Оқу-ағарту министрінің бұйрығына сәйкес 5-9 сыныптарда “Жаһандық құзыреттіліктер” курсы өтеді. Осыған орай барлық мектептерде вариативті сабақтар жүргізіле бастады.
Шынын айту керек, осы уақытқа дейін курстың мақсаттары мен міндеттерін дұрыс түсінбей келген екенбіз. Екі апта бойы “Өрлеу” БАҰО АҚ облыстық кәсіби даму институтында біліктілікті арттыру курсында болғанымызда аға оқытушы Гүлзат Кенжебекқызы оқу курсының базалық мазмұнын терең талдап, түсіндірді.
Білім алушылардың жас ерекшеліктерін ескере отырып әзірленген алты бөлімнен тұратын бағдарлама барысында құндылық бағдарларын, коммуникативтік дағдыларын, әдептілік нормалары мен мінез-құлық ұстанымдарын қалыптастыруға ықпал ететін әдіс-тәсілдерді үйрендік. Әрбір юниттің өзіндік ұстанымдары мен қажеттілігі күнделікті сабақ барысында қызу талқыланды. Ол жеке, жұптық, топпен жасалған тәжірибе жұмыстарында айқын көрінді.
Күнделікті курс жұмысынан кейін куратор “Бүгін не үйрендіңіз?”, “Сіз оны болашақта қалай пайдаланар едіңіз?”, “Әріптестеріңізге берер ұсыныстарыңыз?” деген сауалдар арқылы қызықтырып, “білсем, үйренсем” деген ынтамызды оятып отырды.
Әріптестеріміз өзара тәжірибе алмаса отырып, идеяларымен бөлісті. Көкейкесті тақырыптар мен мәселелердің шешімін талдады. Осылайша ойдағы бар білімді тереңдетіп, шыңдала түстік. Бағдарлама аясында біліктілігімізді анықтауға арналған тест, түрлі жобалар, өзіндік жұмыстарды жоғары деңгейде орындауға күш салдық. Бір сөзбен айтқанда, курс мақсатының өзектілігін жете түсіндік.
Нұржамал ТАМБЕТОВА,
Октябрь орта мектебінің мұғалімі.
Мағжан Жұмабаев ауданы.