«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Туған жерін әнімен әлдилеген

Диас Аяған

 esla9015@gmail.com

Жарық күннің сәулесі жерге сіңіп, қыстың салқыны сезілмейтін сәуірдің соңғы кеші самалымен жан тербердей болса керекті. Сәуірдің сұлу кешінде серуендеген жанның жүрегі ару көктемнен әлдебір шапағат күткендей ерекше толқиды. Көкірек көзі ашық көпшіліктің көңілі мұндайда жүрек күйін бірге шертісетін ән іздейді. Қызылжарда ән іздеген жұрттың құлағының құрышын қандырып, қалауынан шығатын өрелі өнер иелері аз емес. Солардың көш басында жүрген әнші Дәмеш Құрманкина өнерге шөлдеген елдің сусынын қандыру үшін облыс орталығында жеке ән кешін берді. Ақан сері атындағы облыстық филармонияда әдеттегіден өзгеше мәдени шара болып жатқанын оған ағылған өнерсүйер қауымның беталысынан-ақ көруге болатын еді.

Есімі өңірімізге белгілі әнші, “Мә­дениет саласының үздігі” төсбелгі­сінің иегері, Петропавл қаласының құрметті азаматы Дәмеш Құрманки­наның сахнада жүргеніне 30 жыл толуына орай өткен концерттің шымылдығы Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының актерлері әзірлеген театрлан­дырылған қойылыммен ашылды. Онда жазушы Ғабит Мүсіреповтің ту­ған жері Жаңажол ауылына келіп, сондағы жас өрендердің ішінен Дә­меш Құрманкинаға батасын бергені бейнеленген. Белгілі қаламгерден бата алған ол содан бері әншілікке мықтап ден қойып, өнерді өміріне өзек етіп келеді.

Өнер иесін шығармашылығының 30 жылдығымен облыс әкімінің орынбасары Сәтжан Аблалиев құт­тықтады.

– Дәмеш Құрманкинаның есімі Қызылжар жұртшылығына жақсы таныс. Сіз отыз жыл уақыт бойы өнер­сүйер көрерменді әніңізбен тер­бетіп келесіз. Осы уақытқа дейін жет­кен жетістіктеріңіз бен орындау шеберлігіңіз жас өнерпаздарға үлгі. Сізге шығармашылық табыс және жаңа жобаларыңыздың сәтті жүзеге асуын тілеймін, – дей келе Сәтжан Әйтен­ұлы Дәмеш Құрманкинаға облыс әкі­мінің Құрмет грамотасы мен мәдениет және спорт министрі Асхат Ораловтың құттықтау хатын табыстады.

“Өмірімді өлеңмен өрнектедім” атты кеште орындалған алғашқы ән Мұрат Ыбыраевтың “Аңсап келем ту­ған жер” туындысы болды. Ән мәтініндегі:

“Сайран далам, сені аңсап келемін,

Саған деген махаббатпен лаулаған”, – деген сөздер әншінің өз жүрегінің үні сияқты. Сахнада 30 жыл жүрсе де кеш иесі үнемі Қызылжар­дың көрерменін сағынып тұрады. Одан әрі кеште “Маржан қыз”, “Екі рет қоштасуға әлім келмес”, “Сәу­лем-ай”, “Жалт-жұлт еткен дүние-ай”, “Есіл бойы Қызылжар” әндері шырқалды. Осы ретте аталған сазды әуенмен шебер сүйемелдеген Сегіз сері атындағы халық аспаптар оркестрінің өнерін айтпай кетуге болмас. Дә­меш Құрманкинаның ән қоржынында Үкілі Ыбырайдан бастап Кәкімбек Са­лықов, Жоламан Тұрсынбаев, Зейнолла Әкімжанов, Шашубай Малды­баев сынды ақын, сазгерлердің туындылары бар. Бұл әндер кеш көркіне айналып, көрерменнің ықы­ласына ие болды.

Концертте Дәмеш Сапарқызы жетекшілік ететін Абай атындағы қазақ мектеп гимназиясы жанындағы Өнер орталығының жас дарындары да көрермен алдына шығуға мүмкіндік алды. Атал­ған мектептің домбырашылар ан­самблі Құрманғазының “Адайын” орындап, қобызшылар мен скрип­кашылары Жаяу Мұсаның “Ақ сиса­сына” басты. Вокал сыныбының шә­кірттері халық әнін орындаса, “За­ман-ай” театрының өрендері Абай Құнанбаевтың қарасөздерінде айтылған ғақлиялы ойларды қойылымға айналдырды. Әншінің ізін басып келе жатқан шәкірті, бірқатар ән байқауларының жеңімпазы Әминә Жанат та сахна төрінен табылды.

– Қадірлі, құрметті көрерменім. Сіздерді осы кеште көргеніме қуа­ныш­тымын. Мен әнге жақын, өнерлі отбасында дүниеге келдім. Әкем бізді айналасына отырғызып, ән ай­татын, қазақтың жыр-дастандарын оқытатын. Содан мен де өнерге, әде­биетке жақын болып өстім. Ата-анам бар ғұмырында балаларына тәлімді тәрбие беріп, өнердің құдіретін бойымызға сіңіріп кетті. Әкем, әсіресе, Ілия Жақановтың шығармашылығын жақсы көруші еді. Сондықтан да осы күні Ілия Жақанов жайлы жазылған “Ән болып жаралдың” туындысын тар­ту етпекпін, – дей келе кеш иесі жергілікті көрерменнің көңілін тамаша әнмен тербеді.

Одан әрі “Есіңде бар ма, жас кү­нің”, “Ғашық күндер”, “Қазақ елі”, “Жү­рек үні”, “Бақыт туралы ән” сынды туындылар шырқалып, кеш “Қуанышың көп болсын” әнімен тамамдалды. Қызылжар жұртшылығы әншіге құр­мет көрсетіп, қошеметін аямай, құшағын гүлге толтырды.

Диас АЯҒАН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp