Диас Аяған
Жеңіс күніне орай өңір басшысы Айдарбек Сапаров қалада тұрып жатқан соғыс ардагерлері – Қожатай Некібаев пен Иван Клименконың үйлеріне арнайы барып, мерекемен құттықтады. Жыл сайын қатары сиреп бара жатқан майдангерлердің бүгінде жетеуінің көзі тірі. Мерекеге орай қарт жауынгерлермен жүздескен облыс әкімі олардың ел басына күн туған сәтте халыққа қорған болғандарын айтты.
– Сіздерді Жеңіс күнімен құттықтаймын. Өздеріңіздей ержүрек жандар қиын сәтте қайсарлық пен батырлықтың үлгісін көрсетіп, бейбіт күнді жақындатуға барын салды. Кейінгі ұрпақ сіздердің алдарыңызда басын иеді. Арада қанша уақыт өтсе де еліміз бұл мерекені ерекше қарсы алуда, – деді өңір басшысы.
Майдангерлер өздерін құттықтап келген өңір басшысына алғыс айтып, елімізге бейбітшілік пен ашық аспан тіледі.
Қожатай Некібаев ұрыс даласына 17 жасында аттанған. Жауынгер Украина майданында соғысып, бірнеше қаланы азат етуге қатысықан. Венгрия үшін болған ұрыста да көзге түскен. Соғыста көрсеткен ерлігі үшін Қожатай Сейтахметұлының алған марапаты мен атағы аз емес. Бүгінде жасы жүзге жақындап қалған қария сол күндердің оқиғаларын күні кешегідей еске алады.
– Жалындаған жастық шағымды соғыста өткізіп, Венгрия мен Чехославакияға дейін бардым. Елге 1948 жылы оралдым. 1941 жылы ел шетіне жау тиеді деп ешкім күткен жоқ. Өйткені екі елдің арасында бейбітшілік жайлы келісім бар еді. Кеңес одағының халқы сол келісімді сүйеу көріп, жайбарақат өмір сүріп жатты. Соғыстың алғашқы жылдары жаудың Мәскеу түбіне дейін жеткені де содан. 1943 жылы жауынгерлер кеуделерін оққа тосып Мәскеуді қорғады. Содан кейін жауды тықсырып, ақыры жеңіске жеттік, – дейді Қожатай Некібаев.
Иван Клименко облысымыздағы Луговое ауылында туған. Майданға 1944 жылы бұрынғы Приишим аудандық әскери комиссариятынан шақыртылған. 1944-45 жылдар аралығында Қиыр Шығыс майданында 52-ші, 17-ші, 35-ші гвардиялық дивизиялардың атқышы болған.
Мейрамда майдангерлерді құттықтап келген өзге де мекемелер мен ұйым өкілдері көп болды. Облыстық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығының өнерпаздары да дәстүрден жаңылмай, ардагерлер Дмитрий Сергеев пен Валентина Волкодавтың ауласында концерт қойды. Концертке ауладағы өзге де тұрғындар жиналып, қарт жауынгерлерге құрмет көрсетті.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.