Биыл Алаштың ардақты перзенті, аяулы ақын, жерлесіміз Мағжан Жұмабаевтың туғанына 130 жыл толады. Осынау мерейлі датаға орай жер-жерлерде түрлі әдеби шаралар, рухани кештер ұйымдастырылуда. Соның бірі – М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде өткен “Мағжан оқулары” .
Байқауға қатысушылар үш аталым бойынша бақтарын сынады. “Мен өлмеймін, менікі де өлмейді” атты кезеңде талапкерлер ақын өлеңдерін жатқа оқыды. Өлең жазуға құштар өрендер “Мен жастарға сенемін” атты аталымда қазылар алқасының назарына Мағжан ақынға арнаған жырларын ұсынды. “Жұлдызды жүзік, айды алқа ғып берейін” кезеңінде үміткерлер алдаспан ақынның сөзіне жазылған әндерді орындау шеберліктерін көрсетті.
Шараны университеттің басқарма мүшесі Ақмарал Тұрғалеева құттықтау сөзімен ашып, “Қызылжар-Ақпарат” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Жарасбай Сүлейменов, облыстық “Солтүстік Қазақстан” газетінің бас редакторы Ербақыт Амантай, руханият жанашыры Жомарт Омаров жылы лебіздерін білдірді.
“Мағжан оқуларына” қатысқан студенттердің дені – университеттің қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасында білім алып жүрген өрендер. Олар ақын өлеңдерін нақышына келтіре оқып, әндерін әуелете шырқап, байқауға тыңғылықты дайындықпен келгендерін аңғартты. “Мен өлмеймін, менікі де өлмейді” атты аталымда Гүлай Қалиханова топ жарды. “Мен жастарға сенемін…” кезеңінде жас ақын Диас Аяған жеңіске жетті. Ақынның сөзіне жазылған туындыларды орындаған Тәттігүл Жәлелованы қазылар алқасы “Жұлдызды жүзік, айды алқа ғып берейін” атты кезеңнің бас жүлдегері деп таныды.
Жазира КӨКБАС,
М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің аға оқытушысы.