Осы күнге дейін кеңес заманындағы қызыл паспортпен жүрген жеті тұрғын биыл жаңа жеке куәлікке қол жеткізді.
Елімізде 1974 жылғы үлгідегі қызыл түсті кеңес одағының паспорты қолданыстан алынғаны белгілі. Қазақстан азаматының жеке басын куәландыратын құжаттар 1994 жылы енгізілді. Ескі паспортпен жүрген адамдар бірқатар мемлекеттік қызметтерді ала алмайды, төлемдерді рәсімдеу кезінде кедергілерге тап болады. Дегенмен, тұрғындар арасында түрлі себептерге байланысты ескі төлқұжатпен жүргендер бар екен. Облыстық полиция департаменті көші-қон қызметінің мамандары мұндай адамдарды есепке алып, оларға жаңа құжат рәсімдейді.
Жуырда Петропавлдың 49 жастағы тұрғыны департамент мамандарынан көмек сұрады. Көшіқон полицейлері оның қай елдің азаматы екенін анықтады.
“Қала тұрғыны үшін жеке куәлік дайындалды, енді ол біздің мемлекетіміздің барлық қызметтерін пайдалана алады. Ескі құжаттармен жүрген солтүстікқазақстандықтарды мәселені шешуді кейінге қалдырмауға және өздерінің құқықтық мәртебесін реттеуге шақырамыз”, – дейді облыстық полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасының бастығы Талғат Әбілов.
Нұрбек БАЕКИН,
облыстық полиция департаменті ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімінің инспекторы.