Петропавлда “Агро Қызылжар” ауыл шаруашылығы техникаларының республикалық көрмесі ұйымдастырылды. Оған елімізге танымал “СТО-Агро”, “Казростселмаш”, “Агромаш”, “Батыр СК”, “Байдала”, “Севтепломаш”, “Дон Мар” сияқты ірі компаниялар қатысты.
Көрменің ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов жергілікті агроөнеркәсіп саласы мемлекет тарапынан үлкен қолдауға ие болып отырғанын, көрме өткізу мақсаты диқандар үшін ортақ диалог алаңын құра отырып, қолжетімді, заманауи техникалармен жан-жақты таныстыру болып табылатынын атап өтті.
Көрмеге жүзден астам әртүрлі маркалы техникалар қойылған. Олардың арасында егіс кешендері, шетелдік комбайндарды, алымды жаткалар бар. Әсіресе отандық өнімдерге барынша басымдық берілген. Бір сөзбен айтқанда, диқандар қауымы көктемгі, күзгі дала жұмыстарын кеңінен қолданылатын техникалардың жаңа түрлерімен танысуға мүмкіндік алды. Екі тарапқа да тиімді шара барысында делдалсыз тікелей ұсыныстар жасалып, тәжірибе алмасып жатты. Әлемге әйгілі неміс комбайны – “CLAAS”-тың Петропавл қаласында құрастырылатыны белгілі. Шаруашылық жетекшілері өнімділігі жоғары, бағасы қолжетімді техника жайлы жан-жақты білмекке асықты. Шетелдерден сатып алынса, айтарлықтай қымбатқа түсері анық. Соған қарағанда, отандық өнімге деген сұраныс жоғары екенін аңғардық. Мәселен, Ақжар ауданындағы “Бекет” шаруа қожалығының басшысы Марат Шәпенов көрмеге арнайы келіп, компаниялармен келісімшарт жасамақ ниетте екен.
Облыс орталығында орналасқан “TT-ENCINEERING” кәсіпорны өз ісін жаңа бастаса да, біраз тәжірибе жинақтап қалғаны байқалады. Кәсіпорын директоры Талғат Кенжебаев тіркемелі, дискілі, екіқатарлы тырмалар, көтермелі соқалар топырақтың ылғалдылығын жоғалтпай қопсытуға өте қолайлы екендігін айтты. “Казтехмаш” машина жасау зауыты астық жинайтын “Sampo Roseniew” комбайндарын жергілікті жерде құрастырыпты. Соның бірі – “Sampo-C-12” техникасының қуаттылығы 300 аттың күшіне тең. Жаткасының ұзындығы тоғыз метрге дейін жетеді. Бункерінің сыйымдылығы 7, 6 тонна, бағасы – 110 млн. теңге.
Қостанай облысында жұмыс істейтін “Сатурн Агро” ғылыми-өндірістік кәсіпорны астық тазалайтын кешенді жабдықтар шығаруға маманданған. “РБС-60” қондырғысының құны – 18 млн. теңге.
Түстен кейін өңір басшысы Айдарбек Сапаров ауыл шаруашылығы техникалары көрмесін аралап көріп, кейін көктемгі егіс науқанына арналған семинар-кеңеске қатысты. Ол жөнінде толығырақ газетіміздің келесі санынан оқи аласыздар.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.