Қасиетті Рамазан айында облыс орталығындағы көне мешіттің ғимараты жаңғыртылып, ислам өркениетіне арналған музей ашылды. 1857 жылы салынған ғимарат бұған дейін “С.М.Киров атындағы зауыт” акционерлік қоғамының қоймасы ретінде пайдаланылып келген. Тарихи нысан мемлекет меншігіне қайтарылып, оған күрделі жөндеу жүргізілді.
Музейдің салтанатты ашылу рәсіміне өңір басшысы Айдарбек Сапаров, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы және зиялы қауым өкілдері қатыcты.
– Бұл – өңір мұсылмандары үшін айтулы оқиға. Қаламыздағы 19-шы ғасырда салынған көне мешіт қайта қалпына келді. Ғимараттың бастапқы келбетін сақтауға баса мән берілді. Бұл – тарихымызға тағзым жасап, рухани құндылықтарды дәріптеудің жарқын белгісі. Рухани орда дәстүрлі ислам тарихы мен мәдениетін насихаттауға елеулі үлес қосатын болады, – деді Айдарбек Сейпілұлы.
Меймандар руханият ордасының ішіне кіріп, ондағы жәдігерлермен танысты, барлық залдарын аралап көрді.
Ғимарат зауыттың иелегінде болғанымен кеңестік кезеңде мұнарасы бұзылмаған. Солтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік архивінің директоры Сәуле Мәлікованың айтуынша, мешіт туралы деректер Омбы, Орынбор, Уфа архивтерінен алынған.
2019 жылы “Архив – 2025” бағдарламасы аясында облыс әкімінің тапсырмасымен алыс-жақын шетелдерден мешіттің тарихына байланысты құжаттарды жинақтау басталды. Петропавл қаласында 9 мешіт болған. Оның алтауы тастан, үшеуі ағаштан салынған. 1795 жылы Қызылжарда алғаш рет тастан мешіт салынған. Ол тарихта Қасымов мешіті деп аталады. 1849 жылы Петропавлда алапат өрт болып, салдарынан ағаштан салынған ғимараттар жанып кеткен. Сондықтан халықтың сұрауы бойынша, Батыс Сібір генерал губернаторының ұсынысымен осы мешіттің жобасы жасалыпты.
“1855 жылы 21 қыркүйекте Ресейдің ішкі істер министрі Петропавл қаласы мешітінің жобасын қарастыру үшін қоғамдық ғимараттарды байланыстыру жолдарының бас басқармасына хат жолдайды. Тарихи деректерде бұл жобаның 1856 жылдың 19 желтоқсанында мақұлданып, оның құрылысына қаладағы саудагерлердің көмектескені жазылған. Соборлық мешіттің негізі 1857 жылы қаланған”, – дейді Сәуле Зейноллақызы.
Мешіт бір қабатты ғимарат ретінде тастан қаланып, жанынан екі деңгейлі, ұшына қарай сүйірленген күмбезі мен алтын жалатылған айы бар мұнара салынады. Кіреберісіне ағаштан ойылып жасалған есік орнатылған. Ғимараттан сегіз терезе шығарылады. Біраз жылдар бойы қойма ретінде пайдаланылғандықтан, ғимараттың қабырғалары жартылай қирап қалған. Алайда мешіттің азан шақыратын мінбері сол күйі сақталыпты. Бір ерекшелігі ол дөңгелек пішінде салынған.
Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мамандарының айтуынша, 1895 жылы бұл мешітке Мухамметхафиз Абдрашитов деген кісі имам болып тағайындалады. Сәуле Мәлікова тарихи құжаттарда мешітке сол жылдары шамамен 351 ер адам мен 200-ден астам әйел тұрақты барып, намаз оқып, түрлі діни шараларға қатысып тұрғаны туралы ақпарат кездесетінін жеткізді. Облыстық архивте сонымен қатар осы мешітте тіркелген адамдардың қашан туғаны, некеге отырғаны, қайтқаны жөніндегі жазбалар сақталған. Ең алғашқысы – 1861 жылғы кітап. 1937 жылы мешіттің имамы Мухамметхафиз Абдрашитов ату жазасына кесіліп, нысан жұмысын тоқтатады.
Сәуле Мәлікованың айтуынша, мұсылманша хат таныту орны 1862 жылы іске қосылып, Магомед училищесінің жобасы бойынша жұмыс істепті. Оның үздіксіз қызмет етуі үшін осы жерде тілін сындырған шәкірттердің ата-аналары көмек көрсетіп, мешітке келген діндар жамағат пітір-садақа беріп отырған. Тағы бір деректерде Дәулеткелдиев көпестің мешіт жанынан мектеп пен дүкен салғаны жайлы айтылады. Жан-жақтан табылған мәліметтер бұл ғимараттың тарих және сәулет ескерткіші екенін растайды.
Петропавлдағы барлық мешіттер жиырмасыншы жылдардың соңына дейін жұмыс істеді, алайда олардың қызметі туралы архивте материалдар аз сақталған.
1929 жылдан бастап және отызыншы жылдары облысымызда, бүкіл елдегідей, діни қызметкерлерге қарсы жаппай қуғын-сүргін саясаты жүргізілді. Осы кезеңде, әсіресе 1930-1931 жылдары көптеген діни ғибадат ғимараттары жабылды.
1929 жылдың соңында Петропавл қаласында жеті мешіт болды. 1930 жылы 2 наурызда облыстық атқару комитеті тағы үш мешітті жабу туралы қаулы қабылдады.
Мешіттердің жабылуы сенушілердің шағым жазуларымен ұштасты. Шағымдардың бір бөлігі сақталды. Олардың барлығы араб тілінде жазылған.
Жаңа кейіпке енген ислам өркениеті музейі ғылыми-ағартушылық, ғылыми-зерттеу және білім беру қызметін жүзеге асыруды көздейді. Сондай-ақ мұндағы мамандар музейге келушілерді исламның әлемдік дін ретіндегі жалпы түсініктерімен таныстырып, тарих пен мәдениеттегі рөлі туралы кеңірек мағлұмат береді.
Музей екі залдан тұрады. Түркі тіліндегі қолжазба және баспа басылымдары, қыштан жасалған бұйымдар мен Алтын Орда дәуірінің жәдігерлері, Құран кітаптары шараға қатысушылардың қызығушылығын тудырды. Олардың әрқайсысы туралы ақпарат берген Сәуле Мәлікова алдағы уақытта музей қоры жаңа жәдігерлермен толығатынын айтты.
Мұндағы құнды заттардың бірі – 18 ғасырда басылған Құран кітап. Одан бөлек, мұнда 19 ғасырда өмір сүрген Ідіріс қажы Айдарбекұлының орындығы, қасиетті Қағбаның дәстүрлі жамылғысы – қисуа, винил жазбалары, №3 мешіттің кітабы, тазарту рәсіміне арналған арнайы шапан – ихрам, имам Мұхаметжан Бегишевтің портреті қойылған.
Жаңғырту жұмыстарына 500 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалғанын айта кеткен жөн.
Рабиға ЕРАЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.