«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Күмбірледі күміс күй

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Петропавлда “Домбыра – дастан” деген атаумен республи­калық күй жарысы өтті. Сайыс білім беру саласының үздігі Серікбай Здуалиевті еске алу мақсатында ұйымдастырылды.

– Соңғы жылдары бұл күй бәй­гесін өткізу дәстүрге айналып келе­ді. Өткен жылы Ақжар ауданындағы Тал­шық ауылында өткіздік. Осы жо­лы жарыстың шарттарына өзгеріс­тер енгі­зілді. Үміткерлер жұп болып өнер көрсетті. Белгілі күйшілерден құрал­ған қазылар алқасының мү­шелері ба­лалардың домбырада ой­нау техникаларына, дыбыс тазалы­ғына және сахналық мәдениетіне көңіл аударды, – дейді жобаның же­текшісі Тұңғыш Бекенайұлы.

Сайысқа домбыраның құлағында ойнайтын 22 жас қатысты. Сайдың тасындай іріктелген олар жұп-жұпқа бөлінді. Яғни бірі бастаған күйді екіншісі іліп әкетуі керек. Өнер колледжінің студенті Шырайлым Нұр­лан мен ақжарлық Шахмұрат Әйткеннің көрсеткен өнері жұртшы­лықтың ерекше қолдауына ие болды.

Тартысты Шырайлым Нұрлан бастады. Ол сайыстың әлқиссасы ре­тінде “Наурыз” туындысын таңдап­ты. Оны Шахмұрат Әйткен жалғас­тырды. Екеуі де нағыз мықты екендерін көрсетті. Домбырашылар еш кідірмеді. Қазылар алқасына қос жүй­ріктің қайсысы жүлдеге лайық екенін анықтау қиынға соқты. Екінші айналымға ақжарлық Шахмұрат Әйткен жолдама алды.

– Домбыраны жаныма серік етіп жүргеніме 8 жыл болды. Бұл сайысқа өткен жылы да қатысқанмын. Онда жүлделі 3-ші орынға ие бол­дым. Биыл көп уақытымды жаңа күй­лерді үйренуге жұмсадым, – дейді Шахмұрат Әйткен.

Жарыста Қызылорда, Қарағанды облыстарының өнерпаз өрендері де бақтарын сынады. Нұрмұхамед Жа­қа­нов Тәттімбет атындағы Қарағанды өнер колледжінің намысын қорғады. Ол 8 жылда 80-ге тарта күй үйренген.

Байқаудың қорытындысы бойын­­ша бас жүлде Қызылорда облысының Сырдария ауданындағы өнер мектебінің оқушысы Дінмұха­мед Алмасұлына бұйырды. “Ермек Сер­кебаев атындағы өнер колледжі – өнерде дарынды балаларға маман­дандырылған мектеп-интернат” кешенінің тәрбиеленушісі Мирас Кенжебаев, айыртаулық Аяжан Тат­тыбаева, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның намысын арқалап келген Мансұр Сүлейменов жүлделі бірінші орынды өзара бөлісті. Бір топ талапкерге екінші және үшінші дәрежелі дипломдар табысталды. Қатысушылардың барлығы бағалы сыйлыққа ие болды.

Айнұр АЗБЕК,

М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың 4-курс студенті.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp