Қызылжар ауданының орталығы Бескөл ауылында учаскелік полиция инспекторы тексеру мақсатымен “Ssang Yong” автокөлігін тоқтатқан. Полиция қызметкеріне көлікті басқарып келе жатқан 74 жастағы жергілікті тұрғын жақсы таныс болатын. Ол биыл қаңтар айында мас күйінде көлік тізгіндегені үшін жүргізуші куәлігінен айырылған. Сот шешімін елемеген одан ішімдіктің иісі шығып тұрған.
Медициналық куәландыру оның қайтадан орташа мас күйде көлік жүргізгендігін көрсетті. Аталған факті сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. “Қолданыстағы заңнама талабына сәйкес, мұндай мас жүргізушіге 5 мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салу, 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделеді, сондай-ақ заң бұзушы өмір бойы көлік жүргізу құқығынан айырылады. Автокөлік айып тұрағына қойылды”, – дейді Қызылжар аудандық полиция бөлімінің бастығы Әлихан Байқадамов.
Жыл басынан облыс жолдарында көлік басқару құқығынан айырылса да рөлге отырған он мас жүргізуші ұсталды.
Нұрбек БАЕКИН,
облыстық полиция департаменті ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімінің инспекторы.