейтін тақырыпты әр ақын өзінше қаузайды. Бірақ оны өлең тілінде сөйлетіп, жүрекке жеткізу – екінің бірінің қолынан келмейтін дүние. Жарасқан Әбдірешевтің көп­теген өлеңдері махаббат лири­касына қанықтырады.

“Күтпеген жерде кез болдың,

Сен мынау қара бұрымсың.

Телмірген талай көздердің,

Түбіне жеткен зұлымсың!..”.

Жақсылық пен зұлымдық әлім­сақ­тан бір-біріне кереғар ұғымдар емес пе? Ақын сол арқылы ма­хаббаттың құдіретін танытқысы келетіндей. Адамның ақыл-ойын сілкіп оята­тын да сезім, түртіп жай­рататын да сезім бойыңды би­лемей қой­май­ды. Соның дегеніне көніп, әлекке түсесің. Соның айт­қанымен от ба­сасың, тағы бірде соның әсерімен ғаламатқа тап боласың. Ол да – Құдайдың бер­гені. Жарасқан ақын осы өлеңі арқылы махаббаттың күші кей кездері зұлымдықтан асып түсе­тіндей құдіретке ие екендігін ай­ғақтайды.

“Жетістікке жеткен әр аза­мат­тың артында асыл жары тұрады” деген тәмсіл бар ғой. Жарасқан Әбдірешевтің Құдай қосқан қосағы – Нәзгүлі. Ақын өзінің:

“О, махаббат!

Сегіз әріп – бір арман.

О, бір арман!

Қырық қыздан құралған.

Мұңлы жырсың, сырлы жыр­сың толғасам”, – деп өрілетін өле­ңін асыл жарына арнапты. Қандай әдемі! Оқи бергің келеді.

Самрат ҚҰСКЕНОВ,

облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp