Мағжан Жұмабаев аудандық пробация қызметінің маманы Ғалымжан Байбусин мемлекеттік наградамен марапатталды. Оған Мемлекет басшысының Жарлығымен “Ерлігі үшін” медалі табысталды.
Облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, әділет аға лейтенанты күнделікті профилактикалық әңгіме жүргізу үшін шартты түрде сотталғандардың біріне хабарласқан. Алайда ер адам телефон қоңырауына жауап бермепті. Оның жүрген жерін біліп отыру үшін тағылған электронды құрал да қуатының бітуіне байланысты ешқандай ақпаратты көрсетпеген.
Ғалымжан Байбусин учаскелік полиция инспекторымен бірге мән-жайды анықтау үшін үйіне іздеп барады. Алайда үйдің есігі ішінен құлыптаулы болған.
“Терезеден үйдің ішінде әлдененің өртеніп жатқанын көрдік. Өрт шыққанын түсініп, бірден әйнекті сындырып, үйге кірдік. Үй иесін төсекте ес-түссіз жатқан күйінде таптық. “Жедел жәрдем” шақырып, дереу алғашқы медициналық көмек көрсеттік. Кейін ол Булаево қаласындағы орталық аудандық ауруханаға жеткізілді”, – дейді Ғалымжан Байбусин.
Кейін белгілі болғандай, ер адам ұйықтар алдында темекі тұқылын пешке тастай салған. Пештің отын мен қағазға толып тұрғанын ұмытып кетіпті. Сөнбеген темекі тұқылынан пеш тұтанып, түтін ішке тараған.
Әділет аға лейтенанты Ғалымжан Байбусиннің қырағылығының және уақтылы көрсетілген алғашқы медициналық көмектің арқасында жазасын өтеуші тірі қалды.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.