«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Жас кәсіпкерлер қолдауға ие

Бектұрған Лақадыл

 turgan_bek84@mail.ru

“Аграрлық несие корпорациясы” АҚ-ның облыстық филиалы жеңілдетілген несие беру үшін өті­ніштерді қабылдап жатыр. Осы күнге дейін өңір жастарынан 16 өтініш түсіп, алғашқылары мақұлданды.

Несие жеке кәсіпкер ретінде тіркелгеніне 5 жыл толмаған, 21 мен 35 жас аралығындағы жастарға бе­ріледі. Сомасы 5 млн. теңгеге дейін несие мал шаруашылығына – 7 жыл­ға, басқа кәсіп түрлеріне 5 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Кепілге жылжымай­тын мүлік, арнайы техни­ка немесе жер учаскесі қойылады.

“Аграрлық несие корпорациясы” АҚ облыстық филиалының дирек­торы Алмат Қожахметов облыстық әкімдік жанынан құрылған арнайы комиссия келіп түскен өтініштердің арасынан бесеуін мақұлдағанын айтты. Тағы 120 үміткер құжаттарын әзірлеп жатыр. Үстіміздегі жылы “Жас­тар несиесі” бағдарламасы ая­сында өңіріміздің 130 жас кәсіпкерін несиелеу көзделіп отыр. Бұған 650 миллион теңге бөлінген.

Бұдан бөлек, “Аграрлық несие кор­порациясы” АҚ-ның филиалы “Іс­кер” бағдарламасы бойынша несие­леуге өтініш қабылдауда. Бұл – стар­тап-жобалар мен кәсібін жаңа бас­тап жатқандарды қолдауға бағыт­талған бағдарлама. Халықтың табы­сын арттырудың 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылады. Ауыл және ша­ғын қала тұрғындарына арналған со­масы 6 млн. теңгеге дейінгі несие жыл­­дық 6 пайызбен 7 жылға бері­леді.

Жыл басынан бері облыста 266 тұрғын “Іскер” бағдарламасы ар­қы­лы несие алуға құжаттарын тап­сырған. Нәтижесінде жалпы құны 1,3 миллиард теңгенің 247 жобасы қар­жыландырылды. Шағын кәсіпкер­лер­дің 45 пайызы – өсімдік шаруа­шы­лығына, 30 пайызы – мал ша­руашылығына, 25 пайызы – басқа биз­нес түріне несие алған. Жыл со­ңына дейін аталған бағдарлама бо­йынша 350 шағын кәсіпкерді қар­жылай қолдау жоспарланып отыр.

Мәселен, Шал ақын ауданы Се­миполка ауылының тұрғыны Асқар Әубәкіров жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, өз кәсібін дамытпақшы. Ол жүк көлігін сатып алып, тасымалдау қызметін көрсетпек.

– Жеңілдетілген несие мен секіл­ді жастарға жеке ісін ашып, кәсіп­керлікпен айналысуға жол ашады. Несиенің шарты өте ыңғайлы. Жы­лына 2,5 пайыз ғана. Бұған қоса несие каникулы бар, бұл аяқтан тұрып алуға мүмкіндік береді, – дейді жас кәсіпкер Асқар Әубәкіров.

Облыстық әкімдік жанындағы комиссия жас кәсіпкердің бизнес-жобасын несиелеуге лайық деп шешті.

Бектұрған ЛАҚАДЫЛ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp