“Аграрлық несие корпорациясы” АҚ-ның облыстық филиалы жеңілдетілген несие беру үшін өтініштерді қабылдап жатыр. Осы күнге дейін өңір жастарынан 16 өтініш түсіп, алғашқылары мақұлданды.
Несие жеке кәсіпкер ретінде тіркелгеніне 5 жыл толмаған, 21 мен 35 жас аралығындағы жастарға беріледі. Сомасы 5 млн. теңгеге дейін несие мал шаруашылығына – 7 жылға, басқа кәсіп түрлеріне 5 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Кепілге жылжымайтын мүлік, арнайы техника немесе жер учаскесі қойылады.
“Аграрлық несие корпорациясы” АҚ облыстық филиалының директоры Алмат Қожахметов облыстық әкімдік жанынан құрылған арнайы комиссия келіп түскен өтініштердің арасынан бесеуін мақұлдағанын айтты. Тағы 120 үміткер құжаттарын әзірлеп жатыр. Үстіміздегі жылы “Жастар несиесі” бағдарламасы аясында өңіріміздің 130 жас кәсіпкерін несиелеу көзделіп отыр. Бұған 650 миллион теңге бөлінген.
Бұдан бөлек, “Аграрлық несие корпорациясы” АҚ-ның филиалы “Іскер” бағдарламасы бойынша несиелеуге өтініш қабылдауда. Бұл – стартап-жобалар мен кәсібін жаңа бастап жатқандарды қолдауға бағытталған бағдарлама. Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылады. Ауыл және шағын қала тұрғындарына арналған сомасы 6 млн. теңгеге дейінгі несие жылдық 6 пайызбен 7 жылға беріледі.
Жыл басынан бері облыста 266 тұрғын “Іскер” бағдарламасы арқылы несие алуға құжаттарын тапсырған. Нәтижесінде жалпы құны 1,3 миллиард теңгенің 247 жобасы қаржыландырылды. Шағын кәсіпкерлердің 45 пайызы – өсімдік шаруашылығына, 30 пайызы – мал шаруашылығына, 25 пайызы – басқа бизнес түріне несие алған. Жыл соңына дейін аталған бағдарлама бойынша 350 шағын кәсіпкерді қаржылай қолдау жоспарланып отыр.
Мәселен, Шал ақын ауданы Семиполка ауылының тұрғыны Асқар Әубәкіров жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, өз кәсібін дамытпақшы. Ол жүк көлігін сатып алып, тасымалдау қызметін көрсетпек.
– Жеңілдетілген несие мен секілді жастарға жеке ісін ашып, кәсіпкерлікпен айналысуға жол ашады. Несиенің шарты өте ыңғайлы. Жылына 2,5 пайыз ғана. Бұған қоса несие каникулы бар, бұл аяқтан тұрып алуға мүмкіндік береді, – дейді жас кәсіпкер Асқар Әубәкіров.
Облыстық әкімдік жанындағы комиссия жас кәсіпкердің бизнес-жобасын несиелеуге лайық деп шешті.
Бектұрған ЛАҚАДЫЛ,
“Soltüstık Qazaqstan”.