Петропавл жоғары құрылыс-экономикалық колледжінде өткен шеберлік сағаты “Шекарасыз ас үй” деп аталды. Шараны Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының мамандары ұйымдастырды.
Студенттер 5 түрлі ұлттың тағамын дайындап, өз шеберліктерін көрсетті. Меймандар көпшілік біле бермейтін тамақ түрлерінің жасалу жолдарымен танысты.
Шеберлік сағатына қатысушылар ең алдымен, дастарқан жаюдың ерекшеліктеріне, қазақ, орыс, беларусь, неміс және армян халықтарының ұлттық тағамдарының әзірлену тәсілдеріне қанық болды. Кейін болашақ технологтар бір сағаттың ішінде дәмі тіл үйіретін тағам дайындады.
– Біз қазақ халқының дастарқанынан үзілмейтін тағамдарды әзірлеуге баса мән бердік. Оларды Қазақстанда тұрып жатқан өзге этнос өкілдері де жиі тұтынады. Бұл тамақтардың дайындалу жолдары өте оңай. Ағзаны қажетті дәрумендермен байытады. 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орайластырылған бұл шара тілі басқа болса да тілегі бір этностарды жақындастыра түсті, – дейді “Қоғамдық келісім” коммуналдық мемлекеттік мекемесінің бөлім жетекшісі Анар Қаршалова.
Колледжде технолог мамандығында оқып жатқан 3-ші курс студенті Елизавета Яминская орыс ұлтының “Бұқтырылған ет” тағамын әзірледі. Ас үйде түрлі этностың ұлттық тамағын пісіруге әбден машықтанған оның бұл өнерін қазылар алқасы жоғары бағалады.
Шеберлік сағатына жоғары құрылыс-экономикалық колледжінің 10 студенті қатысты. Әр тағамды 2 адам бірлесе дайындады.
Рабиға ЕРАЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.