Петропавлда “Домбыра – дастан” деген атаумен республикалық күй жарысы өтті. Сайыс білім беру саласының үздігі Серікбай Здуалиевті еске алу мақсатында ұйымдастырылды.
– Соңғы жылдары бұл күй бәйгесін өткізу дәстүрге айналып келеді. Өткен жылы Ақжар ауданындағы Талшық ауылында өткіздік. Осы жолы жарыстың шарттарына өзгерістер енгізілді. Үміткерлер жұп болып өнер көрсетті. Белгілі күйшілерден құралған қазылар алқасының мүшелері балалардың домбырада ойнау техникаларына, дыбыс тазалығына және сахналық мәдениетіне көңіл аударды, – дейді жобаның жетекшісі Тұңғыш Бекенайұлы.
Сайысқа домбыраның құлағында ойнайтын 22 жас қатысты. Сайдың тасындай іріктелген олар жұп-жұпқа бөлінді. Яғни бірі бастаған күйді екіншісі іліп әкетуі керек. Өнер колледжінің студенті Шырайлым Нұрлан мен ақжарлық Шахмұрат Әйткеннің көрсеткен өнері жұртшылықтың ерекше қолдауына ие болды.
Тартысты Шырайлым Нұрлан бастады. Ол сайыстың әлқиссасы ретінде “Наурыз” туындысын таңдапты. Оны Шахмұрат Әйткен жалғастырды. Екеуі де нағыз мықты екендерін көрсетті. Домбырашылар еш кідірмеді. Қазылар алқасына қос жүйріктің қайсысы жүлдеге лайық екенін анықтау қиынға соқты. Екінші айналымға ақжарлық Шахмұрат Әйткен жолдама алды.
– Домбыраны жаныма серік етіп жүргеніме 8 жыл болды. Бұл сайысқа өткен жылы да қатысқанмын. Онда жүлделі 3-ші орынға ие болдым. Биыл көп уақытымды жаңа күйлерді үйренуге жұмсадым, – дейді Шахмұрат Әйткен.
Жарыста Қызылорда, Қарағанды облыстарының өнерпаз өрендері де бақтарын сынады. Нұрмұхамед Жақанов Тәттімбет атындағы Қарағанды өнер колледжінің намысын қорғады. Ол 8 жылда 80-ге тарта күй үйренген.
Байқаудың қорытындысы бойынша бас жүлде Қызылорда облысының Сырдария ауданындағы өнер мектебінің оқушысы Дінмұхамед Алмасұлына бұйырды. “Ермек Серкебаев атындағы өнер колледжі – өнерде дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернат” кешенінің тәрбиеленушісі Мирас Кенжебаев, айыртаулық Аяжан Таттыбаева, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның намысын арқалап келген Мансұр Сүлейменов жүлделі бірінші орынды өзара бөлісті. Бір топ талапкерге екінші және үшінші дәрежелі дипломдар табысталды. Қатысушылардың барлығы бағалы сыйлыққа ие болды.
Айнұр АЗБЕК,
М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың 4-курс студенті.